Президент Жолдауы – жаңғырудың жаңа кезеңі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын түсіндіру бойынша аудан әкімі Сәкен Арубаев актив жиналысын өткізді.
– Президент өз Жолдауын қауіпті індетпен күресте ерлік көрсеткен дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге, кәсіпкерлерге және осындай шақта бейжай қалмаған барша азаматқа шын жүректен алғыс айтудан бастады. Мен де ауданымыздағы аталған санаттағы азаматтарға алғыс айтамын, – деді Сәкен Қаланұлы.
Мемлекет басшысы Жолдауда мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, жаңа заман талаптарына сәйкес экономикалық даму, өнеркәсіп әлеуетін күшейту, ауыл шаруашылығы саласын, көлік-логистика кешенін, шағын және орта бизнесті, қаржы секторын, өңірлік даму және қазақстандықтардың әлеуметтік әлеуетін арттыру сияқты бірқатар бастама көтерді. Президет білімнің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етудің маңыздылығы мен денсаулық сақтау саласын дамыту жайында айта келіп, отбасылық-демографиялық жағдайына және балалардың құқығы мен қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді.
– Ал, қалыптасқан жаңа жағдайда экономикалық дамуды қамтамасыз ету үшін бағдарымыз игіліктер мен міндеттемелерді әділ бөлу, жеке кәсіпкерлікті қолдау, әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу, өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру, адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту, «Жасыл» экономиканы дамыту және қоршаған ортаны қорғау, мемлекет тарапынан дәйекті шешімдер қабылдау және сол үшін қоғам алдында жауапты болу қағидаттарына негізделуі керек, – деді өңір басшысы.
Біз Президенттің Жолдауын экономикалық тоқырауды жеңудің ұлттық іс-қимыл жоспары ретінде қабылдауымыз керек. Құнды құжатта дамудың негізгі бағдары айқындалды, билік вертикалының қалай өзгеретіні анықталды. Біз Жолдаудың Қасым-Жомарт Кемелұлы іске асырып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен тығыз астасқанын байқадық. Оның мәтіні барша қазақстандықтың көкейінде жүрген ең маңызды мәселелерге құрылып отыр. Соның ішінде халыққа барынша сапалы қызмет көрсететін билікті құру басты рөл атқарады.
Бұл тұрғыда еліміздің саяси жүйесінде үлкен өзгерістер басталады. Атап айтқанда, біз ауыл әкімдерін сайлауға біртіндеп көшеміз, биыл мемлекеттік аппарат иен квазимемлекеттік саладағы қызметкерлер 10 пайызға, келер жылы 15 пайызға қысқарады, «Жауапты хатшылар» институты жойылады, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік пайда болады.
Президет Жолдауы – елді жаңғыртудың жаңа кезеңі. Ол елдің дағдарыстан кейінгі даму бағытын айқындап берді. Жолдауда экономиканы қалпына келтіруге және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға арналған нақты шаралар қарастырылған. Ендігі міндет – Мемлекет басшысының ой-тұжырымдарынан туындаған тапсырмаларды мінсіз орындау.
Актив жиналысында Жамбыл ауданы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, аудандық мәслихаттың депутаты Өмірбек Ботаев, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрмахан Мәуленов, «Жас Отан» Жастар қанаты ұйымының аудандық бөлімше басшысы Жандар Тоқсаба, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев сөз алып, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздік экономикалық өсімді қалпына келтіру, халықтың әл-ауқатын арттыру, құқық қорғау жүйесін әрі қарай жаңғырту, саяси реформаларды жалғастыру мәселелеріне тоқталып, нақты мақсаттар қойғанын айтып, өз ойларын ортаға салды.
Жиынды қорытындылаған Сәкен Қаланұлы Жолдау жүгінің жеңіл еместігін, алда бірлесіп атқарар қыруар жұмыс күтіп тұрғанын, Президент тапсырмасы уақытында орындалуы керектігін айтып, депутаттар мен ауылдық округ әкімдерін, ардагерлер мен қоғамдық ұйым өкілдерін Жолдаудың негізгі бағыттарын халыққа жеткізуге атсалысуға шақырды. Жолдау жүктеген міндеттерді жедел атқарып, туындаған мәселелер бойынша іс-шаралар жоспарын жүйелі дайындау қажет.
Мемлекет басшысының сөзімен айтқанда, «Алдымызда ауқымды әрі күрделі міндеттер тұр. Соларды табысты жүзеге асыру үшін тың тәсіл, жаңаша ойлау, жалпыұлттық ынтымақ және өзара қолдау қажет... Баршамыз өз-өзімізді дамытуға күш салуымыз керек. Замана сынағы бізден үздіксіз қозғалысты, мықты күш-жігерді және табанды еңбекті талап етіп отыр. Сондықтан еліміздің бақытты әрі жарқын келешегі әр азаматтың қажырлы қызметіне байланысты болмақ».
Ақжігіт Жетпісбай,
Жамбыл ауданының баспасөз хатшысы
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Саясат
Тоқаев Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде не айтты
- авторМағжан Орынбасар
- 12 қараша, 2024