Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты биылғы Жолдауын пандемиялық ауыр жағдайды басынан кешіп, осынау күрделі кезеңді еңсеретініне үлкен үмітпен қарап отырған ел халқы түгел ризашылықпен қабылдады деп ойлаймын. Өйткені бір жылдан сәл-ақ асқан уақытта-ақ бір жыл бойы елдің басына туған небір қиыншылықтарды бірге көріп, бірге сезініп, бірге қиналып, бірге жабырқаған Қазақстан Республикасының Президенті мемлекетімізді аса салқынқанды әрі салиқалы төзімділігімен басқарып, әр қадамымен ел ертеңіне үлкен сенім ұялата, алға бастап келе жатыр.
Соңғы жүз жыл ішінде болмаған дағдарысты бастан өткеріп жатқан әлемде еліміздің геосаяси ахуалдағы ұзақ мерзімді дамуына да кедергі келтіріп алмауымызды қатаң бақылауында ұстап отырған Президент өзінен бастап ел халқына зор жауапкершілік жүктейтін, сол жауапкершіліктің арқасында жүзеге асырылатын бірқатар мақсат-мұраттарымызды айқындап берді бұл Жолдауында. Оның қай-қай бағыты болмасын, барлығы да түгелімен дерлік халықтың игілігі үшін, халықтың әл-ауқатының жақсаруы үшін, халықтың әдеуметтік тұрмысының көтерілуі үшін, халықтың басының амандығы, бауырының бүтіндігі үшін мүлтіксіз атқарылуы тиіс шаралар. Президент айтқандай, жаһандық экономиканы қайта қалпына келтіру үшін кемінде бес жыл уақыт кететінін шамалаған сарапшылар сөзіне сүйенсек, сол уақыт аралығында пайда болар жаңа әлемнен біздің мемлекетіміз де өзінің лайықты орнын алуы үшін дәл осындай дағдарыстар мен іргелі өзгерістерде шыңдалуы тиіс болып тұр. Ол үшін біздің реформаларға тың серпін берілуі қажет екендігін атап өткен Қасым-Жомарт Кемелұлы ең алдымен Ұлт жоспары мен Бес институционалдық реформаны негізгі бағдар ететінімізді алға тартты. Осы орайда әрбір азаматымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған он бір басымдықтан тұратын іс-қимыл жоспарымен егжей-тегжейлі таныстырды.
Мемлекеттік басқарудың жаңа моделі ретінде тікелей мемлекет басшысына бағынатын Стратегиялық жоспарлау мен реформалау агенттігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және Реформалар жөніндегі Жоғары президенттік кеңес құрылатын болды. Мемлекеттік аппарат құрылымын оңтайландыру, әсіресе жауапты хатшылықтардың институтын ықшамдау, олардың міндетін министрліктердің аппарат жетекшілеріне жүктеу арқылы екі жылда мемлекеттік қызметшілердің жиырма бес проценті қысқартылып, мемлекеттік қызмет жүйесіне өзгерістер енгізіліп, мемқызметшілердің қоғамдағы рөлі мен беделін де, жалақысын да көтеру мәселесі қарастырылмақ.
Карантин кездерінде Төтенше жағдай жариялау және амалсыз "Төтенше Жарлықтар" шығаруға негіз болған құқықтық жүйе дағдарысты жағдайларға жүйелі шешім бола алмайтындығын байқатты. Сондықтан атқарушы биліктің бүкіл жұмысын тежеуге апарып соғатын құқықтық реттеуді қайта қарап, бұрынғы нормаларды тиімді қалыпқа түсіру керек болып тұр. Мемлекеттік функциялардың біраз бөлігін мойындарына алған ондаған ұлттық компаниялар мен он мыңдаған мелекеттік кәсіпорындардан тұратын ірі квазимемлекеттік ұйымдарды да бюрократизмнен арылтып, реформалау, квазимемлекеттік секторда әкімшілік-басқару жұмысымен айналысатын қызметкерлердің санын, пайдасыз шығындарды және басы артық еншілес компанияларды қысқарту жұмыстары жалғасатын болды.
