Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады
- авторМағжан Орынбасар
- 25 қазан, 2024
- 232
Президент қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Құрметті отандастар!Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстанның егеменді ел екенін әйгілейтін ұлық мейрам – сан ғасырлық тарихы бар мемлекеттілігіміздің қайта жаңғыруының символы. Ұлттық мереке халқымызды мызғымас құндылықтар төңірегіне тоғыстырып, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта түсуге ықпал етеді. Біз берекелі бірлік пен ырысты ынтымақтың арқасында аса күрделі сын-қатерлерді еңсеріп, ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып келеміз. Қоғамдағы заң мен тәртіп, азаматтардың еңбекқорлығы мен кәсіби біліктілігі қазіргі реформалардың берік тірегіне әрі қозғаушы күшіне айналды. Біз болашаққа нық сеніммен қарап, Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасай береміз. Еліміздің ертеңі қандай болатыны әрбір отандасымызға байланысты екені анық. Азаматтарымыз осы қастерлі жауапкершілікті терең түсініп, мемлекеттігімізді нығайтуға өз үлесін қосады деп сенемін. Сіздерге зор денсаулық, толайым табыс және бақ-береке тілеймін!,- делінген хабарламада.