жұма, 5 желтоқсан, 2025 12:06

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Теңге тағыда құлдырайды: сарапшылар доллар бағамының өсуін болжады

Теңге тағыда құлдырайды: сарапшылар доллар бағамының өсуін болжады
Canva
Қаржы нарығы сарапшыларының пікірінше, инвестициялық белсенділіктің артуы, бюджет қаржысының жылдам игерілуі және ірі жобалардың жүзеге асуы шетел валютасына сұранысты көбейтіп отыр.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының талдау орталығы қазан айына арналған қаржы нарығының кәсіби қатысушылары арасында жүргізілген сауалнама нәтижелерін ұсынды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Зерттеуге банктер, сақтандыру және брокерлік ұйымдар, сондай-ақ талдау мен қазынашылық бөлімшелердің өкілдері қатысқан.

Сауалнама қорытындысы бойынша, мамандар доллар бағамы, инфляция, ЖІӨ өсімі, мұнай бағасы және Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі сияқты негізгі экономикалық көрсеткіштерге қатысты өз болжамдарын білдірді.

Қаржы нарығы сарапшыларының пікірінше, инвестициялық белсенділіктің артуы, бюджет қаржысының жылдам игерілуі және ірі жобалардың жүзеге асуы шетел валютасына сұранысты көбейтіп отыр. Соның әсерінен алдағы айда теңге сәл әлсіреуі мүмкін.

Болжам бойынша, қараша айының басында доллар бағамы шамамен 544,1 теңге, ал бір жылдан кейін – 556,8 теңге деңгейінде болады.

Экономикадағы баға тәуекелдерінің күшеюі инфляциялық күтулердің қайта өсуіне себеп болған. Сарапшылардың есебінше, келесі 12 айда инфляция 12,1% шамасында болуы ықтимал (бұрынғы болжам – 11,4%).

ТКШ тарифтерінің көтерілуі, жанармай бағасының өсуі, импорт тауарларының қымбаттауы және бюджет шығындарының артуы – инфляцияны күшейтіп отырған негізгі факторлар.

Сауалнамаға қатысушылардың 73%-ы Ұлттық банк 10 қазандағы отырыста базалық мөлшерлемені арттырады деп күтеді. Инфляцияны тұрақтандыру мақсатында мөлшерлеме 15,5% деңгейінде сақталады деп болжануда (қазір – 16,5%).

ОПЕК+ елдерінің мұнай өндіру көлемін арттыруы әлемдік нарықта мұнай бағасының төмендеуіне әсер етуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, алдағы 12 айда Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 66,4 доллар шамасында болады.

Бағаның төмендеуі мен инфляциялық қысым ел экономикасының өсімін баяулатуы ықтимал. Болжам бойынша, ЖІӨ өсімі келесі жылы 4,8% деңгейінде болады (қазір – 6,5%).

Сарапшылар теңгенің алдағы айларда сәл әлсіреуін, ал инфляцияның жоғары деңгейде сақталуын күтіп отыр. Экономикадағы негізгі басымдық — баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мен ақша-несие саясатын қатаң ұстау болмақ.

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар