жұма, 27 желтоқсан, 2024 15:32

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жүйелі шаралар керек

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жүйелі шаралар керек
ашық дереккөзі
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жүйелі шаралар керек

Мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектордың жекелеген өкілдері шағын және орта бизнестің қызметіне араласуын жалғастырып, бопсалауға жол беріп, пара алуда. Олар ұсталып, жазаланып, қызметтерінен босатылуда. Дегенмен, мұндай әрекеттер тыйылар емес.

Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті арқылы 2020 жылдың алты айында 73 қылмыстық іс тіркеліп, кәсіпкерлердің жұмысына бес фактісінің жолы кесілді. Олардың қатарында әртүрлі деңгейдегі шенеуніктер – ауыл әкімдерінен бастап облыстық деңгейдегі басшыларға дейін кездеседі.

Бірінші жартыжылдықта соттарға 67 қылмыстық іс жолданып, 49 адам жауапқа тартылған. Оның ішінде облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бұрынғы басшысы, сол басқарманың бөлім басшысы, Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары, Шу аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметі бөлімінің бастығы бар. Ағымдағы жылдың алты айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментімен сотқа жолданған 20 қылмыстық іс бойынша 34,5 миллион теңге айыппұл салынған.

Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев мәлім етті.

2019 жылы соттарда қаралған қылмыстық істерді талдау білім беру, табиғат пайдалану, ауыл шаруашылығы және құрылыс сияқты жергілікті атқарушы органдар қызметінің салаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар екендігін көрсеткен. 2020 жылы бұл тәуекелдер ауылдық округ әкімдіктерінде, кәсіпкерлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары саласында анықталған.

- Анықталған теріс фактілер ұйымдар мен кәсіпорындар басшыларының алдын алу шараларына тиісті деңгейде көңіл бөлмейтінін көрсетеді. Сонымен қатар, барлық мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің нұсқамаларын орындамайды, - деді А.Әшірбаев.

Бұл мәселеден облыстық кәсіпкерлік, жерді пайдалану мен қорғауды бақылау басқармалары, Жуалы, Мойынқұм және Сарысу аудандары әкімдіктері де тысқары емес.

"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында аудан әкімдіктеріне "Сервистік әкімдік" форматындағы жұмысқа көшу ұсынылды. Алайда, осы уақытқа дейін бұл бағыттағы жұмыс жекелеген аудандарда сылбыр жүруде.

Сондай-ақ, облыс әкімі аппаратының басшысы Қанатбек Мәдібек қазіргі уақытта көптеген мемлекеттік ұйымдар халыққа қол жетімді әрі ашықтықты қамтамасыз ету үшін өз жұмыстарын қайта қалыптастырып жатқандығын атап өтті. Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспардың кейбір тармақтары орындалмай отыр.

Байзақ, Жамбыл, Қордай, Рысқұлов және Жуалы аудандарында әлі күнге дейін Сервистік әкімдіктер ашылмаған. Қ.Мәдібек жыл соңына дейін қалған төрт ай ішінде мемлекеттік органдардың басшылары кешенді жоспар бойынша жұмыстарды жандандырып, тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз ету керектігін алға тартты. Бұл мәселе бойынша облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатаң ескерту жасады.

- Сыбайлас жемқорлықпен жүйелі шаралар арқылы күресу керек. Өкінішке орай, жергілікті атқарушы органдардың қызметінен мұндай жүйелі жұмыс байқалмайды. Сондықтан нәтиже де аз. Ашық, адамдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау міндеті қойылғанымен, кейбір аудандарда «Сервистік әкімдіктер» әлі күнге құрылмаған. Біз билік органдарына деген сенімді нығайту қажеттілігі туралы айтып келеміз, ал кейбіреулер мемлекеттік қызметтен жеке пайда табуға тырысады, - деді ол.

Аймақ басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді жоспарының бірқатар көрсеткіштеріне сәйкес келмеген лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту туралы ұсынысын қолдайтындығын білдірді.

Сондай-ақ, басқосуда ветеринария саласындағы өзекті мәселелер қаралды. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербол Жиенқұловтың айтуынша, үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында жануарларды аса қауіпті ауруларға қарсы егу жұмыстары жоспар бойынша жүргізіліп, 100 пайызға орындалған. Соңғы кездері аймақта сапалы диагностика нәтижесінде жануарлардың бруцеллез ауруы азайған. Тиісінше, малдан жұқтырғандар саны да төмендеген. Жануарлардың аса қауіпті аурулары табылған жоқ.

Облыста 160 ветеринарлық пункт және 11 ветеринарлық станция бар. Талай жылдар бойы олар қараусыз қалып келді десек, тек 2017 жылы осы қызметтің материалдық-техникалық базасын жақсарту жұмыстары басталған. Қазіргі уақытта 124 ветпункт қызметтік ғимаратпен қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылы қалған 36 ветпунктті ғимаратпен қамту жоспарланған. Дегенмен, бірқатар елді мекендерде интернеттің болмауы ветеринарларға белгілі бір қиындықтар туғызуда.

Тұрғындардың өтініштеріне байланысты қазіргі уақытта қаңғыбас жануарларға арналған питомниктердің құрылысы пысықталуда. Бұл үшін бірқатар аудандарда тиісті аумақтар қарастырылып, жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Баяндамаларды мұқият тыңдағаннан кейін облыс әкімі бірқатар ескертулер мен ұсыныстар айтты.

- Қолда бар мал саны бойынша біздің облыс республика бойынша жетекші орынға ие. Бұл жағдай ветеринарлық қызметке ерекше жауапкершілік жүктейді. Ол оған қойылатын талаптарға сәйкес келуі керек. Әзірге ол байқалмайды. Жануарлардың электрондық дерекқоры мен нақты жағдайлар арасында айырмашылықтар бар. Ауыл шаруашылығы басқармасымен, көрші республикалардағы әріптестерімен тығыз байланыс орнатылмаған. Жеке ауладағы малдарды вакцинациялау, чиптау және сырғалау жұмыстарының бәрі ойдағыдай емес, - деді ол.

Осыған байланысты ветеринарлық қызметтің алдына бірқатар нақты міндеттер қойылды, олардың ең бастысы жануарлар арасында аса қауіпті аурулардың алдын алу болып табылады.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар