Мемлекет басшысы Украина Президентімен кездесу өткізді
- авторБақытжан Бекболат
- 23 қыркүйек, 2025
- 436
БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Зеленскиймен кездесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мемлекеттер басшылары екіжақты экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Владимир Зеленский Украинадағы жағдайға байланысты көзқарасын жеткізді.
Қазақстан Президенті осынау аса күрделі ахуалға қатысты пікір білдіріп, қақтығысты тоқтату мақсатында дипломатиялық жұмыстарды жалғастыру қажет екеніне назар аударды.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Черногория Президенті Яков Милатовичпен кездесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Черногорияны Балқан түбегіндегі маңызды серіктесі санайтынын атап өтті.
Келесі жылы екі ел арасындағы дипломатиялық ынтымақтастық орнағанына 20 жыл толады. Осы жылдар ішінде мемлекеттер арасында достық пен өзара түсіністікке негізделген сындарлы қарым-қатынас қалыптасты.
Яков Милатович екіжақты байланыстарды дамытуға айтарлықтай үлес қосқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты. Оның айтуынша, Черногория қазақстандық туристер жиі келетін елдердің біріне айналған.
Алматы мен Подгорица арасында тікелей әуе рейсінің ашылуы, сондай-ақ Қазақстан азаматтарына визасыз режим енгізілуі қос халықты жақындата түсті.

Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес Президентімен де келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Кеңес басшысы Антониу Коштаға ілтипат білдіріп, Қазақстан Ұйыммен екіжақты негізде, сондай-ақ C5+ форматы аясында серіктестікті арттыруды берік ұстанатынын жеткізді.
Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Еуропа Одағы арасында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды ілгерілетуге бағытталған саяси диалогтың қарқынды дамып келе жатқаны айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Антониу Кошта халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Кездесуде өзара тиімді өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды жалғастыру жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді.
Ұқсас жаңалықтар
Мемлекет басшысы әскери және құқықтық тәртіп мәселелері бойынша кеңес өткізді
- авторСадуақас Айсұлу
- 3 желтоқсан, 2025
Президент Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны қабылдады
- авторСадуақас Айсұлу
- 3 желтоқсан, 2025






