жұма, 27 желтоқсан, 2024 21:17

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ауылдарда инженерлік желілер тартылып, жөндеуден өтуде

Ауылдарда инженерлік желілер тартылып, жөндеуден өтуде
ашық дереккөзі
Ауылдарда инженерлік желілер тартылып, жөндеуден өтуде

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Құлан ауылында өткен кезекті кездесуде Т.Рысқұлов және Меркі аудандарының әкімдері Ерболат Садырқұлов пен Мейірхан Өмірбековтің есептерін тыңдады.

Аймақ басшысы бұған дейін аудан әкімдерінің есептерін тыңдаған болатын. Осы уақыт ішінде белгілі бір жұмыс алгоритмі жолға қойылды. Спикерлер аймақтардағы қоғамдық-саяси ахуал, әлеуметтік-экономикалық даму туралы баяндады. Негізгі мақсат – жүйелік мәселелерді анықтау және басым міндеттерді белгілеу.

Кездесуге облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, ҰҚК департаментінің бастығы Марат Ирменов, полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов қатысты.

Жалпы, аудандарда экономиканың барлық базалық салаларында оң динамика байқалады.

Ағымдағы жылы Меркі ауданында құны 6,1 миллиард теңгені құрайтын 108 әлеуметтік маңызы бар жоба, Т.Рысқұлов ауданында құны 5,9 миллиард теңгені құрайтын 89 жоба жүзеге асырылуда.

- Бұл жобалардың барлығының түпкі мақсаты – ауылдағы өмір сүру сапасын жақсарту, жұмыссыздықты жою. Бірақ бөлінген қаржы желге ұшпауы үшін әкімдер өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарауы тиіс, - деді Бердібек Сапарбаев.

Тіршілікті қамтамасыз ететін инженерлік желілер салынып, жөнделуде. Ағымдағы жылдың соңында​ дейін Меркі ауданында елді мекендерді орталықтандырылған сумен жабдықтау көрсеткіші 84 пайызға, Т.Рысқұлов ауданында 69 пайызға жетеді деп күтілуде. Сондай-ақ, газдандыру деңгейі сәйкесінше 86,6 және 57,1 пайызды құрамақ.

Меркі ауданында 139, Т.Рысқұлов ауданында 174 көше жөндеуден өтуде. Нәтижесінде ауылішілік жолдардың қанағаттанарлық және жақсы жағдайдағы үлесін тиісінше 90 және 98 пайызға жеткізу жоспарлануда.

- Егер су құбырларын тартуда қиындықтар туындаса, ұңғымаларды пайдалануға болады. Ең бастысы, тұрғындар таза ауыз суға қол жеткізуі керек, - деді облыс әкімі.

- «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижелері көңіл көншітпейді. Аудандарда халықты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту, тұрақты жұмыс орындарын құру, гранттар мен микрокредиттер беру жұмыстары өз деңгейіндеп жүргізіліп жатқан жоқ. Аз уақытта барлық кеткен кемшіліктерді жойылуы тиіс, - деді Бердібек Сапарбаев.

Әкімдерге өндірістік әлеуетті пайдалану туралы да тапсырма берілді. Егер кәсіпорындар өзінің қуаттылығын арттыру бойынша жұмыстар жүргізетін болса, онда тиісінше жаңа жұмыс орындары ашылатын еді.

«Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы а назардан шығармау керек», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Аймақ басшысы жастар тәрбиесіне қатысты мәселелерге де жан-жақты тоқталды. Ол ата-аналар комитеттерінің, қоғамдық ұйымдардың және ардагерлер кеңесінің үйлесімді жұмысының маңыздылығын атап өтті.

Білім саласында кемшіліктер бар. Тұрар Рысқұлов ауданындағы 3 мектептің күрделі жөндеуі аяқталмаған. Меркідегі 21 білім ошағында дәретханаларды ішке көшіруге қатысты жұмыс бітпеді. Дәстүрлі түрде білім алатын оқушылардың үлесін көбейту жөніндегі мәселенің беті әлі ашық.

- Баланың бар зейіні сабақта болуы керек. Бүлдіршіннің мектепке барып оқуы керектігін ата-ана түсінгені жөн,- дейді өңір басшысы.

Мектептерді көгілдір отынмен қамтуға қатысты да тапсырмалар берілді.

- Кей жерлерде ауылда газ бар да, білім ошағында жоқ. Әлеуметтік нысандар көгілдір отынмен бірінші кезекте қамтылуы керек, - деп Бердібек Сапарбаев қадап айтты.

Отырыс барысында сондай-ақ ақпараттық-насихат, идеологиялық іс-шаралар мен ұлтаралық түсіністік мәселелері де талқыға түсті. Аймақтағы қылмыстық ахуал да назардан тыс қалмады.

Бердібек Сапарбаев ауылдағы мешіттердің барлығында имам болуы керек деп тапсырды. Тек осылай ғана жат ағымдардан аман боламыз дейді.

- Коронавирустың екінші толқынына дайын болуымыз керек. Денсаулық сақтау мекемелері кез келген сценарийге дайын болуы тиіс,- деп түйіндеді облыс әкімі.

Жиын соңында аудан әкімдеріне барлық өзекті мәселелердің тізімін нақтылап, оған қатысты қолданылар шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар