жұма, 22 қараша, 2024 13:02

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Біздің мақсат – туризмді инвестиция арқылы дамыту»

«Біздің мақсат – туризмді инвестиция арқылы дамыту»
ашық дереккөзі
«Біздің мақсат – туризмді инвестиция арқылы дамыту»

Ел экономикасының негізгі қозғаушы күшінің бірі – туризм. Ал, 2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласы болсын, өткені мен бүгінін байланыстырып жатқан ғазал жауһарларымен танылған қасиетті Әулиеата өңірі болсын, туризимнің тынысын кеңейтетін өлке екені даусыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жуырдағы Жолдауында экотуризимді дамыту қажеттігін баса айтты. Осы ретте облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Ғани Майлыбаевпен жүздесіп, өңір туризмінің бүгіні мен болашағы жайлы әңгіме өрбіткен едік.

– Ғани Айдарұлы, аймақ туризмінің тізгінін ұстағаныңызға төрт ай өте шығыпты. Айтыңызшы, осы уақыт бедерінде қандай жұмыстар атқарылды? – Есепті кезеңде туризм саласының ертеңі үшін елеулі шаруаларды қолға алдық. Оның ең бастысы – облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен 2020-2022 жылдарға арналған стратегиялық жоспар әзірледік. Бұл жоспар бізге алдағы жылдарға нақты міндеттерді айқындап берді. Баршаға мәлім, туризмді дамыту үшін ең алдымен инфрақұрылымды жақсарту керек. Стратегиялық жоспардың бірінші бағыты осы инфрақұрылымды дамытуға бағытталып отыр. Екінші міндет – туризмнің материалдық базасын жаңғырту. Үшіншісі – жаңа нысандардың құрылысын жандандыруға инвесторларды тарту шараларын әзірлеу. Одан кейінгі мақсат – облыстың туристік брендін республикалық және әлемдік деңгейде танымал ету. Оған Әулиеата жерінің әлеуеті 100 пайызға жетеді. Ендігі мәселе туристерді немен таңғалдырамыз? Зәулім ғимараттармен бе, әлде бес жұлдызды қонақүйлермен бе? Қарасаңыздар оның барлығы әлемде бар. Ал Тараз қаласының басты ерекшелігі – ол еліміздегі көне қалаларды алып қарайтын болсаңыз, тек Тараз қаласы ғана өзінің тарихи мекенінде орналасқан. Мәселен, Отырар қаласының орнынан шаһар салынған жоқ. Яссы, Сығанақ қалалары Отырардан белгілі бір қашықтықта орын тепкен. Менің бұл жерде айтайын дегенім, тек Тараз қаласы өзінің мәдени, тарихи дүниелерін сақтай отырып дамыған қала. Сондықтан бұл біздің брендімізге айналуы керек. – «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» деп Елбасы да көне шаһарға өзінің жоғары бағасын берді. Одан бөлек Тараз қаласы ғана емес тұтас өлкеміз тарихи орындарға бай. Осы құндылықтарымызды дәріптеп, өзіңіз айтқандай брендке айналдыру үшін не істемек керек? – Тоғыз жолдың торабында орналасқан Тараз қаласының бәсекелестік нарықты жаулап алуына әлеуеті жеткілікті. Біріншіден, Тараз шаһары Ұлы Жібек жолы бойындағы, өз тарихи мекенін сақтап қалған жалғыз қала. Одан кейін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі бізге Еуропаға есік ашып тұр. Тағы бір құндылығымыз Тараз қаласы 160-200-ге жуық ортағасырлық қалашықтың ортасында орналасқан. Ал тарихи-мәдени нысандарға келетін болсақ, облыста 3441 нысан бар. Оның ішінде 37 нысан туристік маршрутқа еніп отыр. Биыл оның санын 60-қа жеткіздік. Яғни төрт айда 23 нысанға көбейттік. Бұл облыс әкімі айқындап берген стратегиялық жоспардың алғашқы жемісі десек болады. Қазір біз осы нысандардың тиімділігін, жай-күйін және туристер үшін қолайлылығын зерделеп жатырмыз. Ендігі мәселе – егер турист немесе қалаға қонақ келе қалса, ол қолы бос бір сағатында қайда бара алады? Таразды танымайтын адам тарихи орындар туралы ақпаратты қайдан табады? Міне осы сауалдарға жауап беру үшін туризмге цифрлық жүйе енгізуді қолға алдық. Егер туризмге цифрландыру келмесе, онда ілгерілеу болмайды. Осы мақсатқа жету үшін біз облыс әкімі тапсырған «Ақылды қала» форматын пайдаланып жатырмыз. Ол үшін өңірдегі Тамды, Саудакент, Бектөбе, Аспара, Баркуаб қалашықтарын ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру жоспарда тұр. Сондай-ақ онда барған адамдарға тарихи орын туралы цифрлық ақпарат беруден бөлек, бір мезгіл тыныстап, тамақтануы үшін де қолайлы орындар ашсақ дейміз. Бір сөзбен айтқанда, келген турист керектінің бәрін бір жерден табуы қажет. Сонда ғана біз тарихи орнымызды таныта отырып, туристерді де көптеп тартамыз. Бұдан бөлек тарихи орындарды тек туристер үшін жаңғартпауымыз керек. Ол орын жергілікті тұрғындарға жұмыс орнын беріп, ауылдың, ауданның экономикалық әлеуетін көтеруі тиіс. Біздің қазіргі басты мақсатымыз – осы. – Айтып отырғаныңыз дұрыс. Алайда халық бұны қабылдай ала ма? – Бұл мәселе бізді де толғандырады. Бір ғана мысал Талас ауданына кетіп бара жатқан жолдағы Әулиебастау деген жерге барсаңыз қарапайым дәретхана жоқ. Жолы, инфрақұрылымы бәрі жақсы, бірақ келген адамдар киім ауыстырып, қажеттілігін өтейтін орын қарастырылмаған. Қысы-жазы бір температурадағы суға шомылып, дертіне дауа іздеп келіп жатқан адамдар өте көп. Бірақ қарапайым дәретхананың жоғы қынжылтады. Соған енді қазынадан қаржы қарастырып, мемлекеттік бағдарлама арқылы шешімін табуды ойлап отырмыз. Қыс айларының өзінде Әулиебастауға 3 мыңнан астам адам келеді екен. Осындай танымалдылығы бар орынға шатыры жабылған, шеті қоршалған киім ауыстыру орны мен дәретхана салу соншалықты қиын ба? Неге аудан, әлде ауылдық деңгейде шеше алатын жағдайды әкімдер облысқа ысырып қойып қарап отыр? Бұл өз өлкеңде тұрған тарихи, һәм мәдени орынға жан ашымаудың көрінісі. Бізге қазір туристік ой-сананы қалыптастыру керек. Неге бізде тарихи әлде мәдени орын болса, оған міндетті түрде тек турист қана баруы керек деген ой қалыптасқан. Неге Әулиебастау сынды орындарға өз бала-шағамызбен барып, ем қабылдап, жағдайын көзбен көрмейміз. Үкімет жолыңды жүргізіп, инфрақұрылымыңды жақсартып, тіпті автотұраққа дейін салып берді. Енді сол маңдағы қоқысты тазартып, киім ауыстыратын орын сынды мәселелерді жергілікті жерде шешсек болады ғой. Біз керісінше тарихи-мәдени орындарға бара қалсақ ол жерді ластап кетеміз. Біреу артыңнан жүріп, сенің қоқысыңды жинау керек сияқты. Тіпті өз қоқысыңды көлігіңе салып, басқа жерге апарып тастауды қиын көреміз. Бұдан кейін мәдениет пен туристік сана туралы ой қозғау да артық шығар. Басқарма жоғарыда атап өткен туристік маршруттардың бәрін зерделеп, стратегиялық жоспарға сай 2 нысанға ауызсу, 4 нысанға электр жарығын жеткізу, 18-іне автотұрақ салу, 15-іне автожолдар жүргізу, 3 нысанға қосымша сервистік объектілерді орналастыру сынды бастамаларды қолға алып отыр. Енді осыған жергілікті мәндегі билік қолдау білдіріп, халық мұндай тарихи-мәдени орындардан да пайда табуға болатындығын түсініп, соның маңынан кәсіпкерлік нысандар ашып, барды бүлдіруге емес, гүлдендіруге үлес қосса екен деймін. – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырдағы Жолдауында қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық даму еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе екенін баса айтты. Бұл ретте Мемлекет басшысы экологиялық туризмді дамытуды мықтап тапсырды. Бұл мәселеге қатысты қандай ой айтасыз? – Бұл болашаққа жасалған баянды қадам екені даусыз. Алайда бізде экотуризм деген түсінік қалыптаспаған. Жоғарыда айтқанымдай өз-өзімізді қарапайым мәдениеттілікке шақыра алмаймыз. Егер тарихи әлде мәдени орындарды балалар ластап кетіп жатса, оған мектеп мұғалімдерін әлде директорларды кінәлап жатамыз. Алайда өзің балаңа үйрете алмаған нәрсеге қоғамды кінәлау дұрыс па? Егер қоқысты өзің тастамай және балаңа да олай істеген дұрыс емес екендігін түсіндірсең, балаң ондай әрекетке барар ма еді? Міне, санаға ой салатын нәрсе – осы. Қазір біз жергілікті әкімдермен кездесулер ұйымдастыру арқылы жол бойындағы барлық туристік нысандарға жолсілтегіштерді орнаттық. 17 туристік нысанға орындық, қоқыс жәшіктерін орнатуды қолға алдық. 20 тарихи-мәдени орынға үштілді ақпараттық тақтайшаларды іліп жатырмыз. 20 нысанның ауласына абаттандыру жүргізілуде. Осылайша жергілікті биліктің күшімен бітетін тірлікті бірінші орынға қойдық. Одан бөлек барлық аудан әкімдері мен қызметкерлері өздерінің өлкелеріндегі тарихи орындарды білу туралы ұсыныс жасап, өздерінің аймақтарына қарай туризмнің түрлерін дамытуға стратегиялық жоспар арқылы мүмкіндік беріп отырмыз. Бұл Президент айтқан экотуризмді дамытуға өзіндік үлесін қосады деп сенемін. – Облыста ЮНЕСКО шеңберінде қорғалуға алынған нысандар бар. Қазір олардың жағдайы қалай? – Бүгінде өңірде 5 археологиялық ескерткіш ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Біздегі басты мақсат – осы нысандардың имиджін көтеру. Ол үшін имиджік іс-шаралар жоспарын әзірлеп, «Taraz Tour» мобильдік қосымшасын жаңартудамыз. Ол өңірдің визиттық карточкасына айналуы керек. Одан кейін «Ақылды дүңгершектер» орнатып жатырмыз. Онда туристер мен қала қонақтары өзіне қажетті ақпаратты ала алады. Мұндай дүңгершектерді Айша бибі кесенесі сынды жерлерге орнатпақпыз. Себебі кесенеге жылына 70 мыңнан 100 мыңға дейін турист келеді. Ол дүңгершектерден туристер қай тарихи нысан қанша қашықта орналасқаны, оған қалай баруға болатындығы туралы ақпараттарды да көре алады. Бұйыртса мұндай «Ақылды дүңгершектерді» биылдан бастап қоя бастаймыз. Одан бөлек облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жол бойына бильбордтар орнатылатын болады. Онда да туристерге қажетті ақпараттар көрініс табады. Тағы бір бастамамыз – Тараз қаласының келбеті үшін тарихи-мәдени орындар мен қонақүйлер сынды сервистік орындардың түнде де жарықтанып тұруына келіссөздер жүргізудеміз. Сонымен қатар карантин шаралары аяқталатын болса, ақпараттық турлар, туристік көрме, жәрмеңке, фестиваль сынды шараларды да қолға алсақ дейміз. Бұның бәрі ең бірінші ЮНЕСКО шеңберінде қорғалып отырған нысандар мен өзге де тарихи орындарымызды кең көлемде насихаттауға жол ашады. – Әлемдік пандемия қай салаға болмасын қиын соққаны белгілі. Айтыңызшы, карантиннен кейін туризм саласы қаншалықты өзгеруі мүмкін? – Пандемиядан туристік компаниялар қатты қиналғаны рас. Қонақүй бизнесі де ауыр соққы алды. Соның салдарынан талай адам жұмыссыз үйде отырып, қазынаға салық та түскен жоқ. Енді соның орнын толтыру керек. Ол үшін біз туристік компанияларға барынша қолдау білдіруге дайын екенімізді айттық. Қандай ұсыныс болса да зердеге саламыз. Қазір туризмге қатысты жаңа заң талқыланып жатыр. Егер аталған заң жобасы қолданысқа енгізілетін болса, туристік нысан салған адамдарға 25-30 пайызға дейін мемлекеттік жеңілдіктер беріледі. Одан бөлек туристік компанияларға қатысты да түрлі бағдарламалар жанданбақ. Әлем елдерінде қазір табыстың 5 түрі болса, соның 83 пайызы туризмнен келіп жатыр. Ал әлем елдерінің 38 пайызының бюджетін бірінші кезекте туризм толтырады. Сондықтан біз туристік кластерді дамытудан қашпауымыз керек. Бізге қазір барымызды көрсететін уақыт келді. Қарапайым Моңғолия мемлекетін мысалға алсақ, ол елдің салты мен дәстүрін көру үшін жылына 8-10 миллион турист барады. Ол елге қарағанда бізде туризмнің инфрақұрылымы жолға қойылған ғой. Сондықтан алдағы үш жылда Қазақстанға келетін шетелдік туристердің 20 пайызын бізге келетіндей етуіміз қажет. Бүгінгі таңда облысқа шетелдерден келетін туристердің үлесі 1-2 пайызды ғана құрайды. Әрине әлемдік пандемияның салдары бірден жойылмайтыны анық. Десе де біз бүгіннен бастап тарихи орындарымызды дәріптеп, насихаттай беруіміз керек. Естеріңізде болса 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы Жамбыл жерінде кең көлемде аталып өтіп, тарихи Тараз қаласы түркі тілдес елдердің бәріне танылды. Биыл Қазақ хандығының құрылғанына 555 жыл толады. Оны сізбен біз жақсы білеміз. Жамбыл өңіріне келген туристердің бойында рухани құндылықтарды және идеологиялық маңызды міндеттерді дарытып, еліне деген мақтаныш сезімін ояту мақсатында туризм туралы қалыптасқан түсінік қажет. Туристер үшін тартымды нысандардың ел аузында жүрген аңыздарды ғылыми зерттеулер негізінде жасалған жүйені ел назарына әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, ұсынуды қолға алу керек. Осы ақпараттық кезеңде біраз дүние көзден тыс қалды. Енді туристердің Таразға аңсары ауып, лек-легімен ағылатындай дәрежеге жетуіміз қажет. – Әңгіме басында стратегиялық жоспардың бір бағыты – инвестициялық жобаларды ілгерілету екенін айттыңыз. Ол қандай жобалар? Соған бір тоқталып кетсеңіз... – Оның алғашқысы – «Қазақ ауылы» этноқалашығы. Одан бөлек Төрткүл кешенін де заманауи туристік орынға айналдырсақ деп отырмыз. Қазір бізде 7 инвестициялық жоба айқындалып отыр. Олардан бөлек қысқа мерзімде жүзеге асыра алатын жобалар қаралуда. Жолдау жүктеген міндет ретінде «Аңдасай», «Берікқара», «Қарақоңыз», «Жусандала», «Үмбет» және «Меркі» сынды табиғи қаумалдарды да қорғауға алып, экологиялық туризмді дамыту бағытында қандай жұмыстар жасай алатындығымызды зерделеп жатырмыз. Әлемдік пандемия аяқталатын болса Франция, Түркия мемлекеттерімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойсақ деп отырмыз. Бұл мәмілеге қол жеткізсек, онда өңір туризмінің тынысы кеңейе түсетіні анық. Сондай-ақ әріптестік байланыстар арқылы экскурсоводтардың санын 50-ге дейін жеткізу жоспарлануда. Осы таңға дейін облыста бар-жоғы 5 экскурсовод болса, алдағы уақытта олардың саны 50-ге жетіп, туризмнің дамуына өзіндік үлесін қосады дегенге үміт басым. Туристік маршруттарды биыл 50-ге көбейтсек, келер жылы 60-тан асырып, оның арғы жылы 100-ге жеткізуі жоспарда тұр. Жамбыл туризімі осылайша жаңғыру үстінде. Біздің туризмнің бюджеті Алматы облысынан 17 есеге, Шымкенттен 3 есеге аз. Алайда біз қазынаға қарап отырмауымыз керек. Бюджет қаржысымен кез келген адам жұмыс жасай алады. Бірақ біз туризмді инвесторлар және жергілікті биліктің күшімен алға ілгерілетуіміз қажет. Оның бір үлгісі ретінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолының бойынан құрылысы қолға алынып жатқан 8 жаңа үлгідегі жол сервистік нысанын атап өтсек болады. Құрылысқа қажетті жер белгіленіп қойды. Инвесторлар да айқындалған. Енді осы нысандардың кедергісіз тез бітуіне күш салуымыз керек. – Жамбылдықтардың асыға күтіп отырған жобасының бірі – «Қаралма» тау-шаңғы кешені. Аталған нысан қашан қолданысқа беріледі? – Осы жылдың аяғында нысандағы құрылыс аяқталады. Бұл кешен облыс әкімінің жіті бақылауында тұр. Бұйыртса жол картасы аясында көптеген шаруалар қолға алынуда. Қорыта айтатын дүние өңірдің туризм нысандарының әлеуетін арттыру баршамыздың ортақ ісіміз. Сіз бен біз осыны түсінбегенше мақсатымызға жете алмаймыз. Қазақ қашанда қонақтың орны төрде деген. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем берген», «Қонақ келсе құт келеді» деген мақалдар бабаларымыздан бізге жеткен. Әрбір турист экономиканы дамытуға септігін тигізетінін және қаражатпен келетінін ерте түсінсек ғана, біз туризм нарығын жаулап алатынымызға кәміл сенемін. Себебі Тараздың тасын түртсең, тарихынан хабар береді емес пе?..

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Саян ТІЛЕУЖАН

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар