сенбі, 23 қараша, 2024 19:42

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қасиет пен қасірет Уәлихан

Қасиет пен қасірет  Уәлихан
ашық дереккөзі
Қасиет пен қасірет Уәлихан
Роман (үзінділер) САДЫҚ СҰЛТАН Екі бауыры орыс билігін паналап кеткен Садық сұлтан Кенесарин сергелдең күйге түсті. Бірақ ата жауы орыс билігімен ауыз жаласа алмайтынын білген соң қоқандықтармен тізе қосып, орыс саясатына қарсы болуға бекінді. 1864 жылы ол Созақ өңірінің хакімі болып бекіді. Қоқан ханының бұл ұсынысы мен жарлығы Садық сұлтанға майдай жақты. Созақ Қаратаудың солтүстігіне қарай орналасқан. Бұл кезде Сырдария жүйесі мен Қоқан хандығы арасында шекара сызығы жоқ болатын. Орыс сызығы (линия) Сыр бойындағы Жүлек қорғанына дейін созылатын. Ал қоқандықтар Түркістан, Созақ, Шолаққорған бойына түгел билік жүргізетін. Белгіленген шекара болмағандықтан қазақтар мен қоқан билігіндегі тұрғындар арасында барымта жасалып, тыныштық жиі бұзылатын. Бұл Ресей үшін де, қоқандықтар үшін де тиімсіз еді. Екі жақта іштей бір соғыстың болатынын сезгендей шайқасқа дайындалып жатқан. Садық сұлтанға Ресей жақтан келетін қауіпке қарсы тұру жүктелді. Қазақ  даласына қара бұлт үйіріліп келе жатты. Ай шығып, күн батқанмен бір сұсты үрей сезілетін-ді. Ресей үкіметі тоғыз жүз шақырымға созылып жатқан Перовскі мен Верный арасын қалайда біріктіру қажеттігін баяғыда ойластырған. Егер осы өлкені өз билігіне алса, Ресейдің өкпесі ашылады. Қоқандықтар күші әлсірейді әрі осы өлкеде тұратын ұлы жүздерді өзіне қаратады. Олар Ташкент, Шымкент, Әулиетата жерінде тығыз отыр. Оларды өз билігіне алса, шекара кеңейеді, қарулы қақтығыстар азаяды. Сондықтан да Перовскі мен Верный арасын бір жүйеге келтіру Ресей үшін өте тиімді болатын. Осылай Орынбор-Сібір отрядтары негізінде 1864 жылы Жаңа қоқан жүйесі жасалды. Орынбордан келген полковник Веревкиннің жасағы сол жылы Түркістанды қоршап алды. Бұл хабар жетісімен Садық сұлтан сарбаздарын алып Қаратау бойындағы Сүйіндік шатқалы арқылы Түркістан асты. Түркістандықтар ара-арасында зеңбіректен, мылтықтарынан оқ атқаны болмаса қамалда қамалып отырғандарын көрді. Ал орыс әскерлері бұл кезде ор  қазып, қамал астын үңгіп жатыр еді. Оған оқ-дәрі қойып жарса, қамалдың дуалы қирамақ. Орыс әскері лап қоюға әзір. Садық сұлтан соғыс тәсілдерін меңгерген жүз жігітті алып түнде орыс әскерлеріне шабуыл жасады. Ор қазып жатқан бес орыс солдаты мерт болды. Отыздан астамы жарақат алды. Отыздан астам мылтық пен жер қазған құрал-жабдықтарды алып Садық сұлтан Түркістан хакімі Мырзадәулетке келді. - Біз осылай жайбарақат жатып, тек қорғануды ойласақ – жеңілгеніміз, - деді Садық сұлтан Мырзадәулет хакімге. – Қамалдан шығып орыс әскеріне шабуыл жасайық. Тұтқиыл шабуылды күтпеген жауларымызды қуамыз әрі зеңбірек, мылтықты қолға түсіреміз. - Менің сарттарым қамал сыртына шықпайды. Өз күшіңмен шабуылдасаң қарсылығым жоқ Орыс тыңшылары да бейқам жатпайды. Сый-сияпат көрген Жанты Өтепов ақсақал өз жансызын орыс әскеріне жіберді. «Садық төре түнде орыс шебіне шабуыл жасамақ» деген хабарды алысымен орыстар зеңбіректерін, солдаттарын да дайындап, шайқасқа әзірленді. Түн ауа Садық сұлтан мен Қосымқожаның ұлы Құрбанжан мағзұм бастаған екі жүз лашкер орыс әскерлеріне шабуылды бастады. Орыстар оларды жақындатып алып зеңбіректерден атқылай бастады. Оған мылтықтар қосылды. Бұл тосын шабуыл болмағанын Садық сұлтан түсінді. Бірақ енді шегінерге жол жоқ. Садық сұлтан әскерлері сол тоқтамаған күйі орды бұзып, шайқасқа кіріп кетті. Олар өз жері, өз діні үшін жан алып, жан берісуге дайын. Бұл шайқаста Құрбанжан мағзұм қырық жігітімен шейіт болды. Жаралы елу жігітпен Садық сұлтан қамалға кірді. Орыс жағы да өз әскерлерінен айрылды. Бас штаб офицері капитан Каховский оққа ұшты. Отыздан астам әскер ауыр жарақат алды, он шақты әскер өлді. Екі жақ та тынышталып, жараларын жазып, өлгендерін көміп жатты. Үш күннен кейін Түркістан ақсақалы Жанты Өтепов өз еркімен қала қақпасын ашты. Түркістан орыс боданы болып шыға келді. Түркістан хакімі Мырзадәулетпен бірге Садық сұлтан лашкерлерімен бірге Шымкенттегі Қоқан ханының сеніміндегі билеуші Әлімқұл молланың қасына келіп қосылды. Ал бұл кезде Сібір жақтан келіп жеткен генерал Черняев әскері Әулиетаны басып алып, енді Шымкентке қарай беттеген. Әлімқұл молла өзіне таныс Садық сұлтанды шеттеткен жоқ. Оған пансат, яғни жес жүз жасақтың қолбасшысы деген атақты қайта берді. Шымкентте орыс әскерлері екі бүйірден қысып тиісті. Черняев қолы Әулиеата тұсынан келсе, Түркістаннан орыс армиясының бас штабының капитаны Майер бастаған жасақ келіп килігіп еді. Екі өкпеден тиген орыс әскері бақайшығына дейін қаруланған болатын. Генерал Черняев қолы жеткеше Әлімқұл молла Түркістан жақтан келген Майердің жасағын талқандауды көздеді. Олар Ақбұлақ түбінде шайқасқа кірді. Майер зеңбіректері мен казактарын қарсы қойды. Садық сұлтан жасағы алғы шепте еді. Орыс әскерлері оқ жететін жерге дейін үнсіз күтіп жатты. Сонан соң картечпен атқылай бастады. Туы желбіреп Садық сұлтан жауға жалғыз шапқандай еді. Ол жанған отқа қараған жоқ. Алдыңғы леп қорғасын оқтың құрбаны болып өліп жатты. Қалған сарбаздар жерге етбеттеп жатып бас көтермеді. Сол қалпында Садық сұлтан міз бақпай тұрып алды. Туы шұрық  тесік болды. Бірақ бір оқ Садық сұлтанға тиген жоқ. Алланың құдіреті шығар. Әлімқұл молладан хабар келгенде ғана ол кері қайтты. Бағанадан бері жерді паналап жатқан жасақтар орындарынан тұрып соңынан ілесті. Бұл шайқас оларға оңай тимеді. Мыңнан астам лашкер мерт болды. Жер қан сасыды. Өлік иістеніп қолқаны жара бастады. Екі жақ келісіп соғысты тоқтатты. Үш күн өліктерді көмуге берілді. Генерал Черняев бастаған орыс әскері Шымкентті алуға аттанды. Қалаға бес жүз шақырым жердегі Қоштегерменге Садық сұлтан алпыс жасағымен келіп Черняев әскерінің жүрісін байқап тұрды. Черняев жүзден астам атты әскерімен топ алдында келе жатты. Қасында екі кіші офицер бар. Ол атсыз жаяу тұрған жасақты көрді. Оны ұстап алуға әрекет етіп, екі ротасын жіберді. Мұны байқаған Садық сұлтан да екі жасағын қарсы жіберді. Олар ашық жерде бетпе-бет кездесті. Атысу да, шабысу да басталып кетті. Садық сұлтан жігіттері төрт атынан айырылып, бес жаралы жасақпен кері шегінді. Ал орыстар жағы он жеті атынан айырылды. Жаралылары да жеткілікті еді. Шымкент он күн қоршауда тұрды. Әлімқұл молла ауыр зеңбіректерді тиімді пайдаланды. Орыс армиясы Шымкентті ала алмады. Әлімқұл молла қаланың қорғанысын күшейтті. Сонан соң Қоқанға қайтып кетті. Ал Садық сұлтан Ташкентке аттанды. Үш ай өте шықты. Генерал Черняев қосымша әскер, қару-жарақ алдырды. Артиллерияны күшейтті. Осылай Шымкентке қайта шабуыл жасады. Бұл шайқас шешуші шайқас екенін екі жақ та түсінді. Шымкент құласа, жол Ташкентке ашылады. Бұл Қоқан хандығының ыдырауының басы болмақ. Қоқан жасағы бұл шайқаста бес жүз сарбазынан айырылды. Ал орыс әскері төрт жүз бес солдатын жоғалтты. Екі офицер, жиырма бір кіші офицер мерт болды. Шымкент орыс армиясының қолына өтті. Сол жылдың қысында Әлімқұл молла Қоқаннан Ташкентке келді. Шымкенттің жау қолына өтуі жанын жегідей жеп барады. Ол әскербасыларын шақырып кеңес құрды. Қыста соғысты қойып, көктем шыға қайта жорыққа шығу қажет деген ой тастады. Оған бір ғана әскербасы қосылмады. Ол - Садық сұлтан еді. - Қаншама адам шығыны болды. Үндемей шегіне салу әскер рухын түсіреді, - деді ол. – Шымкентке шабуыл жасамасақ Түркістанды қайта алайық. Онда орыс солдаттары көп те емес көрінеді. Тіпті ала алмасақ та тарихта ізіміз қалады. Әлімқұл моллаға Садық сұлтан сөзі ұнады. Үш күн әскерді дайындап, лау арбаларды ыңғайлап төртінші күні Әлімқұл молла жасағы Түркістанға беттеді. Садық сұлтан Әлімқұл молладан сегіз жасақ алып шолғыншы топ құрып, әскер алдына шықты. Арыстан асып, Шелектегі  қазақтардан тұратын алпыс жасақты қолға түсірді. Әлімқұл молланың негізгі күштері келіп қосылғанда Садық сұлтан тағы да алғы шепке шыққан. Ол Иқанға келіп ат басын тіреді. Қыпшақ Тұман бастаған  қазақтың жиырма жасағы қолға түсті. Біреуі қашып құтылды. Әлімқұл молла қолы Шелек жағын барып бекінді. Ал Садық сұлтан Түркістан жағын қадағалады. Түнде Садық сұлтан қарауыл тобы келе жатқан екі аттыны байқады. Орыс казактары екен. Бұлар шолғыншылар болып шықты. Жүз казакты бастап келе жатқан есауыл Серовтың отряды. Олар зеңбірек, мылтықпен оқ ата бастады. Казактар өлген аттарын қатар-қатар тізіп қойып, соны қалқан жасап берісер емес. Осы кезде Түркістаннан тағы үш жүз казак шыққаны туралы хабар келіп жетті. Әлімқұл молла не істерін білмей сасқалақтады. Әскербасылар ақыл қоса алмады. Осы кезде Садық сұлтан: - Сіз бар күшіңізбен мына орыс казактарын басып алыңыз, - деді ол. – Ал мен өз жасағыммен Түркістаннан шыққан казактарға қарсы шығамын. Серовтың тобымен қосылуға жол бермеймін. - Дұрыс екен, - деді Әлімқұл молла. – Солай болсын! Садық сұлтан суыт жүріп жасағын Түркістан жаққа бұрды. Олар казактармен Сасықбұлақта бетпе-бет кездесті. Орыс казактары жерге жата қалып атыса бастады. Садық сұлтанның он жігіті жараланып, алты аты өлді. Кәсіби армияның әскери машығы көрініп-ақ тұр. Ол Иқанға қарай шегіне бастады. Және әскери қулық ойластырды. Ол жасақты қалдырып, өз жігіттерімен Түркістанға қарай беттеді. Орыс әскері бұл қимылға сеніп қалды. Қолдауға шыққан әскер жеңілген ғой. Әйтпесе Садық сұлтан Түркістанға неге бұрылды? Казактар жасағы да кейін бұрылып Түркістанға беттеді. Садық сұлтан айналма жолмен жедел Иқанға қайта оралды. Әлімқұл жасағы әлі казактарды талқандай алмапты. Қорғаныс жасап алып әлі атысып жатыр. - Бұл орыс казактарын жою оңай емес, - деді Садық сұлтан. – Әкем Кенесары хан оқтан қорғайтын шөптен шөмеле үйіп, оны байлап алға қоятын. Оқ шөмелеге тиеді. Сарбаз аман. Сол кезде негізгі күш тап беріп, жауды талқандап өтетін. Әлімқұл молла қамыс пен жусанды шаптырып үлкен-үлкен шөмеле шөпті буып, алға қойды. Жүздеген сарбаз соны қалқан етіп орыс казактарының алғы шебіне жетті. Садық сұлтан арғымағымен алғы шепке шығып: - Аман! Аман! Беріліңдер! – деп айғай салды. Есауыл Серов енді басқа амал қалмағанын сезді. – Берілу керек! Бірақ келте сөз жүргізіп тұрған Садық сұлтанды ескерместен сарт жасағы бірнеше казакты шаншып өлтірді. Қайта атыс басталды. Көкжиекте орыс казактары көрінді. Егер олар қосылса дес бермейді. Ол өз жасағымен бекінген орыс казактарына тап берді. Атына оқ тиіп өлді. Өзінің жамбасына да оқ тиді. Бұл кезде Әлімқұл молла да шабуылға шықты. Казак орыстар қырғынға ұшырады. Есауыл Серов он бес солдатпен сытылып шығып негізгі казактар жасағына қосылды. Олар осы шайқаста  кіші офицер Павел Абрамовичтен, төрт урядниктен, елу казактан, бір фельдшерден айрылды. Отыз алты казак, төрт артиллерист ауыр жарақат алды. Оңтүстік отқа оранып жатты. Екі жақты да Ташкент қаласы үшін шайқас күтіп тұр еді... ЫДЫРАУ Шымкенттен кейін Ресей империясы енді Ташкенді алуды жоспарлады. Сонда Ташкент-Верный алабы түгел Ресей боданына кірмек. Салық төленеді, шекараны күзету де бір қалыпқа түспек. 1865 жылы генерал Черняев Ташкентті қоршап, жан-жақтан келетін керуендердің жолын кесті. Өйткені 1864 жылғы шайқаста генерал Черняев Ташкентті ала алмаған болатын. Ал енді жаңа күшпен, жаңа қару-жарақпен, зеңбіректермен күшейтілген орыс әскері қалай да Ташкентті алу керек деп қырғын соғысқа дайындалды. 1865 жылдың көктемі еді. Жаңбырлы дала масатыдай құлпырып кеткен. Алма, өрік, шие ағаштары ерте гүлдеп, қырмызы қызғалдақтар түкті кілемдей түрленіп жатыр. Дәл осы кезде Бұхара әмірі, Ташкент билеушісі Әлімқұл молланың күші ыдырап, шаһар жұртшылығы Қоқан билігіне наразы бола бастаған. Онсыз да қиналып жүрген халықты орыстармен соғыс үшін қажет деп салықты көбейтіп жіберген. Жансыздары арқылы ішкі жағдайды білген Бұхар әмірі әскерін соғысқа дайындай бастады. Генерал Черняев те бұл дабылды естісімен жаңа Қоқан  бекетін біріктіруді кешеуілдетуге болмайтынын ұқты. Шұғыл шабуылға шықты. Алдымен Ниязбек елді мекеніне шабуыл жасады. Мұның соғыс қимылдары үшін ерекше ыңғайы бар еді. Бұл жерде суамалы жерлерге су бөлетін. Бұл су Шыршық суын Ташкен мен оның айналасындағы елді мекендерге жеткізетін. Сол жылдың 28 сәуірінде Ниязбек қонысы орыс әскерінің қолына өтті. Қалаға баратын суды орыс әскерлері қайтадан Шыршыққа бұрып жіберді. Ташкент сусыз қалды. Халық не істерлерін білмей жан ұшырды. Осылай он күн сусыз қалған Ташкенттіктер амалсыз орыс генералы жағына шығуға ыңғайланды. Сегізінші мамыр күні Қоқаннан алты мың лашкерімен Әлімқұл молланың жасағы келіп жетті. Бір күннен кейін Әлімқұл молланың әскерлері он екі зеңбіректен шашырағыш снарядтармен оқ жаудырды. Черняев оларға қарсы төрт рота солдат қойды. Жасырын тығылған зеңбіректер қырық құлаш жерде еді. Олар кенеттен қатар-қатар қойылған қырыққа жуық зеңбіректен оқ боратты. Көк майса дала қанға боялды. Үш жүздей сарбазынан, екі зеңбірегінен айырылған Әлімқұл молла жасағы кері шегініп, қалаға келіп бекінді. Бұл шайқаста Әлімқұл молланың өзі де мерт болды. Енді Ташкент иесіз қалды. Әлімқұл молланы Шайхантаур бейітіне қойды. Қоқан әскерлері мен Ташкент тұрғындары енді бір-бірлерін тонай бастады. Алғандарын аттарына артып біраз Қоқан жауынгерлері қаланы тастап кетті. Бұл кезде Ташкентте Әлімқұл молланың оң қолы іспетті Қоқан ханы Сұлтансейіт бар еді. Бірақ Ташкент тұрғындары Садық сұлтанды Қоқан хандығының регенті етіп сайлады. Садық сұлтан ең әуелі қала бекінісін нығайтты. Құшақ батырдың баласы Арыстанбекті, жалайыр Бекбау датқаны алып қаланың он екі қақпасына түгел топырақ үйдірді. Күзетті күшейтті. Марқұм Әлімқұл молланың ордасына келгенде Садық сұлтанды тағы бір жаңа тағайындау күтіп тұрды. Шаһардың игі жақсылары, Бас молла Сәлібек ахун, Хакім қожа бастаған топ Садық сұлтанға «әскер әмірі» деген атақ берді. Енді Садық сұлтан Кенесарұлы Қоқан ханы мен қазына иесі атанды. Үш күн бойы Садық сұлтан барлық әскербасыларды ауыстырып, олардың әрқайсысына өздеріне лайық орын берді. Қоқан ләшкерлеріне қайта қару-жарақтарын беріп, атқа отырғызды. Генерал Черняев Әлімқұл молланың өлгенін естіген соң төртінші күні Ташкентке шабуыл жасады. Қолбасшысыз қалған әскерді лезде жеңуге ниетті еді. Бірақ қаланың он екі қақпасы да берік, өліспей беріспейтін болып шықты. Бұл генерал Черняевті қатты таңғалдырды. Әлімқұл молла өлгені рас болса бізге қарсы кім мұндай тойтарыс беріп жатыр, - деп генерал таңғалды. - Қазір Қоқан әскерінің Бас қолбасшысы Садық сұлтан екен. Бізге қарсы соғысып жатқан Садық сұлтан, - деді әскербасылардың бірі. - Бәсе, - деді генерал Черняев. - Бұл Әлімқұл молладан да асып түскен жанкешті екен. Қоршауда қалған қала қырық күн шайқасты. Садық сұлтан жасағы зеңбіректер мен мылтықтардан оқ атып, генерал Черняевтің солдаттарын қала қақпасына жақындатпады. Ал кеш бата Садық сұлтан барлық қақпалардың күзетін өзі тексеріп шығады. Бұл Қоқан әскерлерінің ішінде іріткі туғызды. «Садық төре – ақсүйек. Орысқа берілетін түрі жоқ. Түбі жеңіске жетсе, Қоқанды да, Ташкенді де Садық сұлтан билеп-төстейді.  Көзін құрту керек» деген ойға келді. Ташкенттік игі жақсылар бұл жаманат хабарды Садық сұлтанға жеткізді. Олар қоқандықтарды қырып салуды ұсынды. Садық сұлтан бұған келіспеді. - Қазір біз бір-бірімізді қырып тастасақ, не болады? Жау жағадан алып тұр. Шыдайық. Әліптің артын бағайық. Бірақ бейқам қалмайық, - деді Бас қолбасшы. Бұл жайсыз хабар еді. «Сақтықта қорлық жоқ». Ол әрі ойланып, бері толғанып берік бір шешімге келді. Барлық әскербасылары мен шаһардың игі жақсыларын жинап, кеңес құрды. Қоқандықтардың арам пиғылы белгілі болды, - деді Садық сұлтан. – Орыс әскері таяқ тастам жерде тұр. Қаруы да, әскері де мығым. Атты казактары тағы бар. Бұл тығырықтан шығудың бір ғана жолы бар. Бұхара әмірінің қол астына өтейік, көмек сұрайық. Бұл ұсынысты бәрі қолдады. Садық сұлтан Бұхара әміршісі Әбілфайыз ханға сый-сияпатын қосып, бір топ елші жіберді. Олардың ішінде бас қази Хакімқожа, ишан Әбілқасым хан, Құсменді мағзұм, қазақтардан шанышқылы, молла Көшік датқа, дулаттан Төртбай датқа сынды ел ағалары бар еді. Әрине, Бұхар әмірі бұл өтінішті қуана қабылдады. Соғыссыз Ташкентті алу әмірлік жерін кеңейтеді. Ен далаға иелік етеді. Ол өзінің тоқсабасы Тайшыбекті бес жігіт қосып Ташкентке жіберді. Тоқсаба Тайшыбек билікті алысымен Садық сұлтан әскерді өткізіп, өз жасағымен ордадан шығып кетті. Тайшыбек тоқсаба әскерді соғысқа дайындауға қауқарсыз болып шықты. Екі күнге жетпей генерал Черняев Ташкентке басып кірді. Ташкент құлады. Жаңа Қоқан линиясы бекіді. Орыстар ұлан ғайыр  қазақ даласына ие болып шыға келді... ОРАЛУ Үш ай үш күндей өте шықты. Садық сұлтан Гераттан Қашқарға кетуге бекінді. Якуб сардармен жылы қоштасып, Балх пен Бадахшан арқылы Қашқарға жетті. Қоқан әскері сапында таныс болған Якуб бекке келіп сәлем берді. Якуб бек Садық сұлтанның әскери басшылық қабілетін қадірлейтін. Оған «Омар аталық» шенін берді. Және өзіне сенімді әскербасы ету үшін келінін некелеп қосты. Өз ұлы бірер жыл бұрын соғыста өлген болатын. Күн артынан күндер өтіп жатты. Бір жыл бір күнгідей болмады. Бір жылдан кейін Якуб бек билікті ұлы Бек Құлибекке беріп, оны мұрагер ретінде атады. Өзі қалың әскерімен Ақсуға бет алды. Әскери кеңесте Якуб бек өзі әскер қолбасшысы болатынын мәлімдеген. Бұған Садық сұлтан қарсы шықты. Ол кесімді сөйлейтін. Және жұрттың назарын өзіне қаратып алатын қасиеті бар еді. - Қолбасшылар оқыста опат болса, оны ауыстыруға болады. Ханның өзі әскер басында тұрса, жазатайым жағдай болса, ел қайда қалады, хандық не болады, - деді Садық сұлтан. – Сондықтан да Сіз жалпы әскерді басқарыңыз. Ал алдыңғы шепке басқа әскербасылардың бірін қойыңыз. Көп әскербасылар Садық сұлтанды қолдады. Бірақ ханның сөзіне «ләппай» дейтіндер тіптен көп екен. Дауыс Якуб бектің пайдасына шешілді. Якуб бек пен Садық сұлтанның арасынан қара мысық өтті. Якуб бек Садық сұлтанды көруден бас тартты. Әрі жорыққа алмай кетті. Бірақ Якуб бек жорық барысында дертке ұшырап қайтыс болды. Бек Құлибек хан көтеріліп, таққа отырды. Бұл кейбір төре тұқымдарына ұнай қойған жоқ. Хакімхан төре таққа таласып, көп әскермен Қашқарға аттанды. Тақтан айырылу оңай ма? Бек Құлибек хан жиырма бес мың лашкер жинап оған қарсы шықты. Күш Хакімхан жағында еді. Ең мықты зеңбіректер мен тәжірбиелі лашкер соның қолында болатын. Бекқұлибек хан өз жасағын беске бөлді. Әрқайсысы бес мың лашкерден тұрды. Бір қол Садық сұлтанға тапсырылды. Енді бірін Омарқұл парванашы,  екіншісін Әмірқұл, үнділік Жамдар парванашы, төртіншісін – Алдаш датқа, ал бесіншісін Масейт пансат басқарды. Алғы шепке үш жасақ қойылды. Оларды Масейіт, Алдаш, Әмірқұл әскербасылар басқаратын. Олардың екі қапталында Садық сұлтан мен Омарқұл жасағы тұрды. Екі әскер Қашқар мен Ақсу арасындағы Маралбасы бекінісі маңында кездесті. Әуелі Бекқұли хан жасағы сәтті шабуыл жасаған болатын. Бірақ Хакімхан әскері зеңбіректерді сәтті пайдаланып, алғы шептегі үш жасақты тықсыра бастады. Көп лашкер қолға түсті, зеңбірекшілер дәрменсіздік көрсетті. Жеңіліс қаупі төнді. Бекқұли Хан бек әскери кеңес жинады. Әр әскербасы өз ойын айтты. - Егер біз Қашқарға шегінсек жау рухтанады, - деді Садық сұлтан. – Онда хандықтан айырыламыз. Халық Хакімхан жағына шығып кетеді. Өліспей беріспеуіміз керек.  Оның әскерін титықтатып жеңеміз. Садық сұлтан сөзіне бәрі келісті. Он үш мың лашкерімен таң алакеуімде Хакімхан әскеріне тап берді. Зеңбіректер сақадай сайланып, майланып, снарядтар арбаға текшеліп үйіліп қойылған болатын. Бұл бұрын-соңды болмаған алапат соғыс болды. Зеңбіректер екі жақтан да тынымсыз оқ жаудырды. Жеті сағаттан асқан атыс өз пайдасын әкелді. Хакім ханның бір мың жеті жүз лашкері Садық сұлтан жағына өтіп кетті. Хакімханның негізгі күші талқандалған соң қалған лашкерлер Бекқұли хан жағына өтті. Ақсу маңын қайтадан өз иелігіне қайтарған  соң ол бір айдан  кейін желбіреп, Қашқарға оралды. Бірақ оларды тағы бір жағымсыз хабар күтіп тұр екен. Хотан хакімі Нияз бек бүлік шығарып, Бекқұли хан қоластында  болудан бас тартыпты. Бекқұли хан тағы  да лашкер жинады. Нияз хакім оған қарсы жиырма бес мың жасақпен жиырма бес шақырым жерде күтіп тұрды. Садық сұлтан мен Алдаш датқа он мың атты әскер сарбаздарымен хакім Нияз бек әскерін жарып өтті. Жау лашкерлері бас сауғалап жан-жаққа қашты. Біразы қытай бекіністеріне тығылды. Хан Бекқұли бек Хотанды алып, қазынаны түгендеуге жаңа хакім тағайындап, мерейі үстем болды. 1877 жылдың сәуірінде Үрімші қытайлары төрт мыңдық адамммен Диуаншыны, одан соң көне Тұрфанды алды. Хан Құли бек қытай әскеріне төтеп бере алмай Қарашар қаласына ығысты. Қытай армиясының қолбасшысы Лу Ча Дарин өте қажет шешім қабылдады. Ол Жетішарда қолға түскен мыңнан асқан адамға қаржы, киім-кешек беріп, тойындырып, ішіндіріп бастарына бостандық берді. - Мен әндіжандық, Ферғана мен Ташкенттік қоқандықтармен ғана соғысамын, - деді ол. – Олар – басқыншылар. Сондықтан да жергілікті жетішарлық тұрғындарға еш қауіп жоқ. Якуб бек ханның қысымшылығынан да көп ұзамай босайсыздар. Бұл әңгіме лаулап тез тарады. Халық қытай әскербасының мәрттігін еселеп  айтып жатты. Якуб бек хан бұл дақпырытты басу үшін шұғыл жазалау шараларын қарастырды. - Ешқандай жазаға тартпаңыз, - деді Садық сұлтан Якуббек ханға. – Жақсылықты жақсылықпен оздырыңыз. Қайта оларға сый-сияпат жасаңыз, мал-мүлік беріңіз. Мұсылмандық қанымызға сіңгендігін көрсетіп, мешіт салып беріңіз. - Жоқ, - деді Якубек хан. – Халық қорыққанын ғана сыйлайды. Аяушылық болмайды. Қытай тұтқынынан босап келген лашкерлердің біразы өлтірілді. Мал-мүлкі таланды. Қыздары зорланып,ұлдары күштеп әскерге алынды. Бұл жан түршігерлік  жаманат оқиға бүкіл Қашқар даласына тарады. - Бірін-бірі талап жатқан халықтың күш бірлігі болмайды, - деді Лу Ча Дарин. – Енді бұл жерді жаулап алу қиынға соқпайды. Өзара керістің нәтижесінде Қашқар хандығы үшке бөлініп кетті. Бір-бірімен шайқасқан үш хан ақыры омақаса құлады. Қытай әскері ешбір шығынсыз Қашқарды алды. Садық сұлтан  Қытай әскерімен түнге дейін шайқасты. Бірақ күш те, соғыс құралдары да тең емес еді. Бекқұли бек хан Қоқанға шегінуге бекінді. Лашкерлердің күші де, рухы да жоқ. Енді бас сауғалау ғана қажет. Бірақ Қытай армиясы кері шегініп қойсын ба? Әр бүйірден бір тиіп, онсыз да титықтаған лашкердің берекесін алды. Осындай қақтығысудың бірінде Садық сұлтанға қытай мылтығының оғы келіп тиді. Жараланса да Садық сұлтан лашкерін тастамай, қоршаудан алып шықты. Жау қаупі сейілгенде, әскери кеңес құрды. - Мен бәленбай жылдан бері орыс патшасымен соғысып жүрмін, - деді Садық сұлтан. – Бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Енді бас сауғалайтын жер де жоқ. Оның үстіне иығымнан жараландым. Соғыс та қажытты. Қатын, бала-шаға қайда қалды? Ат үстінде ұйықтайтын шақ та емес. Не болса да кіндік қаным тамған қазақ даласына барам. Өлсем, тұған жерде өлемін. «Ұсынған басты қылыш шаппас». Орыс боданындағы еліме барам. Інім Ахмет сұлтанды паналаймын, тыныш өмір сүрем. Басқаша болса Алланың жазғаны да. Садық сұлтан лашкерімен қоштасты. Бар мүлікті бөліп берді. Өзі жолға, сойыс малды ғана алып, сенімді төлеңгіттерімен Ферғананың Ош жағынан Түркістан жеріне аттады. Бұл хабар генерал-губернатор Кауфманға жетті. Ол дәрігер жіберіп, Садық сұлтанның иығын жеті айда жазып шығарды. Және Ташкентке шақыртты. - Садық сұлтан, Сіз айналып өз қазығыңызды таптыңыз, -деді  генерал Кауфман. – Бұл Сіздің, қазақ халқының мақалы. Ұлы мәртебелі орыс императорының мейірімі кең. Ол адасқандарды кешіреді. Бірақ талабы бар. Енді сіз қол бастамайсыз, Ресей империясының қай жерінде тұрғыңыз келсе, өз таңдауыңызда. Қырғыз-қайсақ делінуші еді, енді басқаша. Қазақ даласының қай жерін де еркін тұра аласыз. - Туған жер, қазақ даласы үшін күресіп едім, - деді Садық сұлтан. – Бәрі өтті, кетті. Жақсылық ұмытылмайды. Жаралы иығым жазылды, кім біледі, одан жазым болