Қазақстан мен Грекия білім беру саласындағы серіктестікке жаңа серпін беруде
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 16:32
- 43
Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин Грекияның Білім, дін және спорт министрі София Захаракимен кездесу өткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге өзара мүдделілікті растады және білім беру мен гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылға жаңа серпін беру жөнінде уағдаласты.
Кездесуде білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық Келісімді іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Құжаттың негізгі бағыттары бойынша жұмысты жандандыруға, оның ішінде алмасуларды кеңейтуге, жоғары оқу орындары арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға және бірлескен білім беру бастамаларын іске қосуға дайындық расталды. Осы тұрғыда студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамның академиялық ұтқырлығын кеңейтудің, жоғары оқу орындары арасында орнықты әріптестік тетіктерін қалыптастырудың, сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларды ілгерілетудің маңыздылығына назар аударылды.
Елші қазақстандық тараптың елде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар және жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі алдағы референдум туралы ақпарат беріп, аталған өзгерістердің парламенттік жүйені одан әрі нығайтуға, тежемелік әрі тепе-теңдік тетіктерін жетілдіруге және адам құқықтарының кепілдіктерін күшейтуге бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан өткізетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезінің конфессияаралық диалогты дамытуға, бейбітшілік, өзара құрмет және жаһандық ынтымақтастық қағидаттарын ілгерілетуге арналған беделді халықаралық алаң ретіндегі маңыздылығы ерекше аталды.
Сапар аясында Қазақстан Елшісінің Грекияның Білім, дін және спорт министрлігінің жоғары білім мәселелеріне жетекшілік ететін Вице-министрі Николас Папаиоаннумен кездесуі өтті. Кездесу барысында жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, академиялық ұтқырлықты дамыту және бірлескен ғылыми-білім беру бастамаларын жүзеге асыру перспективалары мазмұнды түрде талқыланды.
Тараптар гуманитарлық өзара іс-қимылды кеңейту перспективалары жөнінде де пікір алмасты. Мәдени және білім беру байланыстарын нығайтуға өзара қызығушылық расталып, Қазақстандағы грек диаспорасының екі халық арасындағы достық пен өзара түсіністіктің табиғи көпірі ретіндегі маңызды рөлі аталып өтті.
Қол жеткізілген уағдаластықтар бірлескен бастамаларды практикалық тұрғыда іске асыруға және білім мен мәдениет саласындағы Қазақстан-Грекия әріптестігін дәйекті түрде нығайтуға берік негіз қалайды.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Грек Республикасының Үкіметі арасындағы білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы Келісім 2002 жылғы 26 маусымда қол қойылып, 2007 жылғы 12 наурызда күшіне енді. Құжат білім және мәдениет салаларында екіжақты өзара іс-қимылды дамытуды, оның ішінде студенттер мен оқытушылар алмасуды, білім беру және мәдени мекемелер арасындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ бірлескен бағдарламалар мен жобаларды іске асыруды көздейді.




