сәрсенбі, 28 қаңтар, 2026 13:07

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Президент: Еліміз бүкіл адамзатты біріктіретін құндылықтарға арқа сүйеуге тиіс

Президент: Еліміз бүкіл адамзатты біріктіретін құндылықтарға арқа сүйеуге тиіс
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қазақстанның сыртқы саясаты туралы айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында еліміздің дипломатиялық ұстанымы жайында сөз қозғады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

 

- Біз мүлде жаңа құбылыстардың пайда болғанына куә болып отырмыз. Өзіміз де, кейінгі ұрпақ та бұған бейімделуіне тура келеді. Басқаша айтсақ, бұрын мүмкін еместей немесе адам сенгісіз көрінетін нәрселер қазір қалыпты жағдайға айналуда. Халықаралық құқық көз алдымызда қадір-қасиетінен айрылып жатыр. Дүние жүзінде сенім дағдарысы күшейе түсті. Әлемде әскери шығындар рекордтық деңгейге жетіп, үш триллион долларға жуықтады. 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш тағы еселеп өсуі мүмкін. Күн өткен сайын өрши түскен милитаризация халықаралық қоғамның әлемде әділ тәртіп құруға бағытталған күш-жігерін жоққа шығарып жатыр. Осындай күрделі жағдайда сыртқы саясаттың мән-маңызы арта түседі. Ол барынша теңгерімді болып, мемлекеттің стратегиялық мүддесін қорғауға және ілгерілетуге бағытталуы керек, - деді президент.

Сонымен қатар дипломатияда бұрыс шешімнің салдары өте ауыр болатынын атап өтті.

- Жалпы, дипломатияда бұрыс шешімнің салдары өте ауыр болады. Мемлекеттің ұзақ мерзімге арналған мүдделеріне орын толмас нұқсан келуі ықтимал. Бізге бұл жағдай жақсы таныс. Экономика саласында бір жоспарды немесе тұжырымдаманы басқа бір бағдарламалық құжатпен алмастыруға болады. Ал халықаралық шарттарға қол қойған соң одан бас тарта алмайсыз. Айтылған сөз – атылған оқ! Біз дипломатияны халықаралық қақтығыс пен дау-дамайға апаратын жол емес, мәмілеге, келісімге келудің еш баламасы жоқ, ең маңызды құралы деп білеміз. Кәсіби ұстаным мен шынайы ниет болса, кез келген қақтығыстың түйінін тарқатуға болады, - деді мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Ибраһим келісімдері жайында сөз қозғады.

- Мен Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешім қабылдадым. Президент Трамп тарихтың астарын және қазіргі саяси ахуалды терең түсіне отырып жасаған мұндай келісімдер дипломатиялық инновация деуге болады. Ол Таяу Шығыста бейбітшілікті мықтап орнатуға арналған Ибраһим келісімдеріне қосылу жөніндегі шешімінің дұрыс екеніне сенімді және оны жүзеге асыруға бар күшін салады. Бұл келісімнің түпкі мәнін түсіну үшін оның атауына назар аударуымыз керек. Авраам, яғни, Ибраһим дін тарихында иудаизм, христиан және ислам діндеріне ортақ пайғамбар болып есептеледі. Еліміз бүкіл адамзатты біріктіретін құндылықтарға арқа сүйеуге тиіс. Біз түрлі халықтар мен дін өкілдері арасында татулық болғанын қалаймыз. Сол себепті, осы келісімге қосылғанымыздың мән-мағынасы ерекше, бұл шешім еліміздің халықаралық беделіне оң серпін береді, - деді өз сөзінде.

Сондай-ақ, Қазақстан – жауапкершілігі жоғары «орта держава» және жер көлемі бойынша ислам әлеміндегі аса ірі мемлекет екенін айтып,  «біз баршаға түсінікті, яғни ақылға қонымды және әділ саясатты жақтаймыз, осы ұстанымды әрдайым сақтаймыз» деді.

- Сыртқы саясаттағы іс-әрекетіміздің бәрі бір ғана мақсатты көздейді. Ең бастысы, Қазақстанның жерінің тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз етуіміз керек. Қазақ мемлекетінің басшысы ретінде мен үшін Тәуелсіздік – бәрінен қымбат! Бұл – мерейтой кезіндегі ұран емес, қазіргі дүрбелеңге толы заманда ұлттық стратегиямыздың негізгі қағидасы. Мен «Тәуелсіздік дегеніміз – ең алдымен, жалпыұлттық бірлік пен келісім» екенін үнемі айтып жүрмін. Біз ел бірлігін сақтап, өсіп-өркендеген, абырой-беделі жоғары әрі қуатты мемлекет құруды басты міндетіміз деп санауымыз қажет. Осы мақсатқа стратегиялық тұрғыдан қарап, парасатты, дана халық екенімізді көрсетуіміз керек. Бұрын да айтқам, қазір де атап өткім келеді: біз «тарихи жарақат алған» ұлт психологиясынан біржола арылуымыз керек. Басқа түскен қайғы-қасіреттің бәрін өзге халықтардан көру, ұлтымыздың маңдайына жазылған ащы тағдыр туралы бітпейтін пікірталастар жүргізу – кешегі күнмен өмір сүру деген сөз. Бүкіл әлем өзгеріп жатыр, бізге де өзгеретін уақыт келді. Біз – болашағы жарқын, жолы ашық жас мемлекетпіз. Сондықтан уақыт көшінен қалмай, тек алға қарай жүруіміз керек. Әлем барлық салада бірдей үлкен өзгеріске ұшырайды. Саясат пен экономикадан бастап, климат пен технологияға дейін, бәрі өзгереді. Мұндай жағдайда біз де батыл әрі тосын инновациялық шешім қабылдай білуіміз, еш нәрседен қорықпауымыз керек. Мен Үкімет мүшелеріне «Егер әлдекімнен немесе әлденеден қорықсаңыздар, маған қызметтік хат жазыңыздар. Егер сіздер қабылдаған шешімнің, иә болмаса ұсыныстың пайдасы болатынын байқасам, оң резолюция қоямын. Бүкіл жауапкершілікті өзіме аламын» деп ескерттім. Осы үндеуді, ең алдымен, мемлекеттік қызметшілерге, кәсіпкерлер мен ғалымдарға қарата айтып отырмын. Үлкен әрі түбегейлі өзгерістер уақыты келе жатыр, тіпті, басталып кетті деуге болады. Еліміз жаңа тарихи әлемнен лайықты орнын иеленуі қажет, - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар