жұма, 27 желтоқсан, 2024 2:34

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Карантинде бұқаралық спортпен айналысушылар қатары артты

Карантинде бұқаралық спортпен айналысушылар қатары артты
ашық дереккөзі
Карантинде бұқаралық спортпен айналысушылар қатары артты
Спортпен шұғылданудың денсаулыққа пайдалы екені барлығымызға аян. Салауатты өмір салтын  ұстанудың негізгі тетігі спортпен айналысуда жатқанын да жақсы біледі ел. Бірақ белгілі бір спорт түрімен айналысып, соның соңына түскендер болмаса, көбіміздің жайшылықта бір мезгіл жүгіріп, дене жаттығуларын жасау арқылы шынығуға құлқымыз бола бермейтіні шындық. Біреу уақыты бола тұра спортпен айналысуға жалқауланса, тағы бірінің денсаулығы жоқ. Біреудің бұған күнделікті күйбең тіршіліктен қолы тие бермеуі мүмкін. Дене еңбегін қажет ететін ауыр жұмыстағылар кешкілік төсегіне спортсыз-ақ қалжырап келіп, құлай кететіні белгілі. Ал енді бірінің қолы бос болса да жүгіріп қара терге түскеннен, күні бойы көлеңкеде отырып дамылдағанды қолайлы санайды. Әйтеуір жұрттың бәрінің спортты жанына серік ете алмауына осындай жағдайлар түрткі болып жатады. Дегенмен соңғы уақытта Тараз қаласы тұрғындарының кейбірінің спортқа бет бұра бастағаны байқалады. Әсіресе таңертең, не кешкілік саябақтарда, мектеп ауласында жүгіріп жүрген зейнеткерлерді көзіміз шалып қалып жүр. Мәселен  өзін Бекайдар деп таныстырған «Қаратау» ықшамауданының тұрғыны таңертең ҚР Тұңғыш Президенті саябағында жүгіруді әдетке айналдырғанына бірнеше жыл болғанын айтады. Жасы жетпіске таяса да әлі тың секілді көрінді бізге. Сауалымызға жауап бермес бұрын үсті-басымызға сынай қараған қария: «Шылым тартасың ба?» деп қарсы сауал қойды. Мен үнсіз бас изегеннен кейін спорт туралы шешіле сөйлей жөнелді. – Қазақта «Өзің дуанасың, кімге пір боласың?» деген сөз бар. Спорттың адам денсаулығына пайдасы туралы жазбас бұрын, спортпен шұғылдан. Тым болмаса менің қасыма қосылып күнде жүгір. Басыңнан өткер, жан-тәніңмен сезін. Мұны айтып отырған себебім, күнделікті жүгірген адамның физикалық белсенділігі артып қана қоймай, темекіні де оңай тастай алады. Бір тал темекі адамның құмарын баспайды, керісінше шылымға деген әуестікті арттыра түседі. Ал жүгіру темекіге деген тәуелділікті бәсеңдетеді, адамды төзімділікке тәрбиелейді. Мұны шылым тартуды осындай тәсілмен қойғаннан кейін айтып отырмын, – деді ол. Бұдан кейінгі сөзге тартқан бір-екі кейіпкерім жүгіруді жаңадан бастағандар санатында болып шықты, әрі сөзге де шорқақтау көрінді. Солардың бірі «Алатау» ықшамауданында 4-5 зейнеткер елімізде карантин жарияланғалы бері жүгіруді әдетке айналдырғанын, олардың арасында біреуі танысы екенін айтып, ұялы телефон номерін берді. – Жүгірудің адам ағзасына қандай пайдасы бар екенін тап басып айта алмаймын, бір білетінім күні бойы адам сергек жүреді екен. Бұрын аяғымыздың буын-буыны сырқыраушы еді қазір біршама басылған секілді. Спорт адамның жүйкесінің жақсаруына да пайдасы бар-ау деп ойлаймын. Өйткені ұйқым тынышталды. Қазір 66 жастамын. Өзім секілді Салтанат, Роза, Гала есімді әжейлер де таңертеңнен жүгіруді, дене жаттығуын жасауды 3 айдан бері әдетке айналдырды. Бұл қадамға әлемді әбігерге салған короновирус инфекциясына егде адамдар тез шалдығады деген ақпаратты естігеннен кейін барып отырмыз. Барлығымыз осы маңдарда тұрамыз. №49 орта мектептің спорт алаңшасына күнде таңғы сағат 06:30-да жиналып, барынша сақтық шараларын сақтай отырып жүгіреміз және дене жаттығуын жасаймыз. Одан кейін үйге барып душ қабылдаймыз. Таңғы асымызды ішкеннен кейін сағат 11:00-ге таяу бір ауық тұрғынүй ауласында серуендейміз. Кешке қарай бір-екі сағат серуендеу де әдетімізге айналды, – деді Гүлбахира Кенебаева есімді «Алатау» ықшамауданының тұрғыны. Осы орайда біз спорттың, оның ішінде жүгіру мен дене жаттығуының адам ағзасына нақты қандай әсері бар екенін Тараз қаласындағы №5 қалалық емхананың бас дәрігерінің медициналық бөлімі жөніндегі орынбасары Рахат Аймурзаевтан сұрап білдік. Ол жүгіру және дене жаттығуын жасау кез келген жастағы адамның денсаулығын жақсартатынын айтады. – Спорттық жаттығулар жасау көптеген аурулардың алдын алудың тиімді әрі арзанға түсетін тәсілі. Мәселен дене жаттығуларының аэробика, аквааэробика, фитнес, пилатес, йога, тай-чи, фитбол, степ, джогинг, стретчинг, ішпен билеу секілді түрлері көп. Оның бірі ағзаның оттегіге деген қажеттілігін арттыруға қатысы бар бұлшықеттерді шынықтырса, тағы бірі адамның жүйке жүйесін, қантамырлары мен жүрек қағысын реттейді. Адамды психологиялық тұрғыда емдеп, күйзелістен, ауыр салмақтан арылтады. Таңертең жүгіру өкпені таза оттегімен қамтамасыз етеді. Денені шынықтыру арқылы адам өзінің имундық жүйесінің қарулануына қол жеткізеді. Ағзадағы керексіз заттардан адам жаттығу кезінде шыққан тер арқылы арылады. Бір айта кетерлігі, кез келген адам жүгірерде арнайы жаттығу жасап, денесін қыздырып алғаны дұрыс. Сонымен қатар терлеп тұрып салқын суға түсуден, мұздай сусын ішуден аулақ болғаны ләзім. Мұндай жағдайда адам өзіне ауру тілеп алуы мүмкін. Мүмкін болса кез келген жаттығуды мамандармен кеңесе отырып жүргізгеннің артықтығы жоқ, – дейді Рахат Ерғалиұлы. Осы күні зейнеткерлердің спортпен шұғылдануға көңіл бөле бастағанын облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының спорт түрлерін дамыту бөлімінің бас маманы Ерназар Тоқсанбаев та растап отыр. – Өңірімізде спорт  дамып, оның ішінде бұқаралық спорттың өркен жаюына мемлекеттік саясат арқау болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың 2 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды» деп нақты атап көрсетті. Осы арқылы қоғам алдына спорт инфрақұрылымдарын қолжетімді ету мен жаңа чемпиондар даярлау алгоритмін жасау туралы аса маңызды міндеттер қойылды. Осыған орай біздің басқарма өңірдегі бұқаралық спортты қарқынды дамыту бағытында мектеп жасындағы жас спортшыларға және жастарға ерекше мән беру тәжірибесін орнықтырды. Қазіргі таңда облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 354,8 мың адамды құрап отыр. Бұл облыс тұрғындарының 31,3 пайызы. Жастар арасында да дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар саны артып келеді. Өйткені қазір жастардың белгілі бір спортпен шұғылдану арқылы  жетістікке жету мүмкіндігі бар екенін біледі. Өзінің денсаулығы үшін дене шынықтыратын немесе спортпен жүйелі түрде шұғылданатын, саламатты өмір салтын ұстануды дағдыға айналдырған 14 пен 29 жасқа дейінгі өскіндер саны 152,1 мың адамға жетіп отыр. 7 мен 18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің 34 885-і түрлі спорттық секцияға қатысады. Жұртшылықты спорттық шаралармен қамту бағытындағы шаруалар биыл елдегі жағдайға байланысты біршама тежеліп тұр. Десе де жыл басынан бері өңірімізде салауатты өмір салтын насихаттау бағытында 992 спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Одан бөлек бірнеше онлайн спорт шаралары өтті. Былтырғы жылы Тараз қаласы мен аудандарды қоса есептегенде 4520 адамның әртүрлі спортпен шұғылданатыны анықталған еді. Биыл спортпен айналысатын қарт адамдардың саны артпаса, кемімейді деген ойдамыз. Өйткені спортпен айналысу өмір үшін күрес екенін аты жаман індет ұқтырып отыр. Кімнің денсаулығы мықты болса, оны ауру жеңе алмайтыны анық, – дейді Ерназар Берікұлы. Қалай десек те жұрттың жүгіруге әуестене бастағаны қуантады. Бұл тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануының нақты көрінісі. Десе де жүгіру арқылы спортпен айналысуға ден қоярда дәрігермен кеңесуді де ұмытпаған жөн секілді. Өйткені кейбір дімкәс адамдар үшін спорттың бұл түрі қауіпті көрінеді. Сол үшін олар бір мезгіл серуендесе жеткілікті дейді мамандар.  

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

 
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар