Бердібек Сапарбаев дауыс берді

41

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында өз таңдауын жасады. Аймақ басшысы Тараз қаласындағы №35 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Кіре берісте дәрігерлер дене қызуын өлшеп, қолдарын антисептикпен шайды. Бетпердесіз кіруге қатаң тыйым салынды. Жұбайымен бірге дауыс беріп, бюллетеньді жәшікке тастаған аймақ басшысы сондағы түрлі партиялар байқаушыларының жұмыс жағдайлары туралы сұрады. Сондай-ақ, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

— Әр адамның дауысы маңызды және елдің қай бағытта жүретіні соған байланысты. Мен барлық жамбылдықтарды сайлау құқығын пайдалануға, қоғамдық және саяси процестерден қалыс қалмауға шақырамын. Сайлау учаскелері сайлау комиссиялары мен тәуелсіз байқаушылардың жұмысына керек барлық қажеттілікпен жабдықталған. Дауыс беру құпиясы мен таңдау еркіндігі қатаң сақталады, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Сайлау тыныш, бірқалыпты өтуде. Облыс аумағында 492 сайлау учаскесі құрылған, олар барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, таңғы сағат жетіден жұмыстарын бастады. Облыс бойынша сағат 12:00-ге дейін​ сайлауға келушілер көрсеткіші 32,1 пайызды құрады.