Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы бүгінгі жаңа жағдай, қазіргідей талап пен міндет нақтылана түсіп отырған келелі кезеңде кім-кімнің болсын санасына жеткілікті жетек болды деп түсінемін. Жолдауда көптеген мәселе орынды көтерілген. Тек оған халық болып «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» дегендей, жұмыла қолдау танытып, қуаттай білуіміз керек. Біз, қай-қайсымыз болсын: «Иә, Жолдауды оқыдық. Енді бұл қалай жүзеге асар екен?» дегендей бойкүйездік танытпастан, оған жаңаша көзқараспен өзімізден бастап ондағы атап көрсетілген өзекті мәселелерді жүзеге асыруға сүбелі үлес қоса білуіміз керек. Өйткені Президент бүкіл халық болып атқарылуға тиіс өміршең мәселелердің басын біріктіріп, бізге ұсынып отырған жоқ па?! Мәселен, Жолдаудағы «Қолжетімді әрі сапалы білім» деп аталатын бөлімінде балалар үйірмесінің қызметін қайта қалпына келтіру жөнінде айта келіп: «Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді» дегенді айтады. Олай болса, сол бастапқы негізді балалардың бойына сіңіре білетін маманның өзі бұл жауапкершілікті терең сезіне білетіндей озық ойлы, биік дәрежелі білім иесі болуға тиіс. Ол ізденістің адамы, жаңашыл бастаманы бірінші болып өзі көтеретіндей сауатты, еңбекшіл, отаншыл азамат болуы керек. Міне, Президент осыны жүктеп, талап етіп отыр. Осы тұста Мемлекет басшысының «Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?! Әкімдердің жұмысын осы өлшем бойынша да бағалаймыз» деген сөзін біз таза жүрегімізбен, нақты қабылдауымыз керек. Бұл айтылған текті сөздің негізіне лайықты сапалы жұмыс атқарып, Президент тапсырмасына үлкен іскерлікпен жауап беруіміз қажет. Жолдау орындалуымен құнды. Жолдауға қатысты ой-пікірімді «Ұлттық болмыс» атты бөлімде келтірілген кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс және темірдей тәртіп пен жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек деген тұжырымдармен ұштастыра отырып аяқтағанды жөн көріп отырмын. Бұл бөлімде әділдік, адалдық, ұқыптылық пен тиянақтылық туралы айтылған сөздердің өміршеңдік қасиетін Президентіміздің жоғары бағалап отырғанын біз де жете ұғынып, өзіміздің өмірлік берік ұстанымымызға айналдыруға тиіспіз.
Райкүл ОМАРОВА, ардагер ұстаз
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз