Биыл 103-мәрте ұйымдастырылған велоспорттан әлемдік деңгейдегі «Джиро д’Италия» суперкөпкүндігі 15,7 шақырымдық жекелей жарыспен Милан көшелерінде мәресіне жетті. «Астана» командасының велошабандозы әрі осы жарыстағы капитаны Якоб Фульсанг Италия тасжолдарында 21 күнге жалғасқан көпкүндіктің жалпы есебінде 6-орынға ие болды. Бұл – даниялық спортшының карьерасындағы ең үздік нәтиже.
Соңғы «жекелей уақытқа» арналған жарыс күні Миланда күтпеген жағдаймен аяқталды. Кезең басталар алдында жалпы есептің көшбасшысы Джей Хиндли мен 2-орында тұрған британиялық Тео Геоган Харттың арасын бірнеше секунд қана бөліп тұрған-ды. Нәтижесінде, жекелей жарыс жалпы көпкүндіктің тағдырын шешіп кетті. Геоган Харт Хиндлиге қарағанда, 39 секунд жылдам өнер көрсетіп, жалпы кезең қорытындысы бойынша «Джиро д’Италия 2020» велододасының жеңімпазы атанды. Хиндли 2-орын иеленсе, үздік үштік қатарын Нидерланд өкілі Вилко Келдерман толықтырды.
«Астана» велокомандасынан Фульсанг жалпы есепте үздік ондықтың қатарынан көрінгенімен, жерлестеріміз үшін италиялық Гранд-тур жарысы сәтті өтті деп айта алмаймыз. Велокөпкүндіктің басталуына бірер күн қалғанда «Астананың» негізгі екі шабандозы – Мигель Анхель Лопес пен Александр Власов қатардан шығып қалды. Дәл осы екі спортшының даниялық велошабандоздың жалпы есепте жақсы нәтиже көрсетуіне көмегі орасан зор еді. Ал соңғы аптада Мануэле Боароның да жарысты жалғастыра алмайтыны белгілі болды. Осындай қиындыққа қарамастан, «Астана» спортшылары әр кезең сайын жоғары орынға ұмтылды.
Қазақстандық команданың велошабандоздары бірде-бір кезеңде жарыс жеңімпазы атанбаса да, 9 мәрте үздік ондықтың қатарынан көрінді. Ал алтыншы кезеңде 30 жастағы италиялық Фабио Феллине мәре сызығын үшінші болып кесті. Ал Якоб Фульсанг 5-кезеңде тоғызыншы, 9-кезеңде тоғызыншы, 13-кезеңде жетінші, 15-кезеңде тоғызыншы және 18-кезеңде төртінші орынға ие болды. Осы нәтижесінің арқасында ол өзінің Гранд-турлардағы ең үздік нәтижесіне қол жеткізді. Сондай-ақ 16 және 17-кезеңде «Астананың» тағы екі өкілі Мануэле Боаро мен Оскар Родригес жарыс күнін тоғызыншы және сегізінші орынмен аяқтады. Жалпыкомандалық есепте «Астана» жігіттері тоғызыншы болды.
Айта кетейік, 2013 және 2016 жылдары «Астанамен» бірге «Джиро д’Италия» жарысында екі мәрте топ жарған италиялық Винченцо Нибали бұл жолы 7-орынға табан тіресе, 2017-2019 жылдары елордалық командада өнер көрсеткен испаниялық Пельо Бильбао доданы 5-орынмен қорытындылады.
21-кезеңдегі жекелей жарыста мәреге 31-болып келген Фульсанг суперкөпкүндікті қорытындылап, жарыс туралы ойын ортаға салды.
– Әрине, біз Италияға қызғылт жейдені иелену үшін келген едік. Алайда жарыс қорытындысы бойынша жалпы есепті 6-орынмен аяқтадық. Бұл біз үшін өте ауыр жол болды. Жарыс басталмай жатып та, жарыс барысында да біраз қиындыққа тап болдық. Жақсы сәттер де аз болған жоқ. Жалпы, биылғы бәсеке осылай өтті. Әрбір бөлшегіне дейін есептеу мүмкін емес. Сондықтан ылғи да өз жұмысыңды 100% жақсы атқаруың керек. Әрқайсымыз қолымыздан келгенін істедік. Соңына дейін күрестік. Енді міне, Миланда біз жарысты 6-шы болып аяқтадық. Әрине, бәсекені жеңістің ең биік тұғырында қорытындылағым келді. Бірақ велоспорт деген осындай. Кейде жеңесің, кейде жеңілесің. Алда мені тағы да көптеген жарыс күтіп тұр. Дәл қазіргі сәтте мен демалыс туралы және отбасыммен қалай уақыт өткізетінім жайлы ойлап тұрмын. Қиынға соққан маусымнан кейін біраз уақытты, келесі жарыстар басталғанша велосипедсіз өткізгім келеді, – деді Якоб Фульсанг.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен кетуі мүмкін
- авторМағжан Орынбасар
- 12 қараша, 2024