дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 2:10

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ауылды дамыту — маңызды міндет

Ауылды дамыту — маңызды міндет
ашық дереккөзі
Ауылды дамыту — маңызды міндет
Мемлекеттік қолдаудың арқасында жыл санап өңіріміздегі әрбір елді мекеннің еңсесі тіктеліп, түтіні түзу ұшып, тұрғындарының тұрмысы жақсара түсуде. Қай ауылда болмасын тіршіліктің қазаны бүлк-бүлк қайнап, өрелі де өркенді істер өрнегін тауып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар, жарқын жобалар аясында сәні кіріп, салтанаты тасыған ауылдардың бірі – Ақтоған. Көрсе көз томайтын сұлу табиғатымен, бай тарихымен, қойнауы қазынаға толы шұрайлы жерімен ерекшеленіп тұратын Меркі ауданының Ақтоған ауылында үлгі боларлықтай игі істер көп. Тәуелсіздікпен бірге түлеп, жыл өткен сайын тотыдай таранып, сұңқардай сылана түскен ажарлы да базарлы ауыл Ақтоғанның кешегісі мен бүгіні салыстыруға мүлдем келмейді. Тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелер оң шешімін тауып, кем-кетігі бүтінделіп, жоқ-жітігі түгенделген. Нәтижесінде халықтың да еңсесі көтеріліп, баянды болашақ үшін тынбай еңбек етуде. Бүгінгі таңда округке қарасты Ақтоған және Қазақ-Дихан ауылдарында 3 488 халық тұрмыс кешуде. Ақтоған ауылдық округінің әкімі Данияр Абдіразақтың айтуынша, елді мекен тұрғындары ежелден шаруашылыққа бейім. Осы орайда Данияр Ақылбекұлы «Ауыл аманаты» жобасы тұрғындардың шаруасын одан әрмен шалқытуға үлкен мүмкіндіктер бергенін айтады. Мәселен, жемісі мол жобаның бірінші бағыты аясында 183 аула үй іргесіндегі 23 гектар жерді тиімді пайдалануды жоспарлап отыр екен. Несие алған тұрғындар бақшаларында көкөніс, жеміс-жидек егіп, аудан, артылып жатса, облыс нарығын жергілікті өніммен қамтамасыз етпек ниетте. Округ әкімі қазіргі таңда қажетті сумен қамтамасыз ету үшін тұрғындармен және шаруа қожалық жетекшілерімен ұңғыма қазу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады. Сондай-ақ жобаның өсімдікшаруашылығын дамыту бағыты бойынша несие алуға ниет білдірген 258 тұрғынның құжаты «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тапсырылыпты. Қазірге дейін 240 азаматтың өтінімі мақұлданған. – Тұрғындардың кәсіп бастап, табыс тайқазанын тасытуына үлкен ықпал еткен «Ауыл аманаты» жобасы аясында «Ақтоған – 2023» өндірістік кооперативі құрылды. «Жұмақұл» шаруа қожалығының басшысы Ақтанбек Жұмақұлұлы кооператив төрағасы болып тағайындалды. Кооператив алдағы уақытта егін егумен және мал бордақылаумен айналысады. Төртінші бағыт бойынша тозығы жеткен ауылшаруашылық техникаларын жаңарту жоспарлануда. Осы мақсатта 12 техникаға өтінім беріліп, 44 миллион теңгеге жаңа 2 трактор сатып алынды. Сонымен қатар бесінші бағыт шеңберінде 1 ауыл тұрғыны жеке кәсібін ашуға ниет білдіруде. Осылайша жоба аясында тиісті жұмыстардың барлығы өз деңгейінде атқарылуда. Округ бойынша жалпы жердің көлемі – 12639,9 гектар. 5779,9 гектар егістік жер толығымен игерілуде. Жыл сайын ауданда егістік алқабы ұлғайып келеді. Сондықтан өнім көлемін ұлғайтудың барлық мүмкіндіктері қарастырылуда. Осы орайда ауылшаруашылық техникасы паркін жаңартудың маңызы жоғары екені айтпаса да белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында ауылшаруашылық саласындағы тозығы жеткен техникаларды жыл сайын 8-10 пайызға жаңартып отыру қажеттігін айтты. Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес өткен жылы 7 шаруа қожалық 141 миллион теңгеге 7 жаңа трактор, 2 комбайн, 1 дәнсепкіш, 3 соқа, 1 шөп тайлағыш сатып алды. Техника жаңарту жұмыстары биыл да қарқынды жалғасады. Айта кетейін, ауылдық округ көлемінде «Тілеміс батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен 85 шаруа қожалық, 272 жеке кәсіпкер тіркелген. Сондай-ақ ауылшаруашылық саласына мемлекеттік қолдау көлемі артқан сайын мал саны да көбеюде. 2023 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша мүйізді ірі қара саны 4 836-ға, қой мен ешкі 41 495-ке, жылқы 2 134-ке, құс саны 7 947-ге жетті. 8,1 тонна қой еті «Мерке ет» комбинатына өткізілді. Ауылшаруашылық саласының қос қанатының бірі саналатын егіншаруашылығына да айрықша екпін беріліп, жер емген диқандар ел ризығын еселеуде. Бүгінгі таңда облысымызда ғана емес, елімізде жыл санап су тапшылығы өзекті мәселеге айналғаны белгілі. Округ бойынша 3 негізгі канал болса, 1 канал «Қазсушар» мекемесінің теңгерімінде, екі канал аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімінің теңгеріміне өтті. Арықтар саны – 4. Барлық каналдар ман арықтар уақытылы тазалануда, – деген Данияр Ақылбекұлы келесі кезекте «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Жоба аясында өткен жылы Ақтоған ауылындағы Алтынсарин, Мырзатай, Ақтікен және Қазақ-Дихан ауылындағы Маликасан көшелеріне орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толығымен аяқталыпты. Сонымен қатар Мырзатай, Абай, Ақтікен, Амангелді, Дәбесінов, Керімбай көшелерін жарықтандыру мәселесі шешілген. Округ әкімінің сөзіне сүйенсек, Ақтоған ауылы бойынша 550 түтін (97,3 пайыз), Қазақ-Дихан ауылында 77 түтін (93,9 пайыз) табиғи газдың игілігін көруде. Сол секілді Ақтоған ауылында ауызсумен 530 түтін (93,8 пайыз), Қазақ-Дихан ауылында 78 түтін (95 пайыз) қамтылған. Қазақ-Дихан ауылына 2020 жылы ауызсу жүйесіне толықтай құрылыс жұмыстары жүргізілген. Ақтоған ауылының ауызсу жүйесінің құбырлары 2024 жылы толығымен ауыстырылатын болады. Молшылық пен құт қонған Ақтоған ауылындағы жүйелі жұмыстар жан жадыратады. Жыл бойы атқарылатын жұмыс аз емес. Мемлекет басшысының Жолдауында артылған сенімнің үдесінен шығуда ауыл тұрғындары да тынымсыз еңбек ете береді.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар