Тарихтың жаңа парағы ретінде Сиыр жылы да келді. Орыстардың танымында бұл жыл – Бұқа жылы деп те аталады. Ал бұқа Испания халқында ерекше жануар саналады. Үндістер сиырды пір тұтса, испандықтардың бұқамен айқасы нағыз спорт, тіпті ұлттың төл өнері.
Бүгінде коррида Испания мемлекетінен бөлек, Оңтүстік Америка мен Еуропаның бірқатар елдерінде өте танымал. Ал аталған спорт түрі сонау қола дәуірінен тамыр тартады. Тарихқа көз салсақ, иберийцтер Пиреней түбегіне қоныстана бастаған тұста бұқаларды Тәңірге құрбандыққа шалуды дәстүрге айналдырған. Кейіннен бұл салт спорттық сипат алып, жауынгерлердің шеберлігін шыңдау үшін көпшіліктің алдына шығарылған. Иберийцтер бұқаларды өлтіру арқылы өздерінің ата жаулары мавровтарды да мерт қылып жатырмыз деп сенген. Орта ғасырда корридаға шіркеу католиктері тыйым салуға тырысқан. Алайда Испан халқының салтын монархтың өзі қорғап қалып, бүгінгі ұрпаққа жетуіне түрткі болған. Коррида қанды спорт болғандықтан оған жануарлар дүниесін қорғаушы ұйымдар да қарсы. Алайда тореадорлардың өнерін тамашалау үшін алаңға мыңдаған адам жиналып, бұқа мен матадордың шайқасын ерекше ықыласпен тамашалайды. Тореадорлар бұқамен арпалыста өздерінің шеберліктерімен қатар, жануардың жанын түсінетін танымдарымен де ерекшеленеді. Жалпы корриданың қола дәуірінен бері бірнеше түрі болған. Алайда барлығында адамның жануардан күштілігі және айлакерлігі көрініс тауып отырған. Десе де мамандар бүгінгі коррида ертедегі жаужүректердің жануармен ашық шайқасынан гөрі шоуға айналып кеткенін айтады. Соңғы ғасырдың бедерінде корридада 4-6 жасар бұқалармен жекпе-жек ұйымдастырылып келеді. Бірақ кейінгі бұқалардың тұқымы ұсақталып кеткендіктен оларды ертедегі алып жануарлармен салыстыруға келмейді. Бұрындары бір бұқаны жеңу үшін білікті матадор, шебер тореадор, пикадор мен бандерильеролардың күш біріктіруіне тура келген. Және әрқайсысы жеке маман ретінде танылып, бағаланған. Олар үшін коррида спорт қана емес, өмірінің бір бөлігі саналған. Матадорлар ерекше ептілігімен қатар, көрермендер сұранса, алдында тізерлеген жануарға кешірім де білдіре білген. Осылайша олар матадордың мақсаты бұқаны өлтіру емес, күш-қайратын дәлелдеу екенін көрсеткен. Бірақ корридаға халық қан көру үшін жиналатындықтан бұқа мен матадордың жекпе-жегі көп жағдайда өліммен аяқталып отырған. Осыған орай 2014 жылы Испан билігі корридаға тыйым салды. Мұндай шешімнің қабылдануына соңғы сайыста 3 матадордың бірдей ауыр жарақат алуы себеп болған. Көздері қанталаған бұқалар ешкімді де аямаған. Әсіресе дүйім жұртқа аты мәшһүр Давид Мора есімді матадор басқасына қарағанда ауыр жараланған. «Коррида – бұл спорт емес. Бұл ешқашан спорт болуға тиіс емес. Бұл қасірет... қасірет – бұқаның өлуі», – деп бағалаған екен алғаш рет бұқа мен адамның жекпе-жегін тамашалаған жазушы Эрнест Хэмингуэй. Алайда ұлы тұлғаның пікірі мен биліктің шектеуі испандықтарға корриданы төл өнері ретінде бағалауға шектеу бола алмауда. Оған дәлел бүгінде Испанияда үлкен аренада болмаса да ауылдардың арасында жылына 2000-дай бұқа мен адам жекпе-жегі өткізіледі. Ал корриданы қолдаушылар бұл ойынды ұлттық тарихқа тамырын бойлатқан көне өнер деп санайды. Сондықтан коррида барда салт өлмейді. Сондай-ақ матадорлар да мәңгілік жасайды!
С.Жапарұлы
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Жүз жылдық тарихы бар білім ошағы жаңа ғимаратқа көшті
Ұқсас жаңалықтар
Андрей Мартин «Ордабасы» футбол клубының бас бапкері қызметіне келді
- авторМағжан Орынбасар
- 22 желтоқсан, 2024
Футбол федерациясының жаңа президенті болып Марат Омаров сайланды
- авторМағжан Орынбасар
- 20 желтоқсан, 2024