Нұротандықтар маңызды науқандағы бағыт-бағдарын айқындады
- авторjambylinfo.kz
- 11 желтоқсан, 2020
- 286
Еліміз бойынша Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары басталды. Бұған дейін үміткерлерді ұсыну және партиялық тізімдерді тіркеу шаралары атқарылса, бүгіннен бастап саяси партиялардың штаб отырыстары ұйымдастырылып, олардың бағыты мен бағдары айқындалуда. Саяси науқанда бақ сынап жатқан алты партияның бірі – "Nur Otan" партиясының Жамбыл облыстық филаиалы да өзінің шбат отырысын өткізді.
Облыстық филиалдың мәжіліс залында өткен басқосуда Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Бағлан Қарашолақов сайлау алдындағы "Nur Otan" партиясының ұстанған негізгі бағыттарына тоқталды.
– Кеше кешкілік еліміз бойынша Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары басталды. Биылғы сайлау ерекше болып отыр. Себебі біз бұған дейін партияішілік іріктеу праймеризін өткізіп, үміткерлер мен негізгі бағыттарымызды айқындап алдық. Өздеріңіз көріп отырғандай қазір әлеуметтік желілерде сайлауға қатысты түрлі пікірлер айтылуда. Біз осы теріс түсініктерді бұзып, партия атынан түсіп отырған үміткерлер жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізуі керек.
Партия тізіміне енген кандидаттар бұқарамен кездесулерде ұзын-сонар баяндама жасамай, халықтың өтініш-тілегіне, мұң-мұқтаждығына құлақ түруі міндетті. Сондай-ақ "Nur Otan" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек айтқандай әр үміткер өз саласы бойынша тұрғындармен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырғаны жөн.
Еліміз бұған дейін де талай сайлауларды өткізіп, қиындықтарды бірлсе жеңді. Бұл жолы да «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, ынтымағымыз бен бірлігімізді көрсетеміз деп сенемін.
Барлықтарыңызды сайлау науқанының ашылуымен құттықтаймын! – деді Бағлан Жиенәліұлы.
Бұдан кейін сөз алған Nur Otan партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев үміткерлердің тізімі мен үгіт-насихат жұмыстарына дайындық барысын баяндады.
– Біз бұл күнге 1 жыл 4 ай дайындалдық. Олай дейтінім праймеризде бәрін көзбен көріп, кемшін тұстарымыздан сабақ шығардық. Праймеризге 767 адам құжат тапсырған болса, соның 391-і партия тізіміне енді. Алайда 2 азамат өз еркімен тізімнен шығарылды. Нәтижесінде 389 үміткермен сайлау науқанына келіп отырмыз.
Облыс көлемінде 12 бақылау штабы құрылып, үгіт-насихат жұмыстарына қажетті есепшоттар ашылды. Кандидаттардың бұқарамен кездесуі сұрақ-жауап түрінде өтеді деп күтілуде.
Штаб жұмыстарын жүйелеу үшін өз қызметкерлерімізден бөлек, 79 жалдамалы жұмысшы алып отырмыз. Олармен де келісімшарт жасалды.
Партияның сайлауалды бағдарламасына праймериз кезіндегі тұрғындардың өтініш-тілектері енгізіліп, нақты көтерілетін мәселелер белгіленді. Осыны негізге ала отырып үгіт-насихат жұмыстарын үш бағытта жүргізсек деп отырмыз. Бірінші – "Nur Otan" партиясына мүше болмаса да, жақтас азаматтармен тілдесу. Екіншісі – нұротандықтармен жұмыс жүргізу. Үшіншісі – партия жұмысына қосылмайтындарға жетекші партияның жұмысын тереңірек түсіндіру.
Жалпы 389 үміткердің де құқығы бірдей. Праймеризде олар қанша дауыс жинағандарына қарамастан барлығының жұмысы апта сайын бағаланып отыратын болады. Сол көрсеткішке сүйеніп, мәслихат депутаттығына ұсынатын боламыз.
Партия жұмысына облыс бойынша 701 белсенді қолдау білдіруге ниет білдірді. Аталған еріктілердің күшімен көрнекі ақпарат құралдары ілініп, жаднамалар таратылуда. Мұндай саяси науқан кезінде жастарға артылар сенім мол. Бұйыртса партиямыздың ұстанған ұстанымы бойынша «Қиындықтарды еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!» деп сенемін, – деді Балабек Жанбекұлы.
Осылайша "Nur Otan" партиясы Жамбыл облыстық филиалы үгіт-насихат жұмыстарына сақадай сай дайын екендерін айқындады. Жастар да өз кезегінде партия жұмысына барынша қолдау білдіріп, аянбай тер төгетіндіктерін айтты. Ал Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Бағлан Қарашолақов ең бірінші бұқараның сайлауға қатысуын қамтамасыз етіп, бәрі әділ әрі ашық өтуі керектігін партияластарының есіне салды.
Саятхан Сатылғанов
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Тасқа қашалған таңбалар
Ұқсас жаңалықтар
Тоқаев Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде не айтты
- авторМағжан Орынбасар
- 12 қараша, 2024