жексенбі, 24 қараша, 2024 19:28

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Азаматтық қоғамның жаршысы – кәсіподақ

Азаматтық қоғамның жаршысы – кәсіподақ
ашық дереккөзі
Азаматтық қоғамның жаршысы – кәсіподақ

Еліміздегі заңды өкілеттілігіне сай белсенді қызмет атқарып жатқан үлкенді-кішілі аса маңызды заманауи қоғамдық институттардың саны жүздеп, мыңдап саналады. Жалпы үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың мемлекетіміздің өсіп, өркендеуіне қосып келе жатқан үлесі қомақты. Өйткені олар қоғамның барлық саласын қамти отырып, игілігі мол түрлі жобаларды іске асырып келеді. Соның ішінде тарихы тереңде жатқан, әрі кеңінен танылған кәсіподақ ұйымдарының мемлекет пен қоғам өмірінде алатын орны мен атқаратын қызметі өте ауқымды.

Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының таяуда өткен ХХVI съезінде құрылымның алдағы бес жылға арналған стратегиялық жоспары таныстырылып, жаңа жағдайдағы ауқымды міндеттер бекітілді. Съезд делегаттары бұл құжаттың жыл басынан бері 23 салалық және 17 аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде, сондай-ақ 17 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымдарында талқыланып, әбден сүзгіден өткеніне, еңбек және еңбек адамының құндылықтарын тиянақтауда оң әсер қалдыратынына ерекше мән берді. Съезд Қазақстан тарихында алғаш рет онлайн форматта өтті.

Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесінде күн тәртібіндегі мәселелер кеңінен талқыланды. Ауызбіршілікпен атқарылған жұмыстың берекесін көпшілік жақсы сезінді. Біздің өңірден облысымыздағы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Шахтыбай Байғанов, «ЖамбылРемСервис» ЖШС-ның бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Жұманова, Тараз қаласындағы №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Светлана Керімбаева және өзгелер қатысып, кәсіподақ ұйымының тарихында соны із қалған сәттерге куә болдық.

Шын мәнінде кәсіподақ ұйымының қызметіндегі еңбек адамының құқы мен мүддесін қорғау, лайықты еңбек жалақысымен қамтамасыз ету, еңбек қауіпсіздігін сақтауға қатысты ұтымды ұсыныстар айтылып, билік пен халық арасындағы өзара қолдау мен түсіністік сипаты белгілі деңгейде жаңа мазмұнға ие болды.

1 қыркүйекте Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жария еткені белгілі. Аталған Жолдаудың өзегі – ел дамуы және әділетті қоғам қағидасын қалыптастыру және оның құндылықтарын қастерлеу. Бұл қоғамдық саяси және өміршең әлеуметтік ұғымдар еліміздің ертеңіне деген сенімін еселей түсті.

Ал, келесі күні Қазақстан кәсіподақтары Федерациясының кезекті ХХVI съезі өтті. Сол жолы республикалық алқалы жиынның қатысушыларын Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтап, ыстық ықыласын жолдады. Бұл сөз жоқ, құрамында 2 миллионнан астам мүшесі бар Кәсіподақтар Федерациясының беделін көтерді.

Мемлекет Басшысының «Кәсіподақтар – еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында мәртебелі миссия атқаратын аса маңызды заманауи қоғамдық институттың бірі», деп атап көрсетуі еңбекті және еңбек адамын қоғамның негізгі құндылығы ретінде дәріптейтін кәсіподақтарға ерекше міндеттер жүктелетінін аңғартты.

Осы съезде бірауыздан қабылданған стратегиялық іс-қимыл жоспары әлемде болып жатқан өзгерістерге орай тиімді жасалған қадамдар деп білеміз. Бүгінгі кәсіподақ – Қазақстандағы азаматтық қоғамның басты белгісі деп баға беруге лайық. Себебі кәсіподақ ұйымдарының нақты іс-әрекеттері қоғам дамуына, ел экономикасының артуына қызмет етеді.

Тегінде қоғам байлығы – еңбек адамы десек, әділеттіліктің салтанат құруы қоғамның дамуына басты кепіл бола алады. Сол себепті де Қазақстан кәсіподақтар Федерациясы «Әділдік пен даму – бірлікте» деп аталатын тұғырнаманы төрге оздырып отыр. Кәсіподақ ұйымдары әлеуметтік әріптестікті жаңа сипатта жүргізуді ұсынады. Еңбек адамы мен оның өмірлік тіршілігіне қажетті және жұмыс берушімен ортақ мәселені шешу үшін әрдайым бірлік, кәсіби шеберлік және өз ісіне деген адалдық қажет деп санайды.

Съезде Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясының төрағасы лауазымына белгілі тұлға, кәсіподақтың көшбасшылық қызметінде өзін жоғары кәсіби іскерлігімен, терең білімімен танылған азамат Сатыбалды Дәулеталин сайланды. Кәсіподақтар әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық үшін қызмет етуде алда қандай өзекті мәселелерді тиісті деңгейде шешу қажеттілігіне назар аударды. Бұдан бөлек Үкіметпен, жұмыс берушілер бірлестігі және жұмыскерлер мүддесін қорғайтын республикалық кәсіподақтар бірлестігі арасында қол қойылатын Бас келісім аясында бірқатар тың ұсыныстар енгізіп отыр.

Қазіргі жаһандық жағдайда туындаған сауалдардың түп-төркіні мен себеп-салдарына байланысты әлеуметтік-экономикалық қатынастардың жаңа формаларын іздеуде жұмыскерлердің заңды мүдделерін тиімді қорғаудың маңызы зор. Мемлекеттің экономикалық саясатының басты бағыты бүгінгідей дағдарыс жағдайында еңбек нарығын дамыту мен халықтың тиімді жұмыспен қамтылуын көздейді.

Түйіндеп айтсақ, күрделі міндеттерді сезіне отырып, қоғамдық ауызбіршілік пен ұйымшылдық, саяси тұрақтылық біздің еліміздің дамуына негізгі тірек болатынын көрсетті. Бұл – біздің халқымыздың өзекті, бағалы құндылықтары деп білеміз.

Съезд делегаттары жалақы мен әлеуметтік кепілдіктер жұмысшыға экономикалық тәуелсіздік, отбасын асырауға, мәдени және адамгершілік тұрғыдан дамуға, кәсіби және шығармашылық әлеуетті жетілдіру мен іске асыруға мүмкіндік беретін лайықты еңбектің негізгі элементтері болып табылатындығын атап көрсетті.

Әлеуметтік саясат барлық уақытта да жұрт назарында тұратын болғандықтан аса маңызды. Біз ыңғайы мен реті келгенде, ылғи да кәсіподақ ұйымдарының ел өмірінде болып жатқан өзгерістер мен ортақ тірліктерден тыс қалмайтынын, әрдайым көмек қолын созатынын айтып жүрміз. Биыл көктемнен бастап жер жүзін індет жайлап, адамзат өміріне қауіп-қатер төндіргенде кәсіподақ ұйымдарының мүшелері өз халқымен бірге болды. Бірге жүріп, бірлесе күресті. Бір-біріне жәрдем берді. Ал, бірлік болған жерде береке бар. Бұл бүгінгі күннің ақиқаты.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы,

облыстық мәслихаттың депутаты

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар