дүйсенбі, 20 мамыр, 2024 11:30

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды
ашық дереккөзі
Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Сарысу ауданындағы Ақтоғай ауылы тұрғындарымен кездесіп, Жаңаарық ауылдық округінің әкімі Оңласын Мұқашовтың 2020 жылы атқарылған жұмыстар туралы тұрғындар алдындағы есеп беру жиынына қатысты.

Жаңаарық ауылдық округінде екі ауыл орналасқан, халық саны– 1652 адам. Ауылдық аймақ негізінен мал шаруашылығымен айналысады. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 10 шаруашылық 57,4 миллион теңге алып, оған 784 қой, 34 жылқы, 12 мүйізді ірі қара малын сатып алыпты. Бес кәсіпкер мал бордақылаумен айналысуда. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» шеңберінде «Бастау-бизнес» жобасымен Ақтоғай ауылынан 11 азамат 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі қайтарымсыз қаражат алып, өз кәсібін бастаған. Округ әкімі есепті кезеңде 12,4 миллион теңгеге екі саябақ, 8 миллион қаражатқа Талдыбұлақ өзенінен өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпір салынғанын айтып өтті. Ақтоғай ауылында кіші футбол алаңы бой көтеріп, үш көшеге және үлкен жол бойына диодты жарықшамдар орнатылған. «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасы ағымдағы жөндеуден өтіп, ауыл тұрғындарын газдандыру бойынша Ақтоғайда 16 үйді газ құбырларына қосу жұмыстары атқарылыпты. Елді мекен тұрғындары таза ауызсумен қамтылған. Биыл Ақтоғай ауылындағы Шоқай датқа көшесін жарықтандыру жоспарланып отыр екен. Округ әкімі О.Мұқашов облыс басшысынан биыл Ақтоғай шатқалына инфрақұрылым тартуға ықпал етуін сұрады. Тау биіктігіндегі қойнауы сырға толы үңгірлерге келушілердің қызығушылығы өте зор көрінеді. Онда шатқалдарға шығатын биіктігі 60 метрлік баспалдақ пен 1,2 шақырым асфальтталған жол салу туристердің сұранысы екен. Ауылдық округ әкімінің есебін тыңдаған облыс әкімі Б.Сапарбаев тұрғындарға облыста атқарылып жатқан игі істерді нақты жеткізіп, өткен жылғы жұмыстарды жалғастырып, қарқынды тоқтатпау керек екендігін айтты. Егістік жерлерді пайдалану барысын, мал басын көбейту, егістік көлемін ұлғайту сияқты маңызды мәселелерді қозғады. – Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару керек. Әр отбасы үй жанындағы жерлерін тиімді пайлануы тиіс. Сондай-ақ шаруа қожалықтарын біріктіру мәселесіне көңіл бөліңіздер. Біріксе олардың мүмкіндіктері артады, техникасы болады, несие алуға қоятын мүлік те табылады, – деді облыс әкімі. Облыс әкімі есеп беру жиынында сөйлеген ауыл тұрғындарының өтініш-тілегі жауапсыз қалмайтынын айтып, аудан әкіміне тапсырма берді.

* * *

Облыс әкімі Талас ауданындағы Қаратау ауылдық округінің әкімі Асхат Малташовтың есеп беру жиынына да қатысып, Қараой ауылының тұрғындарымен жүздесті. Округ әкімі есепті баяндамасында өткен жылдың күрделілігіне қара­мастан, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуында жақсы көрсеткіштерге қол жеткенін айтты. 2020 жылы 111 ресми жұмыссыз тіркелген болса, 125 тұрғын әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды. Кәсіпкерлік негіздеріне 6 азамат оқып, шағын несие алса, 9 азамат грантқа ие болған. Қараой ауылындағы мектеп 2017 жылы, медпункт 2018 жылы пайдалануға берілген. Бірнеше жылдан бері шешімін таппай келген мәдениет нысаны облыс әкімінің қолдауымен шешімін тауып, 35 миллион теңгеге қайта жаңартылыпты. Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Қараой ауылында 3 миллион 516 мың теңгеге балалар ойын алаңшасы және 8 миллион 176 мың теңгеге шағын футбол алаңы салынды. Қараой ауылынан Жаңатас – Қаратау – Тараз бағытындағы облыстық мәндегі тасжолға дейінгі 8,3 шақырым жолды асфальттау жұмыстарына 138 миллион теңге қаржы бөлініп, жол толығымен жөнделді. Ауылдағы «Шабақты» әуітінің күншығыс жағындағы арығына «Талас – Аса» коммуналдық кәсіпорны тазалау жұмыстарын жүргізіпті. Облыс әкімі баяндамашыны мұқият тыңдаған соң ауылда бірлікті сақтап, ерінбей еңбек ету керектігін айтып, тұрғындарды мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көруге шақырды. Мал басын көбейтіп, суармалы жерлерді арттырып, егістік көлемін ұлғайту қажеттігін атап өтті. Жиын барысында тұрғындардың сауалдарына жауап берген Бердібек Машбекұлы ауыл, аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеді.

Жүрсінгүл ЖАҚЫП Сарысу, Талас аудандары

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар