«Тәуелсіздік ұрпақтары» – 2025: Аида Балаева жеңімпаздарды марапаттады
- авторСадуақас Айсұлу
- Бүгін, 15:10
- 61
Астанада биылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Елдің әр өңірінен бизнес, ғылым, мәдениет, медиа, ақпараттық технологиялар және волонтерлік бағыттағы 30 үздік жоба иесі бас қосты. Әр жеңімпазға 3 миллион теңге көлемінде грант сертификаты табысталды.
Жеңімпаздарды Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтады. Ол жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ел дамуының алдағы бағытын айқындап, жаңа кезеңнің стратегиялық міндеттерін нақтылап берді. Қазіргі қабылданып жатқан шешімдер мен жүзеге асып жатқан реформалар жастарға сапалы білім алып, өз әлеуетін толық іске асыруға, бәсекеге қабілетті, саналы азамат болып қалыптасуына мүмкіндік береді. Сондықтан бұл тарихи кезең – тек өзгерістер уақыты ғана емес, болашаққа деген сенімді нығайтатын, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды дәуір деп айтуға толық негіз бар», – деп атап өтті вице-министр.
Сондай-ақ вице-министр жастарды қолдауға бағытталған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы, жас қаламгерлерге арналған Президенттің арнайы әдеби сыйлығы, журналистерге арналған «Үркер» және «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы туралы да айтты.
Айта кетейік, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты Мемлекет басшысының бастамасымен 2021 жылы құрылған. Осы уақытқа дейін грант 123 қазақстандық жастың жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Биыл конкурсқа 6 бағыт бойынша 1700 өтінім түсіп, оның 1622-сі қабылданған. Жобалар мәдени мұра мен ұлттық дәстүрлерді насихаттауға, ғылымды дамытуға, IT, волонтерлік және креативті бизнес салаларын қамтиды.
Ұқсас жаңалықтар
Абай атындағы опера және балет театры Сингапурде өнер көрсетеді
- авторСадуақас Айсұлу
- 20 қаңтар, 2026