Мұнайға тәуелділіктің уақыты шектеліп келе жатқан мына жаңа дәуірде халықтың жағдайын жасай отыра жаңа әлемдік нарыққа бейімделіп үлгеруіміз керектігін баса айтып, жаңа экономикалық бағыттың жеті негізгі ұстанымын белгілеп берген Президент жүйелі әрі біртұтас ұстанымның жоқтығынан сансыз көп жобаға қаражатты ысырап етіп отырғанымызды қынжыла жеткізді. Өнеркәсіпке қолдау көрсетудің нақты шараларын дұрыстап жетілдірудің қажеттігін меңзеп, Үкімет пен заң шығарушы органдар тарапына "Өнеркәсіп саясаты туралы" бірізді заң шығару, стратегиялық маңызды өндірістерді іріктеп, оларды жеңілдіктер арқылы қаржыландыру, қолдау жолдарын қарастырып, таңдалған жобалардың жүзеге асырылу уақыты тәмамдалғанға дейін құқықтық шарттардың тұрақтылығы сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Басқа басымдықтарды да талдап түсіндірген Қ.К.Тоқаев Үкіметке және жауапты тұлғаларға стратегиялық инсвестициялық келісімдердің жаңа заңнамаларын әзірлеу; мемлекет меншігінде тек әлеуметтік нысандар, сондай-ақ мемлекеттің қауіпсіздігі мен қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін нысандар ғана қалатын етіп, Жаңа жекешелендіру жоспарын қабылдау; меморгандардың бюджеттік қаржыларының жұмсалуын қатаң қадағалау құзырына кіретін Есеп комитетінің қызметін күшейту; әлеуметтік саясаттың жаңа үлгісін - парадигмасын жасау мақсатында мемлекеттің Әлеуметтік кодексін дайындау; толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу, санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеу; азаматтардың сандық білімдері мен сауаттылық деңгейлерін көтеру мақсатында үздіксіз білім алу Концепциясын дайындау; жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында бес жүз ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз ету, сондай-ақ, «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін мың грант бөлу шараларын ұйымдастыруды міндеттеді.
Жаман ой кедергілерді туғызады. Жақсы ой оларды жояды. Жағымды жаңалықтарымен көңіл бұлтын ыдыратып, жанымды жадыратқан Жолдаумен танысып отырып,
"Бірде бал, бірде у беріп өтеді өмір,
Бақты да, қайғыны да көтере біл" деп келетін ғұлама Әбілқасым Фирдоусидің нақылы еріксіз ауызыма оралды.
Иә. Бүкіл дүние жүзін бір тарының қауызына сыйдырған КВИ-дің әсері еліміз бен жұртымызға қаншалықты тауқымет пен қасірет әкелсе, соншалықты ақыл мен саналарымызды да сәулелендіргені жасырын емес:
Бір аштық болмаса - тоқтықтың қадірін білмес ек,
Бір індет келді де бақыттың білдірді қадірін.
Жұқтырған жандардың санымен ойнамай күнде есеп,
Жұртымды жұбатар ауызыма сөз салшы, Тәңірім! - деп,
шырқыраған жанымызды қайда қоярымызды білместей күйге түскен сол бір шақтарымызда әрбір сәт сайын халқымызға демеу сөздерін арнап, әрбір сәт сайын халқымызды мықты болуға шақырып, әр бір сәт сайын тығырыққа тіреген сын мен сынақтан сүрінбей өтуімізге дем беріп, басымыздан сипап, арқамыздан қағып, сауырымыздан қамшылап, отырған Президентіміздің қамқорлығымен аспанымызды торлаған мұнар күндерден де шығып, бүгінге жеттік міне.
Әуелі бір Алла, ал сосын дәрігер тұрғанда,
Вирусты жеңеміз күшпенен бұрын-соң болмаған!
Қобалжып, толқыма, тауып ап бір күрек бір қолға,
Тізе қос билікпен еліңді, жеріңді қорғаған! - деп, ел басында кіршіксіз тазалық пен адалдықтың ақ туындай Қасым-Жомарт Кемелұлы барда, жұрттың иманын үйірген дәл сол нәубетке ерік, жігер-күшімізді жұдырықтай жұмылдыра қарсы тұра алатынымызға қапысыз сендік. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында сол бір күн санаған, түн санаған мазасыз уақыттарда сенім мен жауапкершіліктің басты салмағын арқалаған медицина қызметкерлеріне шексіз алғысын білдіруді ұмытпаған. Және олардың қоғамдағы орнын төрге шығаруды мақсат тұтқан. Үкіметке осы екінші жартыжылдықтың есебінен медицина қызметкерлерін ынталандыруға сыйлықақы ретінде жүз елу миллиард теңге бөлуді, медициналық мекемелерді мамандармен қамтамасыз етудің ұзақжылдық жоспарын құруды талап еткен Президент, сондай-ақ, жаңадан әзірленіліп ұсынылған Экологиялық Кодексті жан-жақты қарап, жіті сараптаудан өткізіп, жыл соңына дейін қабылдап үлгеру,
- "Жан-жануарларды қорғау" туралы заңнаманы да әзірлеу;
- қылмыстық-атқару жүйесінде, полициялардың қызмет орындарында жаппай үздіксіз бейнебақылау орнату;
- мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеп, қабылдау;
- ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі заң жобасын сессияның аяғына дейін қабылдау;
- сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізу,
- 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізу;
- Қаржы министрлігіне қарасты Экономикалық тергеу қызметінің жұмысын "көлеңкелі экономикамен" күресуге бейімдеу;
- бизнес саласын реформалау;
- киберқауіпсіздік туралы шараларды қолға алу, азаматтарды, әсіресе балаларды қорғау шараларын, адам саудасымен күрес шараларын нығайту;
- өнеркәсіп пен IT технологиясы арасында өзара тиімді ынтымақтастық орнату;
- ақша-несие саясатын қайта қарау;
- Салық кодексін және заңға сәйкес актілерді қайта қарау;
- үнемді әрі жауапты жаңа бюджет саясатын әзірлеу;
- аймақтарды бюджеттен қаржыландыру моделін әзірлеу;
- мәслихаттардың тексеру комиссияларын нығайту бағытында заңнамалық құжаттарды тиісінше сәйкестендіру;
- "Аңсаған сәби" арнаулы бағдарламасын жүзеге асыру;
- Әлеуметтік кодексін әзірлеу жұмысын бастау;
- азаматтардың "әлеуметтік цифрлық әмиянын" енгізу;
- азаматтық қоғаммен байланыста құқықтық-нормативтік негіздерді дамыту және осы маңызды жобаға қатысты барлық техникалық сауалдарды шешу секілді бірқатар нақты тапсырмалар берді
Бірнеше жылдан бері қолға алынып келе жатқан "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасының, үш жүз тоқсан миллиард теңге бөлініліп, биыл айналымға енгізілген "5-10-25" бағдарламаларының іске асырылуы мол мүмкіндіктерге жол ашуда екенін, халық тұрмысын жақсартуға бірден-бір лайықты бастама болып, бірінші кезеңі табысты жүзеге асырылған "Нұрлы жол" бағдарламасының екінші кезеңі көлік-транзит секторының жетекші рөлін бекемдеуге арналуы керек екендігін айтқан Президент ауыл потенциалының толықтай ашылмауына себеп боп отырған салдарларды атап, ауылдың әлеуетін толық пайдаланудың стратегиялық маңызы барын сөз етіп, қазіргі таңда ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланатынына, табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жататындығына да алаңдаушылығын білдірді.
"Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес.
Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар.
Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ, Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет.
Вертикальді кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін пайдаланған абзал. Біз горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осында," деген Мемлекет басшысы технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесінің келтіріп отырған кедергілерін, судың қырық пайызы далаға кетіп жататын да кездерін, онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған еліміздің бұған жол бере алмайтындығын қатаң жеткізді.
Пандемияның басты соққыларына төтеп берулеріне тура келген шағын және орта бизнестердің өлеусіреген күйлеріне тоқталып, жеті жүз мыңнан астам кәсіпкерлерге салық жеңілдіктері берілгенін, төлем мерзімі кейінге шегеріліп, несиені жеңілдікпен қайта қаржыландыру мүмкіндігі ұсынылғанын еске түсірген Президент, ахуалы әлі де болса күрделі кәсіпкерлердің барлық несиелерінің алты пайызға дейінгі жылдық мөлшерлемесі бойынша Төтенше жағдай жарияланған сәттен, яғни, 16 наурыздан бастап он екі айлық кезеңді қамтитын мемлекеттік субсидия бергізетіндігімен қуантты.
Индустрияландыру және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісіне елеулі үлес қосып, бұрын бір-бірімен байланыссыз болған қаржы институттарының қызметін ретке келтірген «Бәйтерек» пен «ҚазАгро» холдингтерінің рөліне арнайы тоқталған Президент, қазір мемлекетіміздің мүлде жаңа жағдайда тұрғандығына байланысты, уақыт талабынан туындаған нституционалдық құрылымды өзгертіп, осы екі ұйымды біріктіріп, қаржылық мүмкіндіктері анағұрлым зор даму институтын құру қажет екендігіне "Жаңа жағдайдағы экономикалық даму"деп аталатын кең көлемді басымдықта дәлелдер келтірді.
Бұл ретте, портфельді компаниялардың саны екі есеге азайып, штат саны да елу пайызға қысқаруға тиіс екен. Еліміздің халықаралық аренадағы экономикалық мүддесін белсенді түрде ілгерілетіп, ұлттық мүддені қорғауда сындарлы ұстаным және кәсіби біліктілік таныту керектігі, Қазақстанның игілігі үшін Еуразия экономикалық одағының және «Бір белдеу – бір жол» жобасының зор мүмкіндіктерін барынша пайдаланған жөн екені тілге тиек етілді.
Президент Жолдауындағы "Теңгерімді аумақтық даму" атты басымдықта өңірлер арасында экономикалық және өндірістік бағыт пен тұрмыс деңгейі, мемлекеттік қызмет сапасы жағынан айырмашылықтар бар болғандықтан, әр өңірдің бәсекелі артықшылығын ескеру арқылы, елімізді аумақтық және кеңістік тұрғысынан дамыту тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажеттілігі, әсіресе моноқалаларымызды дамыту ісіне тың серпін беру жайы айтылады.
Үй болмаса күйдің де болмайтындығы шындық. "Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты басты басымдық" саналған төртінші тақырыпта ең алдымен баспана мәселесі қозғалған. Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша келесі жылдың өзінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жеті жүз мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе басқарушы компаниялардың иелігіне береді. Бұл реформа мемлекет басшысының сөзінше, еңбек қатынастарын ашық әрі заңды жүргізіп, зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын пәрменді құралға айналмақ. Өз бетінше баспана мәселесін шешуге табысы жетпейтін азаматтарға тиімді әлеуметтік көмек көрсетілетін болады және кезекте тұрған адамдардың баспана мәселесін тезірек шешу тетіктері жолға қойылмақ. Осы бөлімде Қ.Кемелұлы зор алаңдаушылық тудырып отырған отбасы-демографиялық ахуалды жақсарту туралы көптеген жағымды жоспарларымен бөлісті. Әрбір алтыншы отбасы бала сүю бақытына ие бола алмай отырған Қазақстанда "Аңсаған сәби" бағдарламасы арқылы экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын жеті мыңға дейін, яғни жеті есеге көбейту қолға алынады. Ал Президенттің тарапынан күндіз-түні «WhatsApp»-тан бас көтермейтін мұғалімдер мен оқушыларға және ата-аналарға аяушылық білдіріле отырып, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформаның жоқтығы сын тезіне түскен "Қолжетімді әрі сапалы білім" атты бесінші басымдықта ұстаздар жалақысының аздығы да, қала мен ауыл арасындағы білім беру саласындағы алшақтық та сөз болды. Дипломды оңды-солды үлестірумен айналысатын білім мекемелерін жабу жұмысы білім беруді табысты бизнеске айналдырған ықпалды адамдардың қарсылығына байланысты әлі күнге дейін баяу жүргізілуде екен. Бұл проблеманың шешілуін ерекше бақылауға алуды Президент Үкімет басшысына қайта тапсырды.
Тапқан табыстың бір пайызын ғылым мен технологияны дамытуға беру туралы қолданыстағы норма талаптары сақталмай, көп жағдайда бұл қаражат компаниялардың ішінде бөлініске түсіп кететін ғылым саласының дамуы туралы да қынжыла мысалдар келтірген Мемлекет басшысының ірі бизнес өкілдері өңірлік университеттердің ғылыми қызметін қамқорлыққа алса деген ұсынысы біздердің де көңілімізге қонады. "Денсаулық сақтау саласын дамыту" мен "Экология және биологиялық әркелкілікті қорғау" атты басымдықтарда өз атаулары айтып тұрғанындай, денсаулық сақтау саласында жүргізілетін жұмыстар барысы, сондай-ақ қоршаған ортаға жасалынатын қамқорлықтар жайы баян етілді. Пандемияның келесі кезеңінен қысылмай өту үшін жасалынып жатқан дайындықтармен қарапайым халық та күнбе-күн құлағдар болып отырғаны белгілі. Соның өзінде ой-санамыз медициналық инфрақұрылымды дамыту, отандық фармацевтика саласын аяғынан тік тұрғызу, қолданбалы медицинаның дамуына тың серпін беру, алғашқы дәрігерлік көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау және "жасыл экономика" жағдайында ілгерілеуге тиіс экономиканың өсімінде көміртегінің үлесін барынша азайтуға күш салынатындығы жайлы тың деректермен толықтырылды.
"Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет." Осылай деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл міндет дұрыс жолға қойылмай, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайтынын аңғартты.
Президент бұл тұрғыда өкілеттіктердің ара жігі нақты ажыратылған үш буынды модель құруды жөн санайтынын жеткізді.
Полиция қылмыстарды ашады, оған қатысты тұлғаларды анықтайды, айғақтарды тауып, оны тиянақтап беруі тиіс;
Прокурор жиналған айғақтарға тәуелсіз баға беруге, азаматтар құқығын бұзудың жолын кесуге, кінәлі емес азаматтардың қылмыстық процеске тартылуына жол бермеуге, сотта айыптау жағын қолдауға міндетті;
Ал сот - органдардың әрекеттеріне қатысты шағымдарды қарайды, және іс бойынша ақтық үкім шығарады. Тежемелік және тепе-теңдік жүйесін нығайтып, әр кезеңде тиімді саралау жүргізіп отыруға мүмкіндік беретін мұндай тәсілді Президент "Әділетті мемлекет азаматтардың мүддесін қорғау жолында" деп аталатын сегізінші басымдықта атап көрсетті.
Ішкі істер министрлігінің құрылымын қайта қарап, қазіргі таңда табиғи және технологиялық апаттардың дәуірінде өмір сүріп жатқанымызды ескере келе, Төтенше жағдайлар министрлігін құруды қажет деп санайтынын да осы бөлімде жеткізді.
Сондай-ақ, сот жүйесіне де көбірек тоқталған Президент осыдан оншақты жыл бұрын қабылданған "Медиация туралы" Заңнаманың дамуына ешқандай мемлекеттік органның атсалысып отырмағанын сынға алып, осы жөнсіздікті дұрыстауды тапсырды.
Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы енді қолданылмайтын, жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталынатын сыбайлас жемқорлықпен жүргізіліп жатқан ымырасыз күрес нәтижелеріне де тоқталған Қ.К.Тоқаев Қоғамдық кеңестердің рөлін арттыруды, оларды сатып алуды ұйымдастыратын комиссиялардың жұмысына тартуды, олардың құрамына түрлі әлеуметтік топ өкілдерін кеңінен тартуды да ұсынды.
"Цифрландыру - барлық реформаның негізгі элементі" деп аталған басымдық бойынша орындалуға тиіс жағымды жаңалықтардың ең бастысы ретінде әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары компьютерлік техникамен және сапалы интернетпен қамтылатындығын, цифрлық теңсіздік жойылып, барлық азаматтардың сапалы байланыспен барынша қамтамасыз етілетінін, бұдан былай электронды сервистерді қолдану халыққа оңайлатылдырылатынын айтып өтсек те жеткілікті болар. Дегенмен ақпараттық технологиялар нарығын, инжинирингтік және басқа да жоғары технологиялар қызметін дамыту - елімізде қосымша құн қалыптастырып, жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін, осындай қызметтерді шетелге экспорттауға да жол ашылатынын қалай қуана сөз етпеске.
"Азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуы" мен "Ұлттың жаңа болмысы" атты соңғы оныншы және он бірінші басымдықтар қозғаған тақырыбы жағынан да, атқарылуы тиіс шаруалар жөнінен де бір-бірімен үндесе қабысқан, ең маңызды басымдықтар десек те болады. Өйткені мұнда Конституциямызбен кепілдік берілген адам факторы ең алдыңғы сатыға шығады. "Егер азаматтарымыздың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру ісіне белсенді түрде тартқан жөн" деген Президентіміз мемлекеттік биліктің барлық дерлік институттары реформаланатынына сендірді.
"Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды қолға алдық. Бұған дейін айтқанымдай, бұл – мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты жауап қатуы тиіс деген сөз емес. Бұл, ең алдымен, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог," деген сөздерін астын сыза айтқан мемлекет басшысының мәлімдеуінше саяси саладағы реформаларымыздың бастамасы ғана саналатын бұл жаңғырту ісі бұдан ары қарай да жалғаса бермек. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуы, жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық мүмкіндіктерін арттыру, аймақтарды бюджетпен қаржыландыру моделін әзірлеу, жергілікті мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару органдары құзыреттерінің ара жігін кезең-кезеңімен ажырату, тағы да басқа көптеген қажеттіліктерді мұқият түсіндірген Қасым-Жомарт Кемелұлы қалалардағы өзін-өзі басқару мәселесіне де жеке дара тоқталып, "Мүліктік меншік иелерінің бірлестігі" институтын енгізу жөніндегі реформаның басталғанынан хабардар етті.
Елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуын басты ұстаным етіп алдымызға тосқан Президент сөзінің қорытындысында өз халқының әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалайтынын жеткізді. Демократияның басты жауы - білімсіздік пен популизм екенін жұрт есіне қайта бір салған ол кісі жаңа саяси мүмкіндіктердің арқасында қоғамымызда "хайпократияның" белең алуына жол бермеуге шақырды. Президент айтқандай, қазіргі ең басты міндет - халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Ендеше, Қазақстан Республикасы Президентінің бұл Жолдауындағы бағыт-бағдарламалардың толықтай әрі сапалы жүзеге асырылуы үшін біздер жұрт болып жұмылып, ата дәстүрімен, әкенің қанымен, ананың сүтімен бойымызға дарыған барлық жақсы қасиеттерімізді барынша пайдаланып, бар жақсы мүмкіндіктерімізді мейлінше қолдануымызға күш салуымыз керек. Қазақстан - бәріміздің сүйікті Отанымыз. Отан - еш нәрсеге айырбасталмайтын теңдессіз құндылық. Отан - бізде жалғыз ғана. Жалғыз Отанымыздың жолында кездескен кедергілерінен бірге қиналмай өтіп, қиындықтарды бірге жеңіп шығайық. "Ерден ердің артықшылығы - білігі, елден елдің артықшылығы - бірлігі" деген. Бұл мақсатта мен де халқымыздың зор ауызбіршілік танытатынына сенем.
Үміт БИТЕНОВА, ақын
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Жамбылдық жастардың ісі көпке үлгі
Ұқсас жаңалықтар
Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысты
- авторМағжан Орынбасар
- 25 желтоқсан, 2024
Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевті туған күнімен құттықтады
- авторМағжан Орынбасар
- 24 желтоқсан, 2024