Қазақстан көшпенділер ойындарында жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды
- авторМағжан Орынбасар
- 13 қыркүйек, 2024
- 359
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы 44 алтын, 33 күміс, 37 қола медальмен жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының соңғы жарыс күні отандастарымыз ел қоржынына 12 алтын, 9 күміс, 10 қола жүлде сыйлады. Осылайша жалпы есепте Қазақстан 44 алтын, 33 күміс, 37 (114) қола жүлдемен командалық есепте топ жарды.
Ал Қырғызстан құрамасы 18 алтын, 21 күміс, 25 (64) қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте екінші орынға ие болды.
Ал үздік үшінші орынды Өзбекстан құрамасы қанжығасына байлады. Олардың еншісінде 11 алтын, 12 күміс, 11 (34) қола медаль бар.
Төртінші орынға 11 алтын, 10 күміс, 25 қола медаль жеңіп алған Ресей құрамасы иелік етсе, бестікті 2 алтын, 2 күміс, 2 қола медальмен Түркия құрамасы түйіндеді.
8 қыркүйек күні алауы тұтанған додаға 89 елден 2 430-ға жуық спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салды.
89 елдің 33-і 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының медаліне қол жеткізді. Оның ішінде 18 мемлекет алтын жүлде жеңіп алса, 16 мемлекеттің қоржынында күміс, 28 мемлекеттің қоржыны қола медаль бар.