«Қазақ халқына мың алғыс»: Таразда жаңа монумент ел игілігіне тапсырылды
- авторjambylinfo.kz
- 23 қыркүйек, 2020
- 789
Бүгін Тараз қаласында «Қазақ халқына мың алғыс» монументі ашылды. Еліміздегі түрлі ұлт пен ұлыстың қазақ еліне деген кіршіксіз ризашылығы пен ақеділ шынайы алғысының символикалық көрінісі іспетті бой түзеген нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.
Ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген Бердібек Машбекұлы монумент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы аясында бой көтергенін атап өтті.
–Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында көпұлтты елімізде халықтар достығы, бірлік, татулық пен тұрақтылық салтанат құруда. Әрине 29 жыл тарих үшін қас-қағым сәт Дегенмен еліміз осы уақыт аралығында толайым табыстарға, үлкен жетістіктерге жетті. Еліміздің ең маңызды жетістіктерінің бірі көпұлтты қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтау болып табылады. Тарихи тұрғыда солай қалыптасқан еді. Біз миллиондаған қоныс аударушыны қабылдап, аштық пен соғысқа қарамастан олармен барымызбен бөлістік. Бүгінде олардың ұрпақтары Қазақстанды өздерінің туған үйлері, өз Отанымыз деп санайды.
Біздің басты байлығымыз – елдегі тыныштық пен тұрақтылық. Шүкір, еліміз егемендік алғалы бейбіт өмір сүрудің өнегесін көрсетіп келеді. Татулық пен бейбітшілікті, қоғамдық тұрақтылықты нығайту мақсатында қыруар жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі ашылған «Қазақ еліне мың алғыс» монументі де осы сөзіміздің айғағы. Осыдан екі жыл бұрын Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздегі барлық облыс орталықтарында «Қазақ еліне мың алғыс» монументін салу туралы тапсырма берген болатын. Монумент – барлық ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген ризашылығының белгісі.
Егемен елдің бірлігін көздің қарашығындай сақтау – сіз бен біздің қасиетті парызымыз. Әрбір қазақстандық қасиетті парызымызды мүлтіксіз атқарып, бойтұмардай қорғап, сақтай білейік,– деген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев монумент құрылысын жүргізген серіктестікке үлкен ризашылығын жеткізді.
Ал «Днепро» украин этномәдени бірлестігінің төрағасы Федор Клименко барша этностардың атынан қазақ халқына алғысын білдірді. Сонымен қатар М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі Парида Иманжанқызы сөз сөйлеп, монументтің тағылымы теңдесіз екенін жеткізді.
Монумент құрылысын «Темір-Байлық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Биіктігі 30 метр нысанның құрылысына 158 миллион теңге қаржы жұмсалған.
Мұнан кейін облыс әкімі Б.Машбекұлы құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, ел игілігіне берілген «Арбат-1» демалыс орнын аралап көрді. «Темір-Байлық» серіктестігінің бригадирі Еркін Седелханның айтуынша құрылыс жұмыстары үш айға созылған. Екі жүзге жуық қала тұрғыны жұмыспен қамтылған. Демалыс орнында құрғақ және ұзындығы 20 метрге жететін билейтін, түрлі-түсті субұрқақтар орналасқан. Одан бөлек мұнда қала тұрғындарының тынығып, бос уақытын тиімді өткізіп, алаңсыз демалуы үшін барлық жағдай жасалған.
Біз сөзге тартып көрген қала тұрғындары да демалыс орнында жанға жайлының бәрі бар екенін айтып, облыс әкімдігіне алғысын жаудырып жатты.
Талғат НҰРХАНОВ
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз