Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараздағы бірқатар нысанды аралап, ондағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Ең алдымен аймақ басшысы шаһардағы демалыс орындарының бірі Арбатқа ат басын тіреді. 3 бөліктен тұратын демалыс орнындағы құрылыс жұмыстары әлі жүруде. Жобалаушылардың идеясы бойынша «Арбат» жаяу жүргіншілер жолы «Көне Тараз» кешені мен Қарахан баба кесенесін байланыстырмақ. Онда жалпы ауданы 2,5 гектарды құрайтын аумақта ұзындығы 320 метрлік сазды субұрқақ іске қосылады. Жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң бағасын берген Бердібек Сапарбаев бұл жермен өтетін жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін ойластыруды тапсырды. Өйткені екі жерден кесіп өтетін көлік жолы апат тудыруы мүмкін. Нысанға облыс әкімімен бірге келген Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиев көліктердің жолын басқа жаққа бұру мүмкін еместігін жеткізді. Арбат ішін екі жерден су арнасы да кесіп өтеді. Бірақ олардың қазіргі жағдайы облыс әкімінің көңілінен шықпады. Осы жермен серуендеп жүретін тұрғындар қоқыс тастап, әбден көркін қашырған. – Мына жердің тазалығын сақтауды жақын маңдағы кафеге тапсыру керек. Қоқысты көбіне соған келген тұтынушылар тастайды емес пе? Оның үстіне бұл жерде судың ағынын күшейтуді қарастыру керек, – дейді Бердібек Сапарбаев. Бұрынғы перинатальдық орталық орнында инфекциялық аурухана жұмысын бастауы тиіс. Онда қазір қайта жабдықтау жұмыстары қарқынды жүруде. Жоспар бойынша 3 блоктан тұратын нысан 200 төсек орынға шақталған. Мердігерлердің айтуынша, тамыз айының басында басталған жұмыстың негізгі бөлігі аяқталған, тек әрлеу, жұмыстары ғана қалып тұр. Блоктарды өзі аралап шыққан Бердібек Сапарбаев ішкі бөлмелерді жоспарлағанда санитарлық талаптарды ұмытпау керектігін ескертті. Емделушілерге жайлы жағдай жасалуы керектігіне мән берді. – Мұндағы жылу жүйелерін толықтай ауыстырамыз. Бұрынғы шойын батареялардың орнына пластик, биметалды материалдардан жасалған жүйе болады. 40 адам жұмыс істеп жатыр. Кафель төсеушілер жетіспейді. Қазір 7 адам осымен айналысады. Негізі 15 жұмысшы болса, жұмыс тезірек жүретін еді, – дейді «Талас-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің учаске басшысы Самат Ақатаев. – Қандай мәселе болмасын, 1 қазанға дейін аурухана дайын болуы керек!, – деп тапсырды Бердібек Сапарбаев. Мердігер мекеме өкілдері еш кедергі болмаса, белгіленген мерзімнен бұрын жұмыстарды аяқтауға ниетті екенін білдірді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметіjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Жамбыл жерінен – Нұр-Сұлтан төріне!
Ұқсас жаңалықтар
Валюта ауырбастау пункттерінде доллар нешеден саудаланып жатыр
- авторjambylinfo.kz
- 23 желтоқсан, 2024
«Заң және тәртіп»: Жуалыда прокурорлар жастармен кездесу өткізді
- авторjambylinfo.kz
- 20 желтоқсан, 2024