Қ.Тоқаев: Цифрландыру арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттырамыз
- авторjambylinfo.kz
- 6 қаңтар, 2024
- 253
Техника ғасыры атанған бүгінгі уақытта көптеген қажетті қызметтерді электронды түрде алу арқылы біріншіден, уақытты үнемдесек, екіншіден, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің жолы жабылып келеді. Жасыратыны жоқ, бұдан бұрын қарапайым ғана анықтама алу үшін де әкімдіктің алдында ұзын сонар кезекті күтіп, жұмысын тездетіп бітіріп беру үшін сыйлық ұсынатын кездер болған. Қазір көптеген мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ ұялы телефоннан алып, жұмыстарыңды да жеделдетіп тындыруға мүмкіндік кеңейді.
Сондай жетістіктің бірі – тұрғындар үшін геопорталдың ашық картасына 160 және қызмет бабында пайдалану үшін геопорталдың электрондық кезекші картасына 367 картографиялық деректердің әзірленгені. Бүгінде өңірлік геоақпараттық жүйенің дайындығы 100 пайызды құрайды. Жергілікті атқарушы органдардың геопорталдарына қойылатын бірыңғай талаптарға сай барлық базалық ГИС- қабаттар енгізілген.
– Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетімен Геопортал ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынау нәтижелері бойынша тыңдаудан өтті. Нәтижесінде оң қорытындылы сынақ актісі алынып, өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді. Ақпараттық жүйелермен және мемлекеттік деректер қорымен интеграция жұмыстарын жүргізуде.
Өңірлік геоақпараттық жүйе алаңында іске асырылатын жобаларға тоқтала кетейін. Жамбыл облысының жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасына арналған модульді атап айтсақ болады. Жастарға берілетін ең жоғары сомасы 15 миллион теңгеге дейін берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесі – 5 пайыз. Бастапқы жарнасы да 5 пайыз. Несие беру мерзімі 19 жылға дейін. Бағдарлама бойынша 2022 жылы 737 өтінім қабылданды. 93 қатысушыға «Отбасы банкке» жолдама берілді. Бүгінгі күнге 41 қатысушының өтінімі мақұлданып, баспаналы болды. 2023 жылға 677 өтінім қабылданды. 226 қатысушыға «Отбасы банкке» жолдама берілді. 14 қатысушы баспана іздестіруде, ал 125 қатысушы өз баспанасына ие болды. Екіншісі – сайлау учаскесін ЖСН арқылы анықтау онлайн- сервисі. 2022 жылдың 20 қарашасында өткен «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы» және 2023 жылғы 19 наурызда өткен «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауында» іске асырылды. Сайлаушы тізімде анықталмаған жағдайда Жамбыл облысының бірыңғай коммуналдық диспетчерлік қызметі (Jambyl 109), Тараз қаласы және аудан әкімдіктерінің call-орталықтарына хабарласа алады. Ақпарат Геопорталда орналастырылған. Сонымен қатар, сәулет және қала құрылысы саласына қатысты 6 мемлекеттік қызмет және жер қатынастары саласы бойынша 7 мемлекеттік қызмет, жалпы 13 мемлекеттік қызмет автоматтандырылып, енгізілді. Сәулет, қала құрылысындағы 6 қызмет мыналар – эскизді (эскиздік жобаны) келісуден өткізу, құрылыс және реконструкция (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) жобаларын әзірлеу кезінде бастапқы материалдарды ұсыну, Қазақстан Республикасының аумағында жылжымайтын мүлік объектілерінің мекенжайын нақтылау туралы анықтама беру, объектілерді кейіннен кәдеге жарату (ғимараттар мен құрылыстарды бұзу) жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізуге рұқсат беру, ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салу және олардың орналасатын жерін айқындау туралы шешім беру, ғимаратты ғибадат үйлері етіп қайта бейіндеу (функционалдық мақсатын өзгерту) туралы шешім беру. Ал, жер қатынастарындағы 7 қызметке келсек, олар – жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекiту, жер учаскесін жеке меншікке ақысын бірден төлеп не бөліп төлеу арқылы сату, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру, сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды алу, іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскесін пайдалануға рұқсат беру, жер учаскелерінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау, бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобасын келісу және беру, – дейді облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабеков.
Руслан Москауұлының айтуынша, өңірлік геоақпараттық жүйе алаңында Тараз қаласының табиғи монополиялар субъектілері көрсететін қызметтерді автоматтандыру мақсатында енгізілген модуль де бар. Сол секілді жер телімдерін электрондық түрде беру процесі де жүзеге асырылады. Заңнамаға сәйкес, жер учаскелерін электронды түрде беру кезінде өңірлік геоақпараттық жүйе Электронды үкімет порталымен және Бірыңғай Мемлекеттік Жылжымайтын мүлік кадастры ақпараттық жүйелерімен интеграцияланды. Осыған байланысты өңірлік геоақпараттық жүйе жергілікті атқарушы органға келіп түскен өтініштерді қарастыру жүйесі болып табылады. Өтініш беруші eGov.kz арқылы өтінімді беріп, мемлекеттік органдар өз құзыретінде қарастырып, жауапты электронды түрде береді. 2023 жылы 5 сәуірде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойып, 2 қызметті электрондық түрде көрсету күшіне енді. Оның біріншісі – республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегінде жер учаскесіне құқықтар алу болса, екіншісі – еркін жер учаскесін сауда-саттыққа (аукционға) шығару туралы ұсыныс берген кезде жер учаскелерін сату бойынша сауда- с аттықты (аукциондарды) неме с е жер учаскелерін электрондық түрде жалға алу құқығын ұйымдастыру және өткізу жолымен жер учаскесіне құқықтарды сатып алу.
«Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы шеңберінде табиғи монополиялар субъектілерінің халыққа және бизнеске ұсынатын цифрлық қызметтерді енгізу де қарастырылған. «Тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық» модулін енгізу арқылы Геопортал алаңында бірінші кезеңде Тараз қаласы бойынша 13 қызметті автоматтандыру жоспарланыпты. Алайда, табиғи монополиялар субъектілерінің қызметкерлерімен және мердігермен жүргізілген зерделеу жұмыстары аясында 15 қызметті автоматтандыру мүмкіндігі анықталған. Жоғарыда көрсетілген жобаны іске асыру мақсатында 50 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініп, жобаны іске асыру жоспарына сәйкес, қызметтердің автоматтандыру жұмыстары аяқталған. Биыл жыл соңына дейін автоматтандырылған қызметтердің санын 50-ге дейін, 2025 жылы 100 және 2026 жылы қызметтердің санын 150-ге дейін жеткізу жоспарлануда.
Цифрландырылған қызметтер тұрғындарға қолжетімді болуы үшін мобильді байланыс сапасының жоғары болуы маңызды. Айта кетейік, өткен жылы қаңтардан бастап мобильді байланыс сапасына тексеру жұмыстары жүргізіліп, Өңіраралық байланыс инспекциясы тарапынан мобильді операторларға 51 миллион 750 мың теңге айыппұл салыныпты.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз