сенбі, 23 қараша, 2024 6:38

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қордайдағы ұлтаралық жанжалға байланысты сот тыңдауы басталды

Қордайдағы ұлтаралық жанжалға байланысты сот тыңдауы басталды
ашық дереккөзі
Қордайдағы ұлтаралық жанжалға байланысты сот тыңдауы басталды

Тараз қаласында Қордайдағы қазақтар мен этникалық дүнгендер арасындағы ұлтаралық жанжалға байланысты сот тыңдауы басталды. Процесс қаладағы СИ-13 тергеу изоляторында өтіп жатыр.

Іс бойынша 50-ден астам адам айыпталушы ретінде танылған. Бұлар - Жамбыл облысы, Қордай ауданына қарасты Қарасай батыр, Қаракемер, Масанчи, Сортөбе ауылдарының 66-93 жылғы тұрғындары. Басым көпшілігінің отбасы, бала-шағасы бар.

Процеске Қордай ауданынан жеті жәбірленуші келген (толық саны әлі айтылмады). Жалпы іс 344 томнан құралған.

Ақпарат бойынша, 51 күдіктіге - "Жаппай тәртіпсіздік" (272-бап), "Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" (287-бап), "Қорқытып алу" (194-бап), "Қарақшылық" (192-бап) бойынша айыптар тағылған. 51 айыпталушыны 60 адвокат қорғап отыр. Төрт прокурор қатысып жатыр.

Қордайдағы жанжалға байланысты сот тыңдауы. Тараз, 3 желтоқсан 2020 жыл.
Қордайдағы жанжалға байланысты сот тыңдауы. Тараз, 3 желтоқсан 2020 жыл.

Айыпталушының бірі сот тыңдауы кезінде "осы уақытқа дейін қосымша қорғаушы берілмегенін, медициналық көмекке зәру (жүрек ауырады) екенін" айтты.

Істі судья Айдар Замбаев жүргізіп жатыр. Журналистерге сот тыңдауына онлайн қатысуға рұқсат берілген. Ақпарат құралдары сот залына бес-он минут қана кіргізіліп, кейін тек онлайн бақылады. Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, "қауіпсіздік мақсатында адвокаттар, журналистер, прокурорлардан ПТР-тест алынған".

Сот тыңдауы өтіп жатқан кезде сот ғимаратының алдына бір топ желтоқсаншы жиналып, процестің ашық өтуін талап етті. Олардың айтуынша, кейбір айыпталушылардың туыстары процеске кіре алмаған.

Іште сот өтіп жатқан кезде ғимарат сыртына бір топ желтоқсаншы жиналып, процестің ашық өтуін талап етті. Тараз, 3 желтоқсан 2020 жыл.
Іште сот өтіп жатқан кезде ғимарат сыртына бір топ желтоқсаншы жиналып, процестің ашық өтуін талап етті. Тараз, 3 желтоқсан 2020 жыл.

Биыл 7 ақпанда түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасында қақтығыс болған. Оқиға кезінде 11 адам қаза тапқан. Жанжалдан соң 120-дан астам қылмыстық іс қозғалып, 50-ден астам адамға айып тағылған.

Қыркүйек айында Қордайдағы жанжалға байланысты 7 адамның соты бөлек өтіп, үшеуі 5-7 жыл аралығында түрме жазасын алған еді. Жақында қалған төртеуінің жазасы жұмсартылып, түрме жазасы шартты жазамен ауыстырылды. Оларға "Жаппай тәртіпсіздік" және "Ұрлық" баптары бойынша айып тағылған.

Прокуратураның мәліметінше, Қордайдағы ұлтаралық жанжал кезінде 164 үй мен сауда орны, 100 көлік қираған. 342 адам жәбірленуші деп танылған. 400-ден астам экспертиза жүргізіліп, мың жарымнан астам адам сұралған.

Қордайдағы жанжал кезінде негізінен этникалық дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдары көп зардап шеккен.

Ресми мәлімет бойынша, жанжалға Сартөбе ауылындағы қазақтар мен дүнгендер арасындағы кикілжің себеп болған. Тергеу органдары дерегінше, ұлты дүнген Марат Юнху жолға шығып, ауладан ағасы мінген жүк көлігін шығару үшін басқа көліктерді тоқтатқан. Дәл осы кезде 78 жастағы қазақ Төлеген Құдашбаевты балалары көлікпен дәрігерге апара жатқан. Осы кезде екі жақ жолға таласып, төбелесіп қалған. Соның салдарынан көліктегі екі адамның зардап шеккені хабарланған. Кейін сот Марат Юнхуды 2,6 жылға соттаған. Ал оның әкесі Эрсман Юнхудың бас бостандығын 2,6 жылға шектеген.

Қордайдағы жанжалдан соң Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бастаған бірнеше шенеунік және полиция департаментінің басшысы қызметтен кетті. Оның орнына сол кезде премьер-министрдің орынбасары болған Бердібек Сапарбаев тағайындалды.​

29 сәуірде Алматыдағы тергеу изоляторында ұлтаралық жанжалға байланысты ұсталған Бекбол Кибаев қайтыс болды. Прокуратура осы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған. Оқиғаның басқа жайттары белгісіз.​

   
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар