Олимпиадада күресіп жатқанда Демеу Жадыраевтың 5 жыл күткен перзенті өмірге келген
- авторjambylinfo.kz
- 10 тамыз, 2024
- 743
Демеу Жадыравтың анасы көпшілік баласының аты-жөніне таң қалатынын айтады. inbusiness.kz сайты жазғандай, алтын құрсақты ана баласы жайлы тың деректермен бөлісті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Біз Жетісу облысы Панфилов ауданына қарасты Үшарал ауылында тұрамыз. Өзім де, жолдасым да осы ауылда туып-өстік. Мен – малшының қызымын. Жолдасым Нұрдәулет те малшы болды. Талай жыл шопыр болып жұмыс істеді. 2001 жылы дүниеден өтті. Көпшілік баламның аты-жөніне таңғалып жатса керек. Жадыра – арғы атасының есімі. Ұлымның есімін Демеу деп өз атасы қойды. Жақын досының аты Демеу болса керек. Мен төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдім. Демеу – ең кенжем. Бәрі үйлі-баранды, балалы-шағалы. Төртеуі Алматыда тұрады. Қара шаңырақта Демеудің алдында туған ағасы Нұрбақытпен бірге тұрамын. Демеу әрі-бері жарыстан жарысқа, жиыннан жиынға шапқылап жүреді. Алматыда тұруға тиіс. Балам Бейжің Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев екеуі – бір ауылдан түлеп шыққан спортшылар. Ауылда балалар сыртта ойнап, ақырында спортқа қызығады ғой. Сол кезде Демеу де спортқа бейім болып, күресте жетістікке жеткен үлкендердің суреттерін көріп, армандайтын. Мұны байқаған әкесі оны 3-сынып оқып жүргенде күрес секциясына жетектеп апарды. Ең алғашқы бапкері Жұмахан Тұрғанбеков Талдықорғанға ертіп барып, ары қарай спортшы ретінде қалыптасуына үлкен үлес қосты. Интернетте кеше балам жарысқа шыққанда Жұмаханның көзіне жас алып, толқып отырған видеосы кеңінен тарап кетті ғой. Ол видеоны көрген біздің де көңіліміз босады. Жұмахан "Тәте, Талдықорғанда дарынды балаларға арналған спорт интернаты ашылғалы жатыр" деп қыркүйекте мектепке барып жүрген баламды сұрап алды. Ол кезде Демеу 6-сыныпта оқитын. Сөйтіп, Талғат Баймұқанов, Елдос Қосбағаров, Демеуді облыс орталығына алып кетті. Онда білім алған соң Алматыға оқуға түссе де, спорттан қол үзбеді. Сол кезде Жұмахан білікті бапкер Боранбек Қоңыратовқа "Жалғыз жүрмесін. Ары қарай сіз жетектеңіз" деп баламды аманаттап, тапсырды. Жұмахан аяқ асты инсульт алып, ауырып қалды. Балам қазір 34 жаста. "Уақытың келді. Күресіңді қойсаңшы. Спорт, спорт деп шаршадың ғой" деп талай айттық. Ол "Шаршамаймын. Қоймаймын. Олимпиадаға дейін жетіп, карьерамды аяқтаймын" деп бой бермей қойды. Бұрын ол "Сіз мен қатысқан жарысқа барсаңыз күреспеймін" дейтін. Бірақ алыстан теледидардан көріп, тақымымды қысып отырамын. Парижде барлық белдесуін көрдім. Көпшілік екі дүркін әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, қырғыз балуаны Ақжол Махмұдовты жеңгенін әлі күнге дейін айтып жүр ғой. Мен Ақжол секілді мықтыны ұтқан соң, қалғанын да ұтады деп сендім. Биыл балам үшін сәтті жыл болды. Бәріміз оған "Сенің жылың" деп айтамыз. Бішкекте Олимпиадаға жолдама ұтып алды. Сол жарысқа барғанда келінім босанып, немерелі болдым. Демеудің бес жыл күткен тұңғышы – Дана қызым өмір есігін ашты. Немеремнің аяғы алтын! Демеудің Париждегі жетістігі – немеремнің несібесі. Асыға күткен немереміз әкесінің жолын оңғарып, жетістікке жетуіне септігін тигізді. Боз кілемде ұлымның өз-өзіне сенімді болғанын байқауға болады. Оның күмісі біз үшін алтынға бергісіз! Финалды үйде қала және ауыл әкімі, Талдықорған, Қапшағай, Алматыдан келген журналистер және туыстармен отырып бірге тамашаладық. Алматыдағы ұл-қыздарымды да шақырып алдым. Демеудің жары үш айлық баламен үйде отырған соң келе алмады. Адам саны көп болғандықтан, үйде көруге мүмкіндік болмады. Сондықтан аулаға теледидар қойып, бәріміз бірге көрдік. Сонау Кегеннен Нұрбақыт келді. Оның анасы да қасымыздан табылды. Осындай сәтте қуанышымызды бөліскен оларға алғысым шексіз! Жарыс біткен соң Демеу "Анашым, күміс жүлде құтты болсын! Бәрі жақсы!" деп хабарласты. Кейін қарасам телеарна журналисіне "Алтын ала алмадым. Бұйырғаны – осы" деп сұхбат беріпті. Бұл жүлдеге жеткен де бар, жетпеген де бар. Аллаға сансыз шүкір. Бұл – елдегі грек-рим күресі тарихында бізге бұйырған тарихи жүлде. Бұйырса, 10-тамызда Алматыға барып күтіп аламыз. Балам Қазақстанның абыройы үшін терін төкті, күшін сарп етті. Айлап үй көрмейтін. Апталап залдан шықпайтын. Екі ай жаттықса, екі-ақ күн демалып, залға қарай жүгіре жөнелетін. Сол еңбегі ақталды! Балам секілді ел мерейін үстем ететін спортшыларымыз көп болсын! Спортта топ жару оңай емес. Мұндай қиын жолды таңдап алған балаға үнемі қолдау керек. Сондықтан Демеуім секілді елін сүйер азаматтар Қазақстан абыройын асқақтата берсін! Қоржынымыз Олимпиада жүлделеріне молайа түссін! – дейді анасы.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен кетуі мүмкін
- авторМағжан Орынбасар
- 12 қараша, 2024