«Жас аналардың шыдамсыздығын көрдім». Мәжіліс депутаты отбасылық жанжалды әйел жібіту керек деп санайды
- авторjambylinfo.kz
- 13 ақпан, 2024
- 537
Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева Қазақстандағы көптеген әйелдер отбасын құруға және балаларды тәрбиелеуге дайын емес деп санайды. Дементьеваның пікірінше, қазіргі жас отбасылар мен жас аналар ұлттық құндылықтарды толық түсінбейді, деп жазады jambylinfo.kz.
Сондықтан, депутаттың пікірінше, отбасында әйел адам конфликт жағдайында ұстамды болып, ұрыс-керісті баса білу керек.
«Мен – 25 жыл білім беру саласында еңбек еткен педагогпын. Сабақ берген кезде күн сайын жас отбасыларды көретін едім. Сонда жас аналардың бала тәрбиелеуге дайын емес екенін, отбасы құндылығын толық түсінбейтінін байқадым. Мен отбасыны бірінші орынға қоятын адаммын және мұны жеке тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Көбі жасөспірім балаларда болатын қиындықты қабылдауға дайын емес болып шығады. Немесе жұбайларымен ымыраға, бала тәрбиесіндегі мәмілеге келуге дайын болмайды. Мен оларға үнемі “егер сіздер қазір менің алдымда бір-біріңізбен осылай ұрсысып тұрсаңыздар, үйіңізде, отбасыңызда қандай жағдай болып жатыр сонда? Сөйлесейік, мәселені бірге шешуге тырысайық” деп ақыл қосатынмын», – деп атап өтті Наталья Дементьева.
Сондай-ақ, халық қалаулысы жас аналар балалардың түрлі жаста болатын дағдарысына, отбасылық өмірдегі кикілжіңдерге шыдай алмайды деп ойлайды.
“Жас аналардың, жас қыздардың шыдамсыздығын көрдім. Әйелдің даналығы – ұрыс кезінде бәрін жұмсартып жеткізу. Біз – әйел отбасындағы берекені сақтайтын адамбыз. Мен ер адамдарды қорғап тұрған жоқпын. Десе де ұрысты болдырма, оны басу - әйелдің қолында”, – деп мәлімдеді ол.
Айта кетейік, депутаттың Орталық коммуникациялар қызметінде айтқан бұл сөзі қазір әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз