жұма, 22 қараша, 2024 21:14

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Басым бағыттар сөз етілді

Басым бағыттар сөз етілді
ашық дереккөзі
Басым бағыттар сөз етілді

Президент Жолдауы ел дамуының басым бағыттарын саралайтын басты құжат екені белгілі. Күрделі жағдайда халыққа арналып отырған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдау да баса маңызға ие болып отыр.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, Мемлекет басшысының бұл Жолдауының ерекшелігі сол, оның пандемия жағдайында жариялануы. Коронавирустық инфекцияның кесірінен әлемдік экономиканың тығырыққа тіреліп, жалпы ішкі өнімнің азайып бара жатқанын байқап отырмыз. Қазақстан да дүниежүзілік қауымдастықтың бір мүшесі болғандықтан, дағдарыстың салқыны бізге де тимей қоймайтыны анық. Сондықтан бас құжатта айтылған басым бағыттардың дұрыс орындалуын қамтамасыз етуіміз қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауын жұртшылық арасында насихаттау, сонымен қатар, бас құжаттың бағыттарын түсіндіру мақсатын ұстанған топ апта ортасында ауданға келді. Президент Жолдауын халыққа насихаттау мақсатында құрылған Жамбыл облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, атап айтқанда, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстың Құрметті азаматы Еркінбек Солтыбаев, облыстық мәслихат аппаратының басшысы Біржан Күзембеков Талапты ауылының тұрғындарымен кездесті.

Жиынды аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, сөзді облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Е.Солтыбаевқа берді.

Еркінбек Бейсенбекұлы өз сөзінде Жолдаудың басым бағыттарын сөз етіп, ел ішіндегі әлеуметтік-саяси және экономикалық ахуалға да кеңінен тоқталды.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауын жұртшылық ыстық ықыласпен қабылдағаны анық. Олай болатын себебі, қазір еліміз де, халқымыз да аса күрделі жағдайда өмір сүруде. Мұның басты себебінің бірі, адам өміріне қауіпті індеттің кең етек алуы. Пандемияға байланысты қазір ел ішінде өмір сүру салты біршама өзгерді. Халық бұрын-соңды болмаған қиындықтармен бетпе-бет келуде. Міне, Президентіміздің бұл жаңа Жолдауы көңілі күпті, болашаққа алаң болып жүрген халқымыздың жүрегіне жігер құйған құжат болды деп санаймын.

Өздеріңіз де хабардар болғандай, «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауы 11 басым бағыттан тұрады. Атап айтсам, мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі, жаңа жағдайдағы экономикалық даму, теңгерімді аумақтық даму, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты – басты басымдық, қолжетімді әрі сапалы білім, денсаулық сақтау саласын дамыту, экологиялық және биологиялық әркелкілікті қорғау, әділетті мемлекет азаматтардың мүддесін қорғау жолында, сонымен қатар, цифрландыру – барлық реформаның негізгі элементі, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуы, ұлттың жаңа болмысы – бағыттары дәл қазір біз атқаратын әрі күн тәртібіндегі басым бағыттар.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдаудың басында індетпен күресте халқымызға тән асыл қасиеттердің жарқырай көрінгенін тілге тиек ете отырып, қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын сақтап қалу мәселесін ең бірінші орындарға қойып отыр.

Ел тұрғындарының елеулі бөлігі ауылдық жерлерде тұратыны белгілі. Сондықтан Жолдауда ауыл шаруашылығына, кәсіпкерлікті дамытуға, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдете өңдеуге баса көңіл бөлініп отыр. Бұл бағытта ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға мүмкіндіктер мол. Қорыта келгенде, Жолдаудың негізгі өзегі – елдегі сүттей ұйып отырған тұрақтылықты сақтау арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру. Сонда болашағымыз да баянды болмақ,- деді Еркінбек Бейсенбекұлы.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары да Президент Жолдауы туралы ойларымен бөлісіп, ауылда туындап отырған байланыс және интернет жүйелерінің қолжетімсіздігі мәселесін көтерді. Бұл жөнінде аудан әкімі Н.Ергебеков пікір білдіріп, жалпы ауданда байланыс жүйелерін жақсарту бағытындағы жұмыстардың барысынан хабардар етті.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар