жұма, 17 мамыр, 2024 15:05

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыныз

Байланыс

«Қол алысып, көрісумен ғана шектелмейді». Амал күнінде қазақ тағы қандай салт-дәстүрді ұстанған?

«Қол алысып, көрісумен ғана шектелмейді». Амал күнінде қазақ тағы қандай салт-дәстүрді ұстанған?
Коллаж: jambylinfo.kz
Бүгін 14 наурыз – Көрісу күні.  Бұл күнді Амал мерекесі деп те атайды.  Наурыз мерекесінің бастауы, жаңа жылдың басы ретінде тойланатын Көрісу күні — Қазақстанның батыс өңірінде сақталған қазақтың ежелгі дәстүрі, деп жазады jambylinfo.kz.

Бұл мереке — күн мен түннің теңелген тұсында, қыстың бейнеті мен қиындығынан аман-есен шығып, халықтың Наурыз мерекесі алдында мәре-сәре болатын күн. Үлкен кіші бір-біріне, сәлем беріп, көрісіп, "жас құтты болсын" деп амандасып, кәде-сыйларын тапсырады. Ал "Жас құтты болсын" деген не сөз? Этнограф ғалым Досымбек Қатранұлының айтуынша, бұл - көшпелілердің туған күн тойламайтынын анықтап отыр. Бәрі жасына жас қосқандықтан, осы күні ғана "жас құтты болсын" деген тілекті айтады.  

Бұл күн қол алысып, көрісумен ғана өлшенбейді. Адамдар арасындағы бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, жақын адамдар бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көрісу — ағайын мен туыс арасындағы байланысты бекітетін, жаңа жылда, жаңа күнде, жаңа өмір бастауға ниет етеді.

Көрісу күні қайдан шыққан?

Бұл мереке туралы ғалымдар пікірі әрқилы. Нақты факт жоқ. Көрісу күнін зерттеп, зерделеп жүрген ғалымдардың кейбірі бұл күнді географиялық ерекшеліктермен байланыстырса, кейбірі Наурыз мейрамының алғашқы мерекесі деп қабылдайды. Ал кейбір ғалымдар бұл дәстүрдің шығу төркінін күнтізбенің ауысуымен байланыстырады. Дегенмен оның шығу төркіні тереңде жатқаны талас тудырмайды. Көрісу күні негізінен, Батыс Қазақстан аумағында тойланады. Бұл осы өңірдің бүгінге дейін мал шаруашылығымен айналысып келуімен тығыз байланысты. Себебі үскірік аязды алты ай қыстан мал-жанның аман-есен шығуы киіз үйде тұратын жұртшылық үшін қиын болғаны анық. Содан қар еріп, жер жіби бастағанда шеті мен шегі жоқ далада тарыдай шашылған халық туған-туысын, жақын-жуығын іздеп, бір-бірімен көрісетін болған. Яғни, бұл күн — көктемге аман-сау жеткен халықтың тілек айтып, бір-бірімен қауышатын күні. Сондай-ақ, 14 наурыз — ескі күнтізбе бойынша наурыздың алғашқы күні.

Жамбылдықтар Көрісу күні, Амал мерекесі туралы не дейді?!

Жамбыл облысында бұл мереке кең көлемде тойланбайды. Бірақ соңғы жылдары халық бір-бірін Көрісу күнімен құттықтауды дәстүрге айналдыра бастағаны қуантады.  Бұған қала тұрғындары арасында жүргізген сауалнама барысында көз жеткіздік.

«Көрісу күні, Амал мерекесі туралы мұнда біле бастадық қой. Иә, бұл мереке батыс өңірінде кең көлемде тойланады. Бұл мерекенің тәрбиелік мәні де зор деп айтар едім. Себебі, біздің халық «Үлкенге құрмет, кішіге іздет» деген. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін амандасып, жүрекжарды  тілегін білдір еді. Сол себепті,  Көрісу күні, Амал мерекесі  біздің аймақта да жалпыхалықтық мерекеге айналса деймін», - дейді зейнеткер Алтынай Сапарғалиева.

Студент Алдияр Қуанышұлының айтуынша, оның отбасы соңғы жылдары бұл мейрамды тойлайтын болған.

«Көрісу күні маған ерекше ұнайды. Соңғы жылдары отбасымыз бұл күні елеусіз қалдырмайды. Таңертеңнен бастап, бір-бірімізді құттықтап, жылы тілектерімізді айтып, мәре-сәре боламыз. Шынында Амал мерекесі қатал қыстың аяқталып, жаймашуақ көктемнің келгенін айғақтайды. Бүгін ауа-райы тамаша. Көктем келді. Бәріңізді жаңа жастарыңызбен құттықтаймын!», - дейді ол.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар