«Тамыр-таныс арқылы кемшіліктерді көрсетпеуді өтінетіндер көп»
- авторjambylinfo.kz
- 20 тамыз, 2020
- 439
Адалдық – адамзат бойындағы ең асыл қасиеттің бірі. Қазақта тәй-тәй басып, алғашқы қадамын жасаған бөбектің тұсаукесер рәсімінде аяғына «Ешкімнің ала жібін аттамасын» деген ырыммен ала жіп байлап жатады. Осылайша адалдық ұғымын бала күнінен құлағына құйып, санасына сіңіру қазақы тәрбиенің ажырамас бөлігі. Алайда бүгінгі қоғамда біреудің ала жібін аттауды былай қойғанда қазынаның қаржысына қол салып, ел бюджетін өз қалтасымен шатастырып жүргендер жайында жиі естиміз. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа жол беріп, сыйластықтан туған сыбайластық салдарынан жауапкершілікке тартылып жатқандар жайында жаңа деректер жетіп артылады. Бұл орайда ел билігі қоғамның жегі құртына айналған дертпен қоғам болып күресудің нәтижелі болатындығын жете түсінді. 2018 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев стратегиялық құжаттардың жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргізіп, бағалау үшін қажетті өкілеттіктер бере отырып арнайы офис құруды тапсырды. Осы тапсырмаға сай еліміздегі барлық өңірлермен бірге біздің облыста да «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық офисі пайда болды. Бұл алаң жұмысымен көзі қарақты оқырман, әлеуметтік желі қолданушылары жақсы таныс. Сыбайлас жемқорлық тәуекелі бар қоғамдағы ең өзекті мәселелердің туындау себебін, шешу жолдарын қарастырудың басы-қасында жүрген «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық офисінің жетекшісі Назима Дәрменқызы болған сұхбатымызда құрылымның негізгі қызметі, алдағы жоспары төңірегінде ой бөлістік.
– Назима Дәрменқызы, «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық офисі жұмысының негізгі бағыты қандай? – «Адалдық алаңы» жобасы ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың 5 қазандағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында пайда болды. Яғни өз құзіреті шеңберінде жобалық офис жергілікті жердегі сыбайлас жемқорлық фактілерін азайту, жұртшылықтың сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру, жергілікті мемлекеттік билік институттарына азаматтардың сенімін нығайту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізеді. Жобаларды тұрмыстық сипаттағы сыбайлас жемқорлықты жою және азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру сынды блоктар бойынша да жүзеге асырамыз. Қазірдің өзінде жобалық офис қоғам өмірінің барлық салаларындағы адалдық принциптерін қалыптастыруға күш сала бастады. Облыстың барлық аудандарында «Адалдық алаңдары» ұйымдастырылды. Алаң аясында билік пен бұқара арасындағы сенімді нығайтуға мүмкіндік берген «Ашық әкімдік» жобасы жанданды. Тұрғындарға мемлекеттік қызметті сапалы әрі бір терезе қағидаты бойынша қызмет көрсету мақсатында Тараз қаласы әкімдігінің жер және сәулет саласындағы бөлімдері біріктіріліп, сервистік әкімдік ашылды. Мұндай форматтағы әкімдіктер Меркі, Талас, Сарысу, Шу, Мойынқұм аудандарында да өз жұмысын бастады. Ал облыс әкімдігі мен Тараз қаласының әкімдігі «Ашық әкімдік» принциптерімен жұмыс істеуге көшті. Апта басында Тараз қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы, тұрғын-үй және шаруашылық, құрылыс, кәсіпкерлік саласындағы бөлімдері біріктіріліп, сервистік әкімдік ашылды. Сондай-ақ, жоба аясында Тараз қаласындағы «SMALL» супермаркетінде тұтынушылардың адалдық принциптерін негізге ала отырып, өзіне-өзі қызмет көрсететін «Адалдық кассалары» құрылды. Ағымдағы жылдың 6 айында «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық офисінде мемлекеттік органның бірінші басшылары мен жергілікті атқарушы билік өкілдерінің қатысуымен 14 қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Қоғамдық қабылдау нәтижесінде азаматтардың көтерген мәселелері нақты шешімін тапты. Мұнан бөлек «Сапалы жол», «Адал фарм» жобалары да жүйелі жүзеге асырылып келеді. Жастар санасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыруды мақсат еткен «Адал ұрпақ» клубтары да берері мол бастамаларға мұрындық болып жүр. – Өзіңіз айтқандай жобалық офис қоғам өмірінің барлық саласындағы жемқорлық тәуекелдерін зерделеумен айналысады. Ал өз қызметінде «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол беретіндер сіздердің жұмыстарыңызға да кедергі келтіруге тырысатын болар... – Мен қателікті түзетуге уақыт беру керек деген ұстанымдамын. Әрине егер ол түзетуге келетін болса ғана. Мәселен, қисық өскен ағашты түзету үшін оны кесіп тастауға тура келеді. Ал заңды белшесінен басқанын біле тұра, өз мәселесін таныс-тамыр арқылы шешемін деу үлкен қателік. Жобалық офиске жетекшілікке келгелі ондай жағдайларға кез болған жоқпын. Есесіне жеке мәселесін шешу үшін маған өтініш жасайтын туған-туысқа мұндай жағдайда менің қолымнан ештеңе келмейтінін айтып отырамын. Сырттай зерделеу кезінде бір-екі таныстарым, туыстарым арқылы маған анықтаған кемшіліктерді көрсетпеу туралы өтінішпен шыққандар болды. Тамыр -таныс арқылы кемшіліктерді көрсетпеуді өтінетіндер көп. Әрине мұндағы менің көзқарасым белгілі. Мен адалдық, парасаттылық жайлы үгіт-насихат жүргізуші болғандықтан өзгелерге осы мәселеде үлгі бола білуім керектігін бір сәтке де естен шығармаймын. – Жобалық офиспен жүргізілген зерделеу жұмыстары кезіндегі анықталған кемшіліктерді түзету немесе кінәлілерді жауапқа тарту мәселелерін қалай шешесіздер?Жалпы осы мониторингтік шараларға нысанды қалай таңдайсыздар? Әлде сіздерге шағым айтып келушілер көп пе? – Зерделеу кезінде анықталған кемшіліктер бойынша жауапқа тарту біздің құзыретімізге кірмейді. Ал кемшіліктер жайындағы мәліметтерді міндетті түрде жауапты мемлекеттік органға хат жолдап, оларды хабардар етіп отырамыз. Өз кезегінде бұл органдар кінәлілерді жауапқа тартумен айналысады. Мониторингтік шаралар арнайы жоспар бойынша жүргізіледі. Жасыратыны жоқ, жобалық офиске күн сайын 10-нан астам адам түрлі шағымдармен қайырылады. Мұндағы мәселелердің кейбірі жедел шешіліп жатады. Осы орайда мен жобалық офис жұмысында көптеген жаңашылдықтар орын алып жатқанын айтқым келеді. Жақында ғана біз «Бір үй – бір чат» деп аталатын жобаны қолға алдық. Әлеуметтік желідегі чатта көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары 7 бағыт бойынша өздерінің мәселелерін ортаға сала алады. Біз осында көтерілген мәселелерге жедел үн қатып, оның шешілуіне үлес қосамыз. Қазір осындай 20 чат іске қосылды. Алдағы уақытта Тараз қаласындағы барлық көпқабатты тұрғын үй тұрғындарын осы чатқа біріктіру жоспарымызда бар. Республика бойынша «Адалдық алаңы» жобасы аясында 4 қала сыбайластықтан ада қала ретінде таңдалған. Оның ішінде Тараз қаласы да бар. Бұл таңдау бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан да біз шын мәнінде Тараз қаласындағы сыбайлас жемқорлық фактілерін азайтуда көпшілік үшін өзекті саналатын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына айрықша назар аударып отырмыз. – Соңғы жылдары «Адалдық дүкені», «Адал касса» сынды жобалардың тұсаукесерінің куәгері болып жүрміз. Қоғамдағы адалдық принциптерін нығайту бастамасы өзін-өзі қаншалықты ақтады? – Адал қоғам құру шағын істерден басталады. Адалдық, ашықтық, жауапкершілік, есеп берушілік тек сөз ғана емес, бұл сыбайлас жемқорлықтан азат қоғамның басты құндылықтары. Бүкіл қоғамның ауқымында сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру – бұл ұзақ мерзімді процесс. Бірақ жеке деңгейде әрқайсымыз оны өте тез жасай аламыз. Ең бастысы – ниет пен ерік. Әрине біз ә дегеннен қоғамды адалдыққа тәрбиелейміз деп айта алмаймыз. Дегенмен тамшыдай үлес үлкен өзенге, мұхитқа айналады деп сенемін. Әр азамат адалдықты өзінен бастауы тиіс. Мен адалдықты ар алдында есеп бере білу деп түсінемін. – Cөз соңында «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық офисінің алдағы жоспарларымен бөлісе кетсеңіз... – Қазіргі таңдағы елімізде қалыптасқан жағдайды ескере отырып, «Адалдық алаңының» жұмысы бірқатар әлеуметтік салалардағы қоғамдық бақылауды күшейтуге бағытталмақ. Біріншіден әлеуметтік маңызы бар тауарлардың баға өсіміне жол бермеуді қамтамасыз ету, денсаулық сақтау саласы бойынша тегін дәрі-дәрмектердің науқастарға жету кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға бар күшімізді саламыз. Сол секілді «Сапалы жол» жобасы аясындағы жол жөндеу жұмыстары және ауыр жүк тасымалдау барысында жол жабындыларының бұзылуына жол бермеу үшін мониторингтік жұмыстар жүйелі жүргізіледі. Мұнан бөлек Тараз қаласында 163 үйдің ауласын жөндеу жұмыстары қолға алынған. Жалпы құны 2,1 миллиард теңге болатын жұмыстың жоғары сапада орындалуына «Адалдық алаңы» қоғамдық бақылау жүргізетін болады. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Шынболат КҮЗЕКБАЕВ
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз