жексенбі, 16 наурыз, 2025 7:32

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

“Жамбылдың жауһар жырлары” әдеби іс-шарасы өтті

“Жамбылдың жауһар жырлары” әдеби іс-шарасы өтті
Фото - ашық дереккөз
Бұл тағылымды жиынға 5513 әскери бөлімінің сарбаздары мен мектеп оқушылары қатысып, халқымыздың дара жыршысының мұрасымен жақын танысты.

Бүгін “Даңқ” залында қазақ халқының даңқты ақыны, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туған күніне орай және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған “Жеңіске 100 күн қалғанда” акциясы аясында “Жамбылдың жауһар жырлары” атты әдеби іс-шара өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Шара алдында сарбаздар мен оқушылар Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне барып, ақын рухына тағзым етті. Олар Жамбылдың ұлы шығармаларын тыңдап, қазақ поэзиясының інжу-маржандарымен сусындап қайтты. Ақынның жырлары өткен ғасырдың қатпарлы тарихынан сыр шертіп, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болған ұлы мұраны дәріптеді.

Жамбыл Жабаев – халқының мұңын мұңдап, қуанышын жырлаған, елдің бірлігі мен ерлігін өлеңге қосқан дара тұлға. Оның шығармалары Ұлы Отан соғысы жылдарында жауынгерлерге рух беріп, патриоттық сезімдерін оятты.

Әдеби кешті Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты “Даңқ” залының меңгерушісі Демешев Құрманғазы Мыңжасарұлы жүргізді. Ол жыр алыбының өмірі мен шығармашылығы туралы кеңінен баяндап, қатысушыларға тарихи деректер ұсынды. Жамбыл – халықтың жүрегінен шыққан жыршы, оның шығармалары ғасырлар өтсе де, өзектілігін жоғалтпайды.

Шара барысында сарбаздар мен оқушылар Жамбыл Жабаевтың өлеңдерін оқып, ақынға деген құрметтерін білдірді. Олардың орындауындағы “Ленинградтық өренім”, “Өтеген батыр”, “Сұраншы батыр” сынды жырлары жиынға ерекше рух берді.

Бұл шара – тек ақынға құрмет көрсету ғана емес, жастарға рухани тәрбие беру, оларды әдебиетті сүюге, ел тарихын қастерлеуге баулу мақсатында ұйымдастырылды. Жамбылдың жырлары тек қазақ халқының емес, күллі түркі әлемінің мұрасы. Оның өлеңдері – халықтың қуанышы мен қайғысын бейнелеген шынайы шежіре.

Іс-шара соңында сарбаздар мен оқушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, осындай тағылымды кездесулердің жиі өтуі керектігін атап өтті.

“Жамбылдың жауһар жырлары” әдеби кеші жастарға жыр алыбының мұрасын кеңінен танытып, оның шығармашылығының маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті. Ақынның жауынгерлік рухтағы жырлары мен елдік ұстанымы 5513 әскери бөлімінің сарбаздарына үлкен серпін беріп, олардың бойындағы патриоттық сезімді одан әрі нығайтты.

Жамбыл жыры – мәңгілік! Оның отты өлеңдері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халықтың рухын асқақтата бермек!

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар