сейсенбі, 17 маусым, 2025 18:34

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Өсу векторы өзгерді: Қазақстан экономикасында шикізаттан тыс секторлар алға шықты

Өсу векторы өзгерді: Қазақстан экономикасында шикізаттан тыс секторлар алға шықты
Ұлттық статистика бюросының алдын ала мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар–сәуір айларында Қазақстан экономикасы 6%-ға өсті. Бұл көрсеткіш қаңтар–наурыз аралығындағы өсімнен (5,6%) жоғары, әрі 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе дерлік артық (3,4%).

Соңғы үш ай қатарынан өсім қарқыны үдеп келеді: қаңтарда — 3,8%, екі ай қорытындысында — 5,4%, үш айда — 5,6%. Бұған тауар өндірісінің нығаюы мен қызмет көрсету саласының кеңеюі бірдей ықпал еткен, деп хабарлайды Jambylinfo.kz ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Нақты сектор: өнеркәсіп пен құрылыс – негізгі қозғаушы күштер
Тауар өндіру көлемі 7,5%-ға артып, экономиканың басты тірегіне айналды.
Өнеркәсіп өндірісі 6,4%-ға көбейді, оның ішінде өңдеуші өнеркәсіп 7,2%-ға өсті.
Күнбағыс майы, ұн, қант, күріш, табиғи уран, бензин, дизель отыны, бетон, тыңайтқыштар, болат, шойын, жалпақ прокат, жүк вагондары, дизель және теміржол локомотивтері сияқты өнімдер өндірісі артты.

Кен өндіру өнеркәсібі де қарқын алып, 7,1%-ға жетті (бірінші тоқсанда — 6,1%). Бұл мұнай (8,8%), көмір (11,2%) және металл кендерін (1,4%) өндірудің ұлғаюымен байланысты.

Құрылыс саласы айтарлықтай үлес қосты
Құрылыс жұмыстарының көлемі 16,2%-ға ұлғайды, 4,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (өсім — 6,8%).
Негізгі жобалар қатарында: Маңғыстаудағы тұщыту зауыты, Қостанайдағы KIA зауыты, Түркістан облысындағы «Састөбе» химия зауыты, Павлодардағы Ертіс өзені үстімен өтетін көпір, Жамбыл облысындағы биофармацевтикалық және сода зауыттары, сондай-ақ мектептер, инженерлік инфрақұрылым, жолдар мен тұрғын үйлер бар.

Қызмет көрсету саласы: сауда мен көлік қарқынын үдетті
Қызмет көрсету көлемі 5,3%-ға артты. Оның ішінде сауда 7%-ға, ал көлік саласы 22,4%-ға өсті.
Бұл – логистиканың қалпына келуі мен жүк тасымалының көбеюінің нәтижесі.
Көлік саласындағы өсім, негізінен, теміржолмен жүк тасымалы көлемінің ұлғаюымен байланысты. Бұл қызмет түрінің саладағы үлесі — 20,5%. Елдегі жүк айналымының 65%-ын «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қамтамасыз етіп отыр. 2025 жылдың алғашқы төрт айында КТЖ-ның нетто жүк айналымы 92,1 млрд тонна-шақырымға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,8%-ға артты.

Ал, КТЖ желісі бойынша жүк тасымалы 4,5%-ға өсіп, 85 млн тоннаға жетті. Оның 54,6 млн тоннасы ел ішінде тасымалданса, 30,4 млн тоннасы экспортқа бағытталды (өсу — 12,7%).

2025 жылы «Бәйтерек» холдингі арқылы 8 трлн теңгеге жеңілдетілген қаржыландыру қарастырылған. Бұл ЖІӨ өсіміне 1,3 пайыздық пунктке дейін үлес қосуы мүмкін. Қаражат шағын және орта бизнеске (ШОБ), тұрғын үй құрылысына және ұлттық жобаларға бағытталады.
Мұнай-химиядан бастап туризмге дейін қамтитын 17 ірі терең өңдеу жобасы іріктеліп отыр.

Негізгі мақсаттар:

2030 жылға дейін ШОБ үлесін ЖІӨ-де 40%-ға жеткізу;

IT-қызметтер экспортын 1,5 млрд АҚШ долларынан асыру;

Тікелей шетелдік инвестициялар көлемін жыл сайын 24–25 млрд долларға жеткізу.
Сәуірден бастап сыртқы нарықтардағы ахуал күрделене түсті: АҚШ-тың тарифтік саясаты, OPEC+ ұйымының мұнай өндіруді ұлғайту туралы шешімі (+411 мың баррель тәулігіне), логистикадағы іркілістер мен қаржы нарықтарындағы тұрақсыздық — мұның бәрі мұнай бағасына және жаһандық сұранысқа қысым түсіруде.
Үкімет экономикалық тұрақтылықты сақтап, инвестициялар мен экспортты ынталандыруды, отандық компанияларды жаһандық жеткізу тізбектеріне интеграциялауды көздейді. Жыл басындағы орнықты өсім диверсификацияның жемісін көрсетіп отыр: индустриялық серпіліс қызмет көрсету саласының жандануымен қатар жүріп жатыр, ал құрылыс секторы экономиканың басқа салаларына да серпін беруде.

Мамандардың пікірінше, диверсификация туралы жылдар бойы айтылған жоспарлар нақты іске аса бастағанын осы сандар дәлелдейді. Алайда нәтижені ұзақмерзімді ету үшін мемлекетке инфрақұрылымды дамыту және шағын бизнестің экспортқа шығуын жеңілдету қажет.

«6% өсім — бұл жақсы көрсеткіш. Оның басым бөлігі шикізат секторынан емес, нақты өндірістен болып отыр. Қазіргідей құбылмалы нарықта мұнайға сенім арту қауіпті. Экономиканы әртараптандыру — жалғыз жол. Алайда логистикалық және қаржылық инфрақұрылымға күрделі инвестиция болмайынша, ШОБ тұрақты өсе алмайды», — дейді қаржыгер Расұл Рысмамбетов.

Оның айтуынша, алдағы 5–7 жылда өсім драйверлері ретінде логистика, сақтау жүйелері, ауыл шаруашылығы және ел ішінде терең өңдеуге бағытталған тау-кен металлургия кешені алға шығуы мүмкін.

«Экономиканың 6%-дық сенімді өсімі — жақсы жаңалық. Бірақ одан да маңыздысы — өңдеуші өнеркәсіптің озық қарқынмен дамуы. Бұл — құрылымдық өзгерістің алғашқы белгісі. Ендігі бағыт — күрделі өндірістер мен қосылған құны жоғары өнім экспортына бет бұру. Тек осындай өндіріс қана тұрақты өсуге, жақсы жалақыға және кең мультипликативтік әсерге жол ашады», — дейді макроэкономист, Dasco Consulting Group серіктесі Елдар Бейсембеков.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар