сенбі, 28 желтоқсан, 2024 17:31

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Көше атауын қазақшалауда кілтипан көп

Көше атауын қазақшалауда кілтипан көп
ашық дереккөзі
Көше атауын қазақшалауда кілтипан көп

Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуықтаса да өңірімізде әлі күнге дейін атауы қазақшаланбаған елді мекендер мен көшелер жетерлік. Мәселен Тараз қаласында Мусорское, Плеханов, Тепловозная секілді көше атаулары көптеп кездеседі. Осы секілді қаланың қай бұрышына барсаң да Макаров, Декабристов, Песчанная, Курчатов, Дзержинский, Целиноградская, Южная, Кутузов секілді атаулардан көз сүрінеді. Біз Плеханов көшесінің бірді-екілі тұрғынынан оның кім екенін сұрап көргенімізде ешбірі жөнді мағлұмат бере алмады. Тек өзін Манас Жұбаниязов деп таныстырған жігіт ағасы ғана білгенімен бөлісті.

– Плеханов деп отырғанымыз – Георгий Валентинович Плеханов. Ол Ленинмен замандас болған революционер, Карл Маркстің ізін жалғастырушы адам. Ресейдің өзі Ленин, Сталин, Карл Маркс деген тұлғаларын идеологиялық тұрғыда жаратпай тастағанда, біздің оларға әлі де құрмет көрсетіп отыруымыз түсініксіз. Бір кездері осы Плеханов көшесі Тастандиев болып ауыстырылған. Сол кезде іштей қуанғанбыз. Бірақ, арада көп уақыт өтпей, Плеханов есімі көшемізге қайта оралып, Тастандиев атауы сол маңдағы басқа бір көшеге берілді. Плеханов атауына қайта оралмай-ақ, тиісті орындар сол кезде, бұл көшеге неге қазаққа еңбегі сіңген бір тұлғаның есімін бермеген, – дейді ол. Негізінен, Таразда осы тектес Игорь Васильевич Курчатов деген орыс ғалымының атында көше бар. Курчатов бүкіл адамзатқа ортақ, жақсы қырынан танылған тұлға болса бір жөн. Шын мәнінде ол Семей өңіріндегі жылдар бойы қазаққа қасірет шектіріп келе жатқан ядролық полигонда атом бомбасын сынақтан өткізуге басшылық жасаған адам. КСРО дәуірінің идеологиясы нәтижесінде кісі үйінің маңдайшасына қонжиған осы тектес есімдердің құрметтелуі қисынға келмейді. Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Қазақ ұлтына, қазақ қоғамына, қазақ мемлекетіне еш қатысы жоқ, тіпті, ұлтымызға қарсы жұмыс істеген адамдардың есімін және басқа да орысша атауларды санадан сызуға сауатымыз жетпей тұрған жоқ. Мәселе мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға құлқымыздың жоқтығында. «Мырзажан» деп кезінде қазақ қадір тұтқан Мирзояннның қуғын-сүргін нәубетінде ұлт зиялыларын қынадай қыруға белсене ат салысқанын тарих түбі растады. Бұрын зиялы қауым өкілдері осыны тиісті орынға қайта-қайта айтып, жазып жүріп оның есімімен аталатын Тараз қаласындағы көше атауы Сейілхан Аққозиев есіміне осыдан бес жыл бұрын ауыстырылғаны есімізде. Сол секілді қазаққа қасірет әкелген және ұлтымызға еш пайдасы болмаған көлденең көк аттының есімі осы күнге дейін әр көше, әр үйде жарқырап тұруы және мағынасы жоқ атаулардың қазақшаланбауы санаға сыймайды. Көше атауына қатысты айта берсек сын көп. Мәселен Таразда бір көшеге Ғазиз Байтасовтың есімі берілгеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Бірақ осы көшедегі бір тұрғын үйдің аншлагында Герцен деп жазылып тұр. Кейбір көшедегі аншлагта атау латын қарпінде жазылған. Осы жайттарды біз мәселе етіп көтеріп, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасына бас сұқтық. Ондағы ономастикалық жұмыс бөлімінің бас маманы Ақтолқын Исқалиева көшелерді жаппай қазақшалауға осыдан 5 жыл бұрын әкімшілік-аумақтық бірліктерге, яғни облыс, аудан, қала, ауыл және көшелер мен нысандарға атау беру және атауларды өзгерту шараларының тоқтатылуы кедергі болғанын айтады. Тек ішінара аталған мораторий уақытша алынған сәттерде ғана мағынасы ескірген, бірнеше мәрте қайталанатын және атаусыз тұрған көше, елді мекендерді қазақшалап үлгеріпті. Бұл жыл аяғына дейін жалғасқанымен, келер жылдың басында атау беру, өзгерту қайта тоқтатылады екен. – Өңірде ресми тіркелген 5 мың 303 көше бар. Оның ішінде 52-сі атаусыз тұрса, 99 көше атауының мағынасы ескірген. 75 көшенің атауы бір елді мекенде екі-үш мәрте қайталанады. Мұндай көшелердің бәріне бірден жаңа атау беру мүмкін емес. Себебі бұл Үкіметтің №138, 281 Қаулылары негізінде жүзеге асырылады. Ондағы басты талап – атауларға тарихи тұлғалар мен ұлт зиялыларының, елге белгілі мемлекет қайраткерлерінің есімін ғана беру. Бұдан бөлек көше, елді мекендерге дәстүрлі және жер-су атауымен атау қарастырылған. Оның өзінде біз алдымен тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Олар кейде келіспей жатады. Мұндай жағдай уақыт создырады. Келісімін бергені облыстық мәслихаттың қарауына ұсынылып, олардың сүзгісінен өткен құжат республикаға жолданады. Ол жақ бекітіп бергені, облыстық мәслихат тарапынан шыққан нақты шешім арқылы жаңартылып отырады. Жалпы, ауыл қала демей кез келген мектеп, балабақша мәдениет үйі секілді нысандар мен облыстық маңызы бар қалалардағы көшелерге атау беру, өзгерту тек республикалық ономастикалық комиссияның бекітуімен ғана жүзеге асады. Ел іші болған соң кейбір тұрғын жаңа атауды алып тастап, ескісін немесе қате жазылған латын қаріпіндегі аншлагты іліп қоятын сәттер болды. Мұндай жағдай анықталғанда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, дұрыс нұсқасын ілдіріп жүрміз, – деді Ақтолқын Камокқызы. Тараз қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаеваның айтуынша, облыс орталығында 1 мың 388 көше бар екен. Оның 1048-нің атауы мемлекеттік тілде. Осы көшелердің 546-сы кісі есімімен, 181-і жер-су, 321-і дәстүрлі атаумен аталады. 340 орысша атаудың 211-і кісі есімімен, қалғаны дәстүрлі атауларға ие. – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында қаладағы 25 көшенің атын ауыстыруға ғана рұқсат берілді. 2017 жылы мағынасы жоқ 360 көшенің атын өзгерту жұмыстарын жүргіздік. Әр тұрғынмен үйме-үй жолығып, келісімін алудың арқасында 200 көшенің атауы жаңарды. Одан кейінгі жылы «Көлтоған» тұрғын алқабының «Шаңырақ» ықшамауданындағы 18 көшеге атау берілді. Осы істі атқару барысында бір тұрғынды мақтап, тағы бірінің арқасынан қақсақ та көңілін аулап, келісімін алуға қол жеткіздік. Себебі бұл идеологиялық тұрғыдан қайшылық тудырмайтын республикалық ономастикалық комиссия тарапынан ұсынылған «Шаттық», «Балқарағай», «Ақдидар» секілді атаулар. Көңіл күйі болмай тұрған бір тұрғын осының ішінде біз ұсынған атауды ұнатпаса, әуреге түсеміз. Өйткені, жоқ дегенде тұрғындардың 70 пайызы келісімін бермей, іс бітпейді. Одан бөлек біз көптеген тарихи және облыстан шыққан маңызды тұлғалардың да есімін республикалық ономастикалық комиссияға бекіттіріп алдық. Биыл Тараз қаласындағы бірқатар саяжай, тұрғын алқаптарға қатысты 14 бұрылысты қосқанда, барлығы 105 жаңа көшеге атау беру жобасын жасап, республикаға жолдадық. Бұдан бөлек атауы жоқ және қайта аталатын көшелер үшін ұсынылатын 100-ге тарта тарихи тұлғаның, 50-ден астам жер-су атауы, 234 дәстүрлі атау дайын тұр. Мысалы республика бекітіп бергеннен кейін сіз айтып отырған Кутузов көшесі Райымбек батыр, Дзержинский көшесі Атамұра деп атала бастайды. Негізінен мағынасы ескірген және қайталанатын атаулар Жамбыл, Байзақ аудандарындағы саяжайлар қалаға қосылғанда көбейді. Былтырға дейін аншлагқа тапсырыс беру, оны ілдіру жұмыстарын Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жүргізіп келді. Олардан бұл істі жүзеге асыруды мемлекеттік тапсырыс арқылы бір мердігер ұтып алатын. Содан аншлагты жасатып, көшедегі тұрғын үйлердің біріне ілсе, біріне ілмей істі шала-шарпы атқаратын. Осындай кемшілікті түзетумен айналысу бізді жылдар бойы жүйкелетті. Ғазиз Байтасов көшесіндегі ескі атау кезінде шала атқарылған жұмыстың көрінісі деп ойлаймын. Ал егер бір тұрғын немесе кәсіпкерлік нысан иесі аншлагты латын тілінде жазуды ұйғарса, оның құқы бар. Біз тек оның қате жазылмауын қадағалаймыз. Аншлагқа тікелей жауапты болғандықтан, оған тапсырыс беру, ілдіру жұмыстарын атқару біздің құзырымызға енді ғана өтті. Алда тағы да мораторий жарияланып не басқалай кедергі болып қалмаса, Тараз қаласындағы мағынасы жоқ ескі атауларды жаңалауды үш жылдың төңірегінде аяқтау жоспарымызда тұр, – дейді Бақыт Тілегенқызы. Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының өңірдегі мағынасы жоқ көшелердің санын 99 деп көрсетуі күмәнділеу сияқты. Шындап келгенде мұндай мағынасы жоқ, идеологиялық тұрғыдан ескірген көше аттарын бір ғана Тараз қаласынан табуға болады. Дегенмен, біртіндеп болса да көше атаулары өзгертіліп жатқаны көңілге жұбаныш. Жауаптылардың сөзіне сенсек, ескі атаулардан құтылатын күн жақын. Жалпы ескіні жаңарту – уақыт талабы. Одан бөлек, мемлекеттік тілге деген құрмет мемлекет деңгейінде жүргізілуі керек. Ал оның еліміздегі нақты көрінісіне кез келген елді мекендегі аншлаг дәлел бола алатыны анық.

  Нұрым Сырғабаев
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар