Қазақтың танымал кәсіпқой боксшысы, орта салмақта IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы келесі жекпе-жегін 6 желтоқсанда АҚШ-тың Сан-Антонио қаласында өткізеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Qazaq Style лақап атымен танылған Әлімханұлының қарсыласы – 42 жастағы кубалық тәжірибелі боксшы Эрисланди Лара. Гуантанамо қаласының тумасы Лара 2005 жылы Қытайда өткен әуесқойлар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль иеленген болатын. Сол турнирдің жартылай финалында ол қазақ боксшысы Бақтияр Артаевты жеңген. Кейін Бақыт Сәрсекбаевпен екі мәрте жолығып, екеуінде де жеңіліс тапқан.
Кубалық спортшы 2007 жылы Бразилияда өткен Панамерика ойындары кезінде елінен қашпақ болып, сәтсіздікке ұшыраған. Алайда келесі жылы бұл жоспарын іске асырып, Германия арқылы АҚШ-қа өтіп кеткен. Сол жылдан бастап кәсіпқой боксқа бет бұрып, 2008 жылдың жазында алғашқы кездесуін өткізді.
Қазіргі таңда Эрисланди Лараның кәсіби мансабында 36 жекпе-жек бар: оның 30-ында жеңіске жетіп, 18 қарсыласын нокаутқа түсірген. Ол тек Пол Уильямс, Сауль Альварес және Джерретт Херд сынды әлем жұлдыздарына ғана ұпай санымен есе жіберген. Сондай-ақ Молина, Мартиросян және Костаноға қарсы өткен кездесулер тең нәтижемен аяқталған. Қазір Лара WBA тұжырымының әлем чемпионы.
Ал Жәнібек Әлімханұлы – соңғы жылдары қазақ боксының символына айналған есім. 32 жастағы чемпион кәсіпқой аренада 17 жекпе-жек өткізіп, бәрінде де жеңіске жеткен. Оның 12-сі нокаутпен аяқталған. Қазіргі таңда ол екі бірдей әлемдік белбеуді иеленіп, орта салмақтағы ең мықтылардың бірі саналады.
6 желтоқсандағы Сан-Антонио шайқасы — Әлімханұлының мансабындағы ең ірі және тартысты жекпе-жектердің бірі болмақ.
Ұқсас жаңалықтар
Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына байланысты мәлімдеме жасады
- авторБақытжан Бекболат
- 3 желтоқсан, 2025






