Дәрі бар, бірақ тіркелмеген: Асхат Аймағамбетов фармациядағы былықты жайып салды
- авторБақытжан Бекболат
- 4 маусым, 2025
- 339

Сөзін Асхат Аймағамбетов қарапайым, бірақ жүрекке ауыр тиетін мысалмен бастады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
— Қадірлі әріптестер, сөзім жетімді болу үшін нақты бір адамның қарапайым мысалынан бастайын. Раушан есімді азаматша 42 жаста. Оның өмірі баяу сөніп барады. Ем жоқтығынан емес, емге шипа болатын дәрі Ұлттық дәрілік формулярда тіркелмегендіктен. Бұл формуляр жеті жылдан бері жаңартылмаған. Емдеу хаттамасына енгізілмегендіктен, тіпті сатып алайын десе де, елде рұқсат етілген тізімде жоқ ол дәрі. Оның өмір үшін күресі – бюрократиямен күрес. Тағы қаншама осындай Раушандар біздің көмегімізді күтіп отыр.
Бүгінгі талқылауымыздың өзегі – осы. Бұл әңгіме: баласына дәрі іздеп сандалған ананың өмірі туралы; бағасы удай қымбат болғандықтан дәрісін ала алмаған зейнеткер туралы; ескірген емдеу хаттамаларымен жұмыс істеуге мәжбүр дәрігерлердің тірлігі туралы; отандық препараттардың жетіспеушілігі мен дәрілердің қымбат бағасы туралы, деді Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов фармацевтикалық жүйедегі кемшіліктерді де атап өтті.
—Дәрі-дәрмекке қолжетімділік.
Дәрі-дәрмектер дәріханаларда сатылуы үшін олар алдымен НАЦЭЛС-тің сараптамасынан, кейін тіркеуден өтуі тиіс. Аудит не көрсетті?
Норматив бойынша тіркеу мерзімі – 210 күн. Алайда біреулер үшін бұл мерзім 1275 күнге созылған, ал бұрынғы қызметкерлер үшін бар болғаны 25 күнде рәсімделген. 154 өтінім бойынша сараптама процедураларын бұзу фактілері анықталған.
Жалпы НАЦЭЛС – нағыз «саяхатшылар клубы» сияқты: оның қызметкерлері дәрілерді тізімге енгізу үшін зауыттарды көру сылтауымен шетелге сапар шегуде. Әрине, барлық жол шығындары фармацевтикалық компаниялар есебінен. Бірақ бұл сапарлардың нақты нәтижесі түсініксіз.
Иә, дәріні тіркеу үшін өте күрделі бюрократиялық рәсімдерден өту қажет. Бірақ дәл осы қиындықтар тек ірі фармацевтикалық компаниялар мен қымбат дәрілерге ғана тиімді. Нәтижесінде арзан, бірақ науқастар үшін аса қажет дәрілер тіркелмей қалады. Өйткені олар үшін ешкім жүгірмейді, қызығушылық жоқ.
Мысалы, Қазақстанда ішілетін пенициллин түрі тіркелмеген. Неге? Өйткені ол арзан, ешкім өтінім бермейді. Салдарынан дәрігерлер бірден кең спектрлі антибиотиктерді тағайындауға мәжбүр, - деді мәжіліс депутаты.