сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 7:31

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жеңіске құштар жамбылдық жампоздар

Жеңіске құштар жамбылдық жампоздар
ашық дереккөзі
Жеңіске құштар жамбылдық жампоздар

Жамбыл спорты десе, кіл мықтылардың есімдері еске оралатыны белгілі. Әрісі, Мәскеу Олимпиадасында атой салған, таяуда ғана бақилық болған аңыз адам, ұлт мақтанышы, грек-рим күресінің шебері Жақсылық Үшкемпіровтен басталары хақ.

Ал тәуелсіздіктің көк туы желбірегелі бері қаншама сайыпқырандарымыз ел үмітін ақтады десеңізші. Атлантада қола алған соң Сиднейде сол қоласын алтынға алмастырған боксшы Ермахан Ыбырайымовтың спорттағы жүріп өткен жолы талай жас ұрпаққа үлгі екені даусыз. Екі мәрте Олимпиаданың күміс жүлдесін мойнына ілген Болат Жұмаділовтің де толайым табысы естен шықпақ емес. Афины Олимпиадасында жанкүйерлер қобалжып: «алтын жүлдесіз қаламыз ба?» деп дағдарып тұрғанда ел қоржынына жалғыз алтын жүлдені салып, Баркер кубогын қоса иеленген боксшы Бақтияр Артаевтың ерлігін кім естен шығарсын?! Атланта Олимпиадасында қола жүлдегер атанған Болат Ниязымбетовтің табысы да жұрт жадында. Олардан бөлек әлем чемпионаттары мен Азия ойындарында, құрлық чемпионатында топ жарған қаншама саңлағымыз бар. Лондонда өткен Олимпиада ойындарында еркін күрестен қола жүлдеге қол жеткізген Ақжүрек Таңатаровқа, Рио-де-Жанейро Олимпиадасында дзюдо күресінен күміс медальді жеңіп алған Елдос Сметовке жастарымыз еліктеп өссе дейміз.

Бүгінде егемен елімізде дене шынықтыру мен спортты дамыту мемлекеттік саясат пен ұлттық идеологияның ажырамас бөлігіне айналғаны баршаға аян. Оның ішінде бұқаралық спортты өркендетуге үлкен мән беріліп келе жатқаны да белгілі. Өйткені, спорт мемлекеттің атын шығарып, еліміздің халықаралық аренадағы мәртебесін көтеретін болса, бұқаралық спорт – мемлекетіміздің баға жетпес байлығы денсаулықтың кепілі.

Қасиетті Жамбыл жері, киелі Әулиеата өңірінің өзіндік спорттық дәстүрі қалыптасқанын бәріміз жақсы білеміз. Қасиет дарып, құт қонған топырақтан көптеген атақты спортшылар шыққанын жоғарыда айтып өттік. Өйткені, үлкен табысқа жеткен спортшы ұлтының мақтанышы, халқының қуанышы. Осындай табыстарға жетуде спорт ардагерлерінің алар орны да ерекше. Сонымен қатар, облыстағы өз ісіне адал берілген, шын мәніндегі кәсіби бапкерлердің еңбегі ерен. Өйткені, спортшылардың барлық жетістіктері мен жеңістері осы бапкерлердің тынымсыз тірліктерінің арқасында келетін табыстар.

Жыл санап Тараз қаласы мен аудандарда спорт нысандарының саны өсіп, қолжетімділігі артып келеді. Соңғы екі жылда облыста 178 спорт нысандары ел игілігіне берілді. Осындай игі істердің нәтижесінде бүгінде облыста 354,8 мыңнан астам өңір тұрғындары жүйелі түрде спортпен шұғылдануда.

Енді біздің алдымызда бұқаралық спорт арқылы еңбек өнімділігін арттыру және ұлтына адал берілген ұрпақ тәрбиелеп, олардың бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың аса жауапты міндеттері тұр.

Өкінішке қарай биылғы «Спорт күні» мерекесі төрткүл дүниені әбігерге салған коронавирус пандемиясымен қатар келіп отыр. Әйтпесе, Олимпиада ойындарына көз тігетін-ақ кез еді ғой. Дзюдошы Елдос Сметов пен боксшы Әбілхан Аманқұл бастаған сайыпқырандарымызға жанкүйер болатын уақыт еді. Бірақ, осы бір аты жаман індеттің елімізге дендеп енгеніне қарамастан аттары әлемге әйгілі жамбылдық саңлақ спортшыларымыз онлайн жүйеде жаттығулар жасап, көпке өнегелі істің үлгісін көрсете білді.

Бүгінгідей күрделі күндердің де артта қалатыны аян. Сол кезде барлық спорт нысандары толыққанды жұмыс жасап, спортты жанына серік еткен азаматтарға толық мүмкіндіктердің ашылары сөзсіз.

Алда үлкен додалардың тосып тұрғаны мәлім. Айталық, Жазғы Олимпиада ойындары келесі жылы өтетін болып шешілгенін жанкүйерлер жақсы біледі. Ел спортшылары да, аталмыш аламанға жолдама алған өңір спортшылары да бүгінде құр жатпай, төртжылдықтың басты додасына іштей дайындықты пысықтап жүргені ақиқат.

Ел спортының, спортшыларының мерейі артып, Жамбыл спорты да қарқынды түрде дами түссін. Барлық с п о р т ш ы л а р д ы о с ы н ау ғ а ж а п мерекемізбен құттықтаймын. Табысқа толы жылдар тізбегі жалғасты болғай!

Нұрбол ЖҮНІСБЕКОВ,

облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар