Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысы өткен болатын. Ел дамуының ертеңгі бағдары айқындалған алқалы жиында ауқымды мәселелер қаралып, маңызды бастамалар талқыланды. Отырыс барысында Кеңес мүшелері ұтымды ұсыныстарды ортаға салып, өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті.
Мемлекет басшысы өз сөзінде мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі бағдарламалар мен реформалардың дәйектілігін және өзара сабақтастығын қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті.
– Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі догматизм мен көзбояушылықтан толық ада болуы қажет. Сұлу сөз қаншалықты аз болса, мазмұны соншалық бай болады. Ол атқарушыларға іс-қимыл еркіндігін беру үшін өте прагматикалық болуы тиіс. Атқарушыларға қосымша жұмыс жүктемеу аса маңызды. Яғни басқа нақты істерге нұқсан келтірмеу үшін бұл бағыттағы жұмыстарға күш түсірмеу керек. Үкімет сарапшылардың қоғамдастығымен және жұртшылықпен тығыз ықпалдастықта жұмыс істеуі тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алдағы уақытта атқарылатын ауқымды жұмыстардың бір парасын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов баяндады. Ведомство басшысының айтуынша, аталған агенттік мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, мемлекеттік жоспарлау жүйесін қайта құру әдістерін қарастыру бойынша арнайы тәсілдер әзірлеп отыр.
– Агенттік құрылғалы бері Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауына сәйкес келетін мемлекеттік жоспарлау жүйесін қайта құру, мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа концепциясын жасау, реформалар дизайнын қалыптастыру сынды үш маңызды мәселеге айрықша назар аудардық. Осылайша біз мемлекеттің жоспарлау жүйесін қайта құру мәселесіне оның жаңа заман талабына сай тиімді қызмет ете алуын ескере отырып баса мән бердік. Бұл қадам аса маңызды. Себебі пандемия кезінде мемлекеттік басқару жүйесі алдына қойған талаптарға жауап бере алатындай болуы керек екенін көрсетті, – деді агенттік төрағасы.
Қ.Келімбетовтің айтуынша, мемлекеттік жоспарлау бойынша ұсынылған құрылым ең алдымен мемлекеттік жоспарлау жүйесін бірыңғай түсінуді қажет ететін тәсілді қамтиды. Бұл тәсіл Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің тарапынан ұсынылды. Ұсынылған құрылымның негізінде 2050 жылға дейінгі стратегияны жүзеге асыру жұмысы жатыр. Алайда агенттік ұсынатын өте маңызды элемент – Президенттің барлық негізгі басымдықтарын тиісті тәртіпте біріктіретін инклюзивті платформа құру болып отыр. Тиісінше, соның негізінде «2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспар», «Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы» және жаңа элемент саналатын «Аймақтарды дамыту стратегиясы» сынды маңызды құжаттарды жүзеге асыру жұмысы жалғасады.
– Ұлттық басымдықтарға сүйене отырып, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауынан туындайтын маңызды міндеттерге негізделген ұлттық жобалар мен жалпыұлттық жобалар іске асырылады. Жыл соңына дейін мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобалар тетігіне біртіндеп көшуді көздеп отырмыз. Жоспарлау жүйесіндегі өзгерістер туралы ойлағанда, біз ең алдымен адамға бағдарланған басқару негізгі қағидаға айналуы тиіс деген ой түйдік, – деді ведомство басшысы.
Басқару жүйесінің өзі мемлекеттің бес тамырлы жүйесін қамтиды. Олар – жоспарлау жүйесі, бюджеттендіру жүйесі, мемлекеттік қызмет жүйесі, мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі және цифрлы инфрақұрылым жүйесі. Қ.Келімбетовтің сөзіне қарағанда, қарым-қатынасты өзгертпейінше, бұл құрылымдардың қай-қайсысы болсын тиісті нәтижелерге қол жеткізе алмайды. Сондай-ақ әрбір өзгеріс дәйекті және бір логикаға сәйкес жүзеге асуы керек.
– Логика мемлекеттік басқарудың жаңа формацияларын енгізу, мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасын құру, азаматтарды мемлекет тарапынан белсенді қолдау туралы айтылатын Жолдауды іске асыру шеңберінде алға қойылып отыр. Осы қағидалардың барлығы тиісті реформаның негізін қалайтын болады. Мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі өзгерістер мемлекеттік басқарудың жаңа қағидаттарымен байланысты болуы керек, – деді Қ.Келімбетов.
Мемлекет өз міндеттерін оңтайландырып, соның негізінде азаматтарға арналған қызметтерді және жаңа бизнес-процестерді құрады. Осыған байланысты, тиісті міндеттемелік талдау жүргізіліп, бүгінгі таңда мемлекет көрсетіп отырған мемлекеттік қызметтердің барлығына бизнес-реинжиниринг жүргізіледі.
– Президенттің тапсырмасы бойынша біз Премьер-Министрдің басшылығымен мемлекеттік органдармен бірлесіп Мәскеу қаласындағы Ресейдің тиісті реформа жүргізетін орталықтарында болдық. Сол жердегі әңгімелесулердің нәтижесінде, Big DATA цифрлы тәсілдерін мемлекеттік басқаруға енгізу негізіндегі үш орталықтың үшжақты механизмі ұсынылды.
Бекітуге ұсынылған үш орталықтың қатарында Үкіметтің жеткізу бөлімі саналатын, қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған ұлттық жобалық кеңсе, цифрландырумен айналысатын цифрлы трансформация орталығы бар. Сондай-ақ Жоғары кеңесте мақұлданатын реформалардың жүзеге асырылуын бақылаумен айналысатын жоба кеңсесі ретінде реформаларды бақылаудың ұлттық талдау орталығын құру ұсынылды.
– Мемлекет өзінің мысалында реформалардың орындылығын көрсетіп, өзгерістердің катализаторына айналуы керек болғандықтан, осы тұрғыдан алғанда, біз алдағы үш жылда жүзеге асыруды жоспарлап отырған барлық реформалар тиімділік индикаторларының призмасы арқылы және әрбір қазақстандықтың өміріне оң әсер етуі керек. Реформалар жүйе арқылы уақытпен шектелуі және өзара байланыста болуға тиіс, – деді Агенттік төрағасы.
Мемлекет басшысы өз сөзінде мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі бағдарламалар мен реформалардың дәйектілігін және өзара сабақтастығын қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті.
Үкімет басшысы Асқар Мамин Президент тапсырмасына сай экономиканы әртараптандыру, бизнесті реттеу, әлеуметтік саланы қалыптастыру бойынша құрылған 3 консультативтік комитет жұмысы туралы баяндады. Оның айтуынша, комитет мүшелеріне мемлекеттік орган, бизнес пен қоғам өкілдері енді.
– Экономиканың басымдық берілген салаларын дамытуға арналған, сапалы дамуды қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді. Жаңа постпандемиялық кезеңді ескеріп, экономиканың өзін өзі қамтамасыз етуін ұлғайту үшін салалардың бәсекелестігін арттырып, экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыру, жаңа үлгідегі халықаралық өндірістік процестерді енгізу қолға алынды.
Агроөнеркәсіптік кешенде құны қосылған жоғары өндірісті дамытудың сапалы жаңа тәсілдерін әзірлеу мен қолда бар шикізат базасының негізінде өндірісті өңдеу, көзделген инвестиция тарту, экспортты белсенді таныту жолға қойылды.
Тұрақты ішкі және сыртқы сұранысы бар тауарлардың өндірісін тиімді дамыту, өндірістің әлеуетін ұлғайтудың нәтижесі ретінде тауар өткізудің логистикалық қолжетімділігін арттыру назарға алынды, деді А.Мамин.
Үкімет басшысы сондай-ақ жасанды интеллект элементтерін қосу арқылы жаңа цифрлы экономика қалыптастыруға бағытталған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын дамытуға басымдық беріліп отырғанын жеткізді.
Үкіметтің қаржы саласындағы реформаларына тоқталған Премьер-Министр азаматтардың денсаулығы мен экологиялық қауіпсіздікке басымдық берілетінін алға тартты.
– Қаржы саласының негізгі бағыттарына аймақтағы үздік инвестициялық-технологиялық хаб ретінде «Астана» ХҚО-ның жұмысын модернизациялау кіреді. Экономиканың барлық саласында «жасыл экономиканы» енгізу жоспарланды. Туризмді дамыту бойынша кешенді шаралар қолға алынды. Ұлттық парктер негізінде экотуризмді дамыту жолға қойылды.
Бизнесті реттеу бойынша консультациялық комитеттердің жұмыс нәтижесінде келесідей реформалар қаралды. Кәсіпкерлерге қатысты тиімсіз талаптарды жою мақсатында «Гильотина» реттеуі, екі реттеуді жойып, бір реттеу құралын енгізу мақсатында «1 in 2 out» реттеу аппеляциясы институты, 2022 жылдың соңына дейін автоматтандырылмаған есепті жою мақсатында «Күнбатыс» принципі, «Ұйым диагностикасы» принципі қолға алынды. Мемлекет пен кәсіптің байланысы азаматтардың денсаулығы мен экология қауіпсіздігіне негізделеді.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірге бәсекелестікті арттыру бойынша ұлт жоспары дайындалды. Бұл жоспар аясында биржалық сауданы арттыру, нарық қатысушыларына баға туралы ақпарат ашық көрсетілетін платформаны дамыту қарастырылған.
Әлеуметтік саланы дамыту бойынша консультациялық кеңестің жұмысына тоқталсақ, алдымен Әлеуметтік кодекс шеңберінде адам өмірінің әр кезеңіндегі әлеуметтік қорғау шаралары жүйелендіріледі. Минималды күнкөріс деңгейі негізінде әлеуметтік төлемдердің бірыңғай стандартын енгізу қолға алынды.
«Цифрлы отбасы картасы» жобасы аясында өтініш берушіден белсенді форматқа түбегейлі өту арқылы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін кешенді модернизациялауды. Соңғы нәтижеге негізделген жан басына шаққандағы қаржыландыру енгізілетін болады. Көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру мақсатында кезең-кезеңмен жалақысын көбейту арқылы әлеуметтік қызметкер мәртебесі нығайтылады.
Жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында жасанды интеллект элементтері қосылған платформалар іске қосылады. Бұл «Цифрлы жұмыспен қамту орталығы» аясында іске асырылмақ. Қызметтер барынша онлайн форматында көрсетіледі. Бұл шығынды азайтып, көрсетілетін қызметтер сапасын арттыруға, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты тиімді реттеуге үлес қосады, деді Үкімет басшысы.
Асқар Мамин еңбек нарығындағы теңсіздікті реттеу, экономиканың басымдық берілген салаларын дамыту көші-қон және демографиялық саясатқа қатысты жаңа ұсынымдар негізінде еңбек нарығын жүйелі дамыту арқылы реттелетінін жеткізді.
– Жұмыспен қамтудың жаңа формасын енгізу жоспарланып отыр. Ол ресми емес жұмыспен қамту туралы ақпаратты азайтуға жол ашады.
Денсаулық сақтау жүйесін реформалау аясында санитарлық-эпидемиялық қызметтің реинжинирингі ұсынылды. Бұл елдің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жол ашады. Бақылаудың барлық процесіне цифрландыру жүргізіледі. Бұл эпидемиялық ахуалдың тиімді анализі мен болжамына жол ашып, тексерудің ашықтығын қамтамасыз етеді. СЭС дәрігерлерін даярлау факультеттерін құру қолға алынып, жаңа оқыту бағдарламасы дайындалады.
Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді және дамушы қызметін енгізу жоспарланды. Аурулардың профилактикасына басымдық беріліп, сапа мен қолжетімділікке жаңа формация кадрларын даярлау, техникалық базаны толық модернизациялау, заманауи smart технологияларды арттыру арқылы қол жеткізіледі.
Еліміздің дәрі-дәрмек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында фармацевтикалық өндірісті кешенді дамыту бойынша Ұлттық жоспар дайындалады. Бұл ретте отандық өндірісті 50 пайызға жеткізу қарастырылған, деді Премьер-Министр.
Үкіметтің білім беру саласына қатысты жоспарлары да белгілі болды. Асқар Мамин бұл саладағы реформаларға тоқталып, алдағы жоспармен бөлісті:
– Білім беру жүйесін реформалау бойынша Орталық Азияда білім беру хабын қалыптастыру ұсынылды. Бұл ретте 20 академиялық артықшылық орталығын, алдыңғы қатарлы шетелдік білім беру институттарының кампусын ашу, аймақтағы ЖОО-ларды сол аймақтың ерекшелігін ескере отырып дамыту қарастырылады. Педагогика институттарын қолдау шаралары қолға алынады. Одан кейін орта білімнің бәсекелестігін арттыру мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында жасалатын «жаңа үлгідегі мектептер» арқылы іске аспақ. Бұл мектептер – оқушылардың практикалық дағдыларын арттыруға басымдық беретін, заманауи материалдық-техникалық базасы бар жаңа деңгейдегі оқу орындары.
