жұма, 27 желтоқсан, 2024 7:24

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Халықты жұмыспен қамтудың барлық тетігі қарастырылған

Халықты жұмыспен қамтудың барлық тетігі қарастырылған
Сурет: Ашық дереккөзден алынды
Мемлекеттік қолдаудың маңызды шаралары түгелдей дерлік онлайн жүйеге енгізілген

Жамбылдықтарды Жұмыспен қамту орталықтары мен Электрондық еңбек биржасы арасындағы өзара байланыспен қалалар, аудандар және ауылдардың тұрғындары онлайн режимде қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауларында еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеу бойынша пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы еңбек нарығын цифрландыру, жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын реформалау, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін басқа да ауқымды іс-шараларды қолға алуды міндеттеген еді. Бұл бағытта тиімді жүзеге асқан жобалар қатарында enbek.kz электрондық еңбек биржасын атап өтуге болады. Жұмыс іздеу және қызметкерлерді іріктеу мүмкіндіктерін ұсынатын жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң бүгінде жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер тарапынан кең қолдау тауып келеді.

Бүкіл республика бойынша бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы ақпарат күн сайын әр түрлі дереккөздерден жаңартылып отырады. Мәселен, Enbek.kz электронды биржасында көрсетілген соңғы деректер бойынша облысымызда бос жұмыс орындар саны 4,5 мыңнан асқан. Оның ішінде, Тараз қаласы жалпы көрсеткіштің 3/1-ін құрайды. Ал, аудандар бөлінісі бойынша көш басында облыс орталығына жақын орналасқан Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандары мен шалғайдағы Шу ауданы жайғасқан.

Бұл ретте, елімізде еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде жұмыс іздеуші жастарға арналып «Қоғамдық жұмыстар», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» сияқты мемлекеттік бағдарламалар қарастырылған.

Электрондық еңбек биржасы – мемлекеттік жұмыспен қамту орталықтарынан да, жеке агенттіктерден де, онлайн алаңдардан да бос жұмыс орындары мен түйіндемелерді жинақтайтын еліміздегі алғашқы цифрлық алаң. Онлайн платформа 2017 жылы қазан айында Астана, Алматы, Павлодар және Шымкент қалаларының Жұмыспен қамту орталықтарында пилоттық жоба ретінде, ал 2018 жылдың қаңтарынан бастап бүкіл Қазақстан бойынша іске қосылды. Осылайша, электрондық еңбек биржасы еңбек нарығының негізгі қатысушыларын біріктіре алды.

Тамыз айының қорытындысына жүгінсек, enbek.kz электрондық еңбек биржасында 131,8 мың бос жұмыс орны және 129 мың түйіндеме орналастырылған. Осылайша, алдыңғы аймен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 26 пайызға өсіп, түйіндеме саны үш пайызға қысқарған. Жаңа оқу жылының басталуы есебінен білім беру саласындағы жоғары білікті кадрларға сұраныс арта түскен. Нәтижесінде ел аумағында жалпы және орта білім беру ұйымдарынан 15 мыңнан астам бос жұмыс орны орналастырылып, математика, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері, бастауыш сынып мұғалімдері мен тәрбиешілер сұранысқа ие мамандықтардың қатарына кірді. Сонымен қатар, орта білікті мамандарға сұраныс 10 пайызға өссе, біліктілігі жоқ маман үшін бұл көрсеткіш төрт пайызға дейін қысқарған. Шілде айымен салыстырғанда Солтүстік Қазақстан облысын қоспағанда, барлық өңірлерде бос жұмыс орындарының саны өскен. Бұл бойынша бір айдағы ең жоғарғы өсім 98 пайыздық көрсеткішпен Алматы облысында тіркелсе, екінші орынға 84 пайыздық көрсеткішпен Жамбыл облысы тұрақтаған. Соның есебінен облысымызда 3,2 мыңға бос жұмыс орындары шоғырланған. Ал, бос жұмыс орындарының жалпы саны бойынша халық тығыз орналасқан Астана, Алматы қалалары мен өнеркәсіп жақсы дамыған Қарағанды облысы көш бастайды.

Бос жұмыс орындарының жалпы өсуіне қарамастан, фермерлерге, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс және көлік жұмысшыларына сұраныстың төмендеуі байқалған. Тиісінше ұсыныс берушілер тарапынан ауыл шаруашылығы жұмысшылары мен өндірістік сектор операторларының түйіндемелер саны да азайған. Ал, біліктілік бойынша орта білікті жұмысшылар ең жоғары сұранысқа ие екендігі анық.

Электронды еңбек биржасы арқылы тамыз айында жұмыс берушілер бас құрылысшы, қосымшаларды әзірлеуші және қаржы директоры секілді лауазымдарға орташа жалақының ең жоғары деңгейін ұсынған. Ал, жұмыс берушілер тарапынан ең жоғары жалақылы өтінім қаржы директоры мен IT-бөлімшелердің басшысы және мұнай-газ секторы сорғы станциясының машинисі лауазымдарына келіп түскен. Жұмыс іздеуші азаматтар көрсеткен түйіндемелерде аталған жұмыс түрлеріне 950 000 – 1 000 000 теңге аралығында жалақы алғысы келетіндігін көрсеткен.

Аталған платформада жұмыссыз ретінде тіркелу үшін онлайн-мүмкіндіктер жан-жақты қамтылған. Өтініш беруші ретінде электрондық цифрлық қолтаңба арқылы адам үш күн ішінде автоматты түрде жұмыссыз мәртебесін алады. Содан кейін ол жұмыспен қамтуды қолдау бойынша мемлекеттік шараларды өзі таңдайды. Жұмыс тәжірибесі жоқ түлектер уақытша жұмыс орындарына жіберілуі мүмкін. Цифрлық жүйе азаматтарды мамандық таңдаған сәттен бастап жұмыс берушімен еңбек шартын ресімдегенге дейін сүйемелдейді. Цифрландырудың игіліктері мұнымен шектелмейді. Аталған платформа бүгінде азаматтарды жұмысқа орналастыруға қатысты өзге де процесстерді жеңілдетті. Ендігі жерде қағаз жинаудың қажетінсіз-ақ жеке іс автоматты түрде жасалады. Электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі жұмыс берушіге қызметкердің білімі және еңбек өтілі туралы толық және сенімді ақпарат алуға көмектеседі. Ол үшін кәсіпкер-жұмыс беруші кәсіпорын туралы деректерді еnbek.kz порталында тіркейді және растайды, содан кейін авторизациядан өтіп, «Еңбек шарты» батырмасын басады. Қалқымалы терезеде қызметкер туралы ақпарат енгізілген соң, портал толтыру үшін автоматты түрде элементтерді жасайды. Осыдан кейін жүйе деректерді өңдеп, мемлекеттік органдарда тіркеу туралы ақпаратты сұрата отырып, қызметкердің жеке ісін цифрлық форматта жасақтайды. Мұнан соң, портал шаблонға сәйкес дайын еңбек шартының макетін жасайды. Қажет болса, оған өзгерістер енгізуге болады.

Электрондық еңбек биржасының сервисін «e-gov mobile» мобильді қосымшасында да пайдалануға болады. Мұнда барлық процесс жылдам және ыңғайлы жүзеге асады.

Сонымен бірге, электронды еңбек биржасында жұмыс іздеушілерге арналған түрлі онлайн сабақтар мен дағдыларды шыңдайтын курстар топтастырылған. Мұндай бастама «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мен Influencers әлеуметтік-білім беру платформасы арасындағы жасалған ынтымақтастық туралы келісім аясында жүзеге асқан. Жаңа серіктестік аясында Influencers әзірлеген бейнематериалдар мен оқыту бағдарламалары Skills Enbek бөлімінде қолжетімділікке ие болды. Skills Enbek жалпы ел халқының білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «өмір бойы оқу» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған.  

Жұмыспен қамту орталықтары мен Электрондық еңбек биржасы арасындағы өзара байланыспен қалалар, аудандар және ауылдардың тұрғындары онлайн режимде қамтамасыз етіледі. Биржа порталы еліміздегі еңбек нарығындағы жағдай туралы ақпараттармен сұранысқа ие кәсіптер туралы шолулар, жаңа кәсіпорындарда жұмыс орындарының құрылуы және кәсіптер түрлері бойынша еңбекақы мөлшері жайлы мәліметтермен тұрақты толықтырылып отырады.

– Жұмыс берушілердің және жұмыс іздеушілердің жұмыспен қамту орталықтарына деген сенім деңгейін арттыру мақсатында 2018 жылғы қазаннан бастап жұмыспен қамтитын жеке агенттіктердің аутсорсинг қызметі енгізілді. Бұл жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру арналарын кеңейтті. Электрондық еңбек биржасында біліктілік талаптарына сай келетін жұмыспен қамту орталығы мен жеке агенттік арасында аутсорсинг туралы келісімшарт жасалады. Жеке агенттіктер жұмысқа орналасуға халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тіркелген және аутсорсингке келісім берген жұмыссыздарды жібереді. Бұдан басқа, жоба шеңберінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты формализациялау бойынша ұсыныстар әзірленді. «SABER» халықаралық әдістемесі бойынша қысқа мерзімді оқыту қызметтерін ұсынатын орталықтардың жұмысына бағалау жүргізіліп, жұмыссыз тұрғындарға сапалы білім беретін оқу орталықтары анықталды. Бұдан өзге ел аумағында «Digital Agent» қосымшасы арқылы кері байланыс және проблемаларды шешу механизмі іске асырылуда. Бұл қызметті алушылар нақты уақыт режимінде мемлекеттік жұмыспен қамту орталықтарының қызмет көрсету сапасын бағалай алады, – дейді облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов.

Басқарма басшысының айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандарды арнайы оңалту құралдарымен және арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету жұмыстары бүгінгі таңда «Әлеуметтік қызметтер порталы ақпараттық жүйесі» арқылы автоматтандырылған түрде жүзеге асырылуда. Жалпы, әлеуметтік қызметтер порталы мүгедектігі бар адамдарға тікелей жеткізушілерден оңалту құралдары мен қызметтерін дербес сатып алу мүмкіндігін беретін автоматтандырылған жүйе. Яғни, осы арқылы мүгедектігі бар адамдар өзінің жеке оңалту бағдарламасында көрсетілген оңалту құралдары мен қызмет түрлерін электронды форматта дербес өзі қалаған өнім берушіден ерікті түрде таңдай алады.

Өткен жылы басқармаға қарасты 12 медициналық-әлеуметтік мекемелерде 1 291 адамға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілген. Атап айтсақ, 3 стационар жағдайындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында 755 мүгедектігі бар адамға, 9 жартылай стационар жағдайында мүгедектігі бар адамдарды және балаларды оңалту мен бейімдеу орталықтарында 536 азаматқа қызметтер ұсынылған. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл басынан бері де өз деңгейінде жалғасын тауып, бірінші жартыжылдықта 1 202 адамға қызмет көрсетілген.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар