
Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ президенті Дональд Трамп 25 маусым күні Гаагада жеке кездесу өткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
DW ақпарат агенттігінің мәліметінше, кездесу НАТО саммитінің аяқталуынан кейін ұйымдастырылған.
Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, кездесу ұзақ әрі мазмұнды өткен. "Президент Трамппен өте маңызды мәселелерді талқыладық. Атысты тоқтату мен шынайы бейбітшілікке қол жеткізу жолдарын сөз еттік. Адамдарымыздың қауіпсіздігін қалай қамтамасыз ету керектігін де талқыладық", – деді Украина басшысы. Кездесудің нақты мазмұны кейінірек жарияланатыны айтылды.
Зеленский сонымен бірге Дональд Трамп пен АҚШ-қа бейбітшілікті жақындатуға деген ниеті мен қолдауы үшін алғыс білдірді. Алайда Ресейге қарсы қосымша санкциялар тақырыбы көтерілді ме, жоқ па – ол жағы нақтыланбады.
Трамп: Украинаға тағы Patriot жүйелері керек
НАТО саммитінен кейінгі баспасөз жиынында Трамп Украина тарапынан зениттік-зымыран кешендері – Patriot жүйелерін алуға мүдде бар екенін растады. "Олар шынымен де баллистикалық зымырандарға қарсы жүйе – Patriot алғысы келеді. Біз бірнешеуін беру жағын қарастырамыз. Бұл кешендер өте тиімді, Израильге де жібердік", – деді ол украиналық журналисттің сұрағына жауап ретінде.
Трамп Зеленскиймен әңгімесін "өте жақсы өтті" деп сипаттады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, ол кездесуді "жылы, тіпті өте жағымды" деп бағалаған. Бұған дейін саммит аясында Трамп Зеленскийді "жақсы жігіт" деп атап, Ресей президенті Владимир Путинмен де келіссөздерде белгілі бір алға жылжу бар екенін жеткізген.
Айта кетейік, бұл жолы Украина президенті НАТО саммитіндегі негізгі отырысқа қатысқан жоқ. Бұған дейін Зеленский мен Трамп сәуір айында Ватиканда Папа Францисктың жерлеу рәсімінде жолыққан. Ал Канадада өтеді делінген G7 саммитіндегі жоспарланған кездесулері Трамптың Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты ерте кетуіне байланысты болмай қалды.