Мектептерде қалыптасқан сыныптық-пәндік жүйеге Финляндия, Испания елдерінің тәжірибесіндегі жаңа балама оқу моделін енгізу қарастырылды. Одан кейін балалардың ерте дамуына, ең үздік халықаралық тәжірибелер негізінде балама оқу формасын дамытуға негізделген ұлттық жоспар дайындау мен енгізу жолға қойылды. Сонымен қатар білім берудің барлық деңгейінде «білім алушыға қаражат» принципі бойынша жан басына шаққанда қаржыландыру енгізіледі.
Аталған кешенді шаралар ұсынысының барлығы толық жүзеге асырылады. Бірінші тоқсанның аяғына қарай реформаларды дайындап, екінші тоқсаннан бастап іске асыруды қолға алатын жұмысты жоспарлап отырмыз, деп түйіндеді өз сөзін А.Мамин.
– Үкімет жоспары түсінікті. Қазір айтылған жоспардың орындалғаны маңызды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, Әлеуметтік кодекстің дайындалуына, «Цифрлы Қазақстан», «АӨК-2025» бағдарламасына басымдық беру керек. Бұл – негізгі үш бағыт. Әлбетте білім беру де маңызға ие. Біз бұл бағытта Үкіметтің қалай жұмыс істеп жатқанын бақылайтын боламыз. Дегенмен айтылған барлық бағыт та бірдей маңызға ие. Жұмыс өте көп. Сондықтан осы Жоғары кеңесте тапсырмалар қалай берілсе де, жұмысқа кірісуіміз керек. Нақты нәтиже керек. Бұған дейін де айтқанымдай, ойыншылардың барлығына бір және ортақ ойын талабын қою қажет. Шынайы бәсекелестік, әкімшілік күштеуді азайту – экономикалық өсімнің жүйелік талабы. Осы ретте барлық реформаны кәсіпкерлер қоғамдастығымен тығыз байланыста жүзеге асыру, қолдау мен жауапкершіліктің балансын сақтау маңызды. Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Әрқайсысы өз әрекеті мен жауапкершілігін білуі қажет. Кәсіпкерлер қауымдастығы үнемі сұрай беретін тарапқа айналмай, идеялар қайнары болып, қызмет көрсетуші ретінде өзінің жауапкершілігін жоғары деңгейде білуге тиіс. Үкімет Конституция мен заңға сәйкес өз міндетін орындауы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Осы ретте ел Президенті кәсіпкерлер қауымдастығы өкілі ретінде «Атамекен» ұлттық кəсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Т.Құлыбаевқа сөз берді.
– Біз Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамыту жолында Үкіметпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Nur Otan партиясының съезінде Үкімет пен Ұлттық банкке 3 жылда инфляция көрсеткішін 4 пайызға жеткізу бойынша тапсырма бердіңіз. Біздің болжамымыз бойынша бұл несиелік, ақша саясатына өзгеріс алып келмек. Сонымен бірге аталған тапсырма орындалса, кәсіпкерлікке бағытталатын несие мен базалық көрсеткіш 6-7 пайызбен беріледі деген ойдамыз. Сол кезде кәсіпкерлікті үздіксіз қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламаларды жасауға қажеттілік болмайды деген пікір бар. Осылайша, экономиканы дұрыс несиелендіруге бет бұрып, кәсіпкерлер қауымдастығына қаржылық қолжетімділікті қамтамасыз ете аламыз, – деді Т.Құлыбаев.
Сот және құқық қорғау жүйесі бойынша баяндаған Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов осы саладағы соңғы өзгерістер мен алдағы жоспарларға тоқталды.
– Заң үстемдігін қамтамасыз ету мен азаматтарды, бизнесті заңға қайшы әрекеттерден қорғаудың негізгі бағыттары Жолдауда айтылды. Бұл кез келген шешімнің абсолютті заңды болуын, халық сенімінің жоғары деңгейін және жұмыстың ашық жүруін білдіреді. ЭЫДҰ-ға мүше елдердің көбінде бұл жүзеге асты. Сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау жөніндегі консультативтік комитеттің міндеті – ЭЫДҰ-ға мүше елдердің тәжірибесін зерделей отырып, отандық құқықтық жүйені ілгерілету. Комитет құрамына мемлекеттік органдар басшылары, ғалымдар, тәжірибелі заңгерлер, қоғам өкілдері мен шетелдік сарапшылар кірді, – деді Е.Қошанов.
Президент Әкімшілігінің Басшысы комитеттің алғашқы отырысында негізгі бағыттардың анықталғанын мәлімдеді. Құқықтың жүйені реформалаудың басты 4 бағыты ұсынылады. Біріншісі – прогрессивті қылмыстық процесс. Қылмыстық процестің үш буынды моделіне көшу шеңберінде ЭЫДҰ елдерінің үлгісі бойынша 2021 жылдан бастап прокурорлар негізгі процестік шешімдерді келісе отырып шығаратын болады, ал 2022 жылдан бастап қылмыстық істердің жекелеген санаттары бойынша дербес шешім қабылдай алады. Қазір дәлелдерді жинау мен олар бойынша жауапты шешімдер қабылдаумен бір орган айналысады. Бұл бұрыс шешімдер шығаруға жағдай жасайды. Спикер енді азаматтар мен бизнесті қылмыстық процестегі әділетсіз шешімдерден қорғайтын тиімді, тәуелсіз сүзгілер жүйесі құрылатынын атап өтті. Оның айтуынша, 2021 жылы Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық-атқару кодексін түзете отырып, қылмыстық заңды оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізу жоспарлануда.
Құқықтық жүйені реформалаудың екінші бағыты – жұмыстың сервистік моделі. Бұл тәсіл құқық қорғау қызметінің идеологиясын өзгертуді көздейді. Ең бастысы заңға бағынатын азаматтардың мүддесі мен үмітіне жауап беру, заң бұзушылықтар статистикасынан бастап қоғаммен серіктестікке дейінгі әрекеттерді қамтитын тиімді профилактикаға көшу болады. Осы бағыт бойынша «полицияның қадамдық қолжетімділігі» тұжырымдамасын енгізу көзделуде және осы мақсатта халықпен тікелей жұмыс істейтін бөлімшелер күшейтілетіні белгілі болды.
– Бұл тұрғыда Президент тапсырмаларын ескере отырып, учаскелік инспекторлардың мәртебесін арттыру мәселесі пысықталады. Қоғамдық пікірді барынша есепке алу үшін құқық қорғау жұмысын бағалау жүйесін қайта қарау ұсынылады. Бұл тәсілмен азаматтардың сенімі қызметкердің мансабына әсер ететін болады, – деді Е.Қошанов.
Үшінші бағыт – азаматтар мен бизнестің құқығын қорғау. Бұл бағыт бойынша азаптаудың алдын алу мен заңсыз тергеу әдістерін қолданбау бойынша әрекеттерді күшейту қолға алынады. Бұл – колониялар мен полицияның қызметтік кабинеттерінде жаппай бейнебақылау орнату, қылмыстық алдын ала қарау шаралары, сондай-ақ заңды экономика саласындағы қылмысты жою, рейдерлік пен бизнеске кедергі келтіру әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікті нақтылау бойынша шаралар. Е.Қошанов прокуратураның кәсіпкерлерді, өзін өзі қорғай алмайтын жандарды қорғауға бағытталған өкілеттіктерін кеңейтуді ұсынды. Оның ішінде кәсіпкерлердің шенеуніктерге шағымдарын қарау, мүгедектерге, жетім балаларға және қабілетсіз адамдарға көмек көрсету үшін прокурорлық тексерулер жүргізу бар.
– Төртінші бағыт – құқық қорғау қызметін жаңғырту. Президент тапсырмасы бойынша ІІМ-ні өзіне тән емес міндеттерден босату бойынша жұмыстар жалғасуда. 2021 жылы корпоративтік сектордағы бизнес үдерістерге ұқсас функционалдық талдау жүргізіледі. Құқық қорғау қызметтерінің барлық спектрін толыққанды технологиялық жаңғыртуды қамтамасыз ету үшін құқық қорғау қызметін цифрландыруды едәуір кеңейту ұсынылады, – деді спикер.
Президент Әкімшілігінің Басшысы консультативтік комитеттің тағы бір басты міндеті – сот жүйесін жетілдіру екенін алға тартты. Бұл жұмыс та бірнеше негізгі бағыттан тұрады.
– Біріншісі – процестің барлық қатысушылары үшін, ең алдымен қарапайым азаматтар үшін сот рәсімдерінің ыңғайлы әрі түсінікті болуы. Жақында қабылданған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің үлгісі бойынша қылмыстық, азаматтық және әкімшілік іс жүргізуді кешенді қайта қарау ұсынылады. Реформаның негізгі міндеті – сот процесін жеңілдету, артық процедураларды болдырмау, сот тәртібін кеңейту әдістерін әзірлеу және дауларды шешудің балама тәсілдерін дамыту, – деді Е.Қошанов.
Екінші бағыты – сот процесінде нақты бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету. Сотқа тек айыптау актісі мен қорғау актісі жіберілетін және әрбір тарап сотқа өзінің құқықтық ұстанымын дәлелдейтін бірқатар елдің тәжірибесін тереңірек зерттеу ұсынылды. Судья процеске істің нәтижесі туралы алдын ала тұжырымсыз кіруге тиіс. Адвокаттар клиенттің кінәсіздігін дәлелдейтін мәліметтер жинау үшін белсенді жұмыс істеуі қажет. Баяндамашы бұл айыптаушылар мен қорғаушылардың жоғары біліктілігін талап ететінін баса айтты.
Ерлан Қошанов үшінші бағыт IT-технологияны енгізу арқылы сот төрелігін іске асыру тәсілдерін түбегейлі өзгерту екенін атады.
– Бүгін біздің соттар күніне 6000-ға жуық шешім шығарады. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш шамамен 1,5 миллионға жетеді. Осындай жұмыс көлемінен судья елдегі ғана емес, өз мекемесіндегі әріптестерінің тәжірибесін бақылай алмайды. Бұл мәселені шешу цифрландыру арқылы және big data-ның жүйелі жұмысымен жүзеге асырылады. Жүйедегі сот істерін автоматты түрде талдау судьяға әрбір санат бойынша қалыптасқан сот тәжірибесін оңай қарауға мүмкіндік береді. Бұл әдетте соттарға түсетін басты шағым – бірізді сот тәжірибесінің болмауын жоюға көмектеседі, – деп атап өтті ол.
Сот жүйесін жетілдіру бойынша төртінші бағыт кәсіби судьялар корпусын қалыптастыру мен судьяның жауапкершілігін арттыруды көздейді.
– Әртүрлі саладағы тәжірибелі заңгерлерді тарту үшін судьяны іріктеу шарттарын, олардың мансаптық өсуі мен жауапкершілігін қайта қарау жоспарлануда. Соттардың тәуелсіздігі мәселелері жеке пысықталады. Бұл жерде сот төрағаларының әкімшілік өкілеттіктерін барынша азайту, оларды тағайындау рәсімдерін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Соттардың бюджеті бойынша мемлекеттік органдарды қамтамасыз етуге жұмсалатын шығыстардың белгіленген пайызын айқындау жоспарлануда, бұл атқарушы билікке тәуелділікті жояды, – деді Е.Қошанов.
Қазіргі уақытта консультативтік комитеттің жалпы жұмыс жоспары әзірленіп, үш топ сот ісін жүргізудің үш нысаны – қылмыстық, әкімшілік, азаматтық құқық бұзушылықтар бойынша базалық тәсілдерді әзірлеуге кірісіп кеткен.
Отырыста мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі консультативтік комитеттің жұмысы туралы Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов баяндады.
– Мемлекеттік басқарудың жаңа моделі тек мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдардың тиімділігі мәселелерімен шектелмеуі керек. Осы саладағы кәсіби және жан-жақты ұсыныстарды әзірлеу – комитет жұмысының басты мақсаты. Ең маңызды бағыттар – мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасы, жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту, квазимемлекеттік секторды дамыту және мемлекеттік аппаратта бюрократияны азайту бойынша жеке жобаны іске асыру, – деді ол.
Т.Сүлейменовтің айтуынша, мемлекеттік басқарудың жаңа моделі қызметкерлер арасындағы қатынасты трансформациялауды, яғни әкімшілік-бақылау бағдарынан азаматтар мен бизнестің игілігі үшін сервистік модельге көшуді көздейді. Негізгі құндылық адам болуы керек.
– Бұл жолда көптеген қиындыққа кездесетініміз белгілі. Олардың қатарында адам капиталының деңгейі, жүйесіздік пен қызметтердің қайталануы, бюрократия мен ынтаның төмендігі, мемлекеттік жоспарлау мен бюджет процесінің арасындағы байланыстың аздығы, цифрландырудың жеткіліксіз деңгейі және өзге де мәселелер бар, – деді Т.Сүлейменов.
Комитет осы жүйелі кемшіліктер мен өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеп, елдегі мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет көрсету саласын ілгерілетпек.
Жиын қорытындысы бойынша Президент жанындағы Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің 2021 жылға арналған жұмыс жоспары және консультативтік комитеттердің құрамы бекітілді.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Адамдар қандай жол-көлік оқиғаларынан зардап шегеді?
Ұқсас жаңалықтар
Тоқаев Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде не айтты
- авторМағжан Орынбасар
- 12 қараша, 2024