Жетінші шақырылған облыстық мәслихаттың бірінші сессиясы өтті
- авторjambylinfo.kz
- 18 қаңтар, 2021
- 395
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен жетінші шақырылған Жамбыл облыстық мәслихатының бірінші сессиясы өтті.
Аймақ басшысы мәслихаттың бұрынғы құрамына алғысын білдіріп, оның хатшысы Бағлан Қарашолақовқа алғыс хатын тапсырды.
Бердібек Сапарбаев депутаттар алдында сөз алып, сайлаушылар алдындағы уәделерін орындау керектігін, халық игілігі жолында аянбай тер төгу керектігін алға тартты.
Сессияны облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ашып, өткен сайлаудың қорытындылары туралы хабарлама жасады. Осылайша, төрт партиядан 76 үміткер облыстық мәслихаттағы 36 орын үшін бақ сынаған. Нәтижесінде үш партия кандидаттары мандат иеленді десек, «Nur Otan»-нан 30 депутат, «Ақ жолдан» 3 және «Ауылдан» 3 депутат бар. Барлығы тоғыз ұлттың өкілдері қамтылған. 27 ер және тоғыз әйелден тұрады. Сегізі инженер мен тағы сонша оқытушы бар.
Депутаттар бірінші кезекте жетінші шақырылымның бірінші сессиясының төрағасы ретінде Мұқаш Ескендіровті сайлады. Президиумнан өз орнын алған өңірдің бас өнеркәсіпшісі «Nur Otan» партиясы фракциясының атынан мәслихат хатшысы лауазымына Махметғали Сарыбековті ұсынды. Кандидатураға қарсылық танытқандар болған жоқ.
Бұдан соң депутат Болатбек Уалихан төрт тұрақты комиссияның құрамын жариялады. Депутаттар бөлініске және сондай-ақ ұсынылған төрт тұрақты комиссия төрағаларының кандидатураларына бірауыздан дауыс берді. Осылайша, экономика, бюджет, салық және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі комиссияны Мұқаш Ескендіров, АӨК-ті дамыту, экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комиссияны Фарида Жүнісова басқаратын болады. Ал, Гулам Умаров құқықтық тәртіп, әлеуметтік-мәдени салалар, гендерлік саясат және қоғамдық ұйымдармен байланыс жөніндегі комиссияның, Ерболат Саурықов кәсіпкерлікті қолдау, өнеркәсіп, құрылыс, көлік және коммуналдық салаларды дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы атанды.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселеге сәйкес келесі сессияның төрағасы болып Ерболат Саурықов сайланды.
Ұйымдастыру мәселелері шешілгеннен кейін облыс әкімі депутаттар алдында сөз сөйледі.
- Сіздердің жұмыстарыңыздағы ең бастысы – қарапайым тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін ақыл, тәжірибе мен білімді ұштастыру. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент алдында сөйлеген сөзінде белсенділік танытып, сайлаушыларға берген уәделерді орындау, адамдармен үнемі кездесулер өткізіп отыру қажеттігін атап өтті. Халық мүддесі жолында аянбай тер төгу қажет.
Жақында сіздердің назарларыңызға ұсынылатын 2021-2025 жылдарға арналған Жамбыл облысын дамыту бағдарламасы да осы мақсаттарды көздейді. Ол барлық әлеуметтік-экономикалық салаларды қамтитын үш бағыттан және 16 индикатордан тұрады. Құжатта 2025 жылға қарай елді мекендер ауыз сумен, газбен, жақсы жолдармен қамтамасыз етіліп, апаттық және үш ауысымды мектептер мәселесі екі жыл ішінде шешіліп, бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны 60 пайызға дейін арттыру көзделген. Жұмыссыздықпен тиімді күресу үшін жыл сайын кем дегенде 20000 тұрақты жұмыс орнын құру керек. Жақсы үйлестірілген және сапалы жұмыс кезінде бұл мақсаттарға толықтай қол жеткізуге болады. Бағдарламаны талқылау мен нақтылауға белсенді қатысуға шақырамын, барлық ұсыныстар зерделенеді және ескерілетін болады, - деді Бердібек Сапарбаев.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұлттың жаңа болмысын қалай қалыптастырамыз?
Ұқсас жаңалықтар
Тоқаев Гвинея-Бисау президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
- авторМағжан Орынбасар
- 18 желтоқсан, 2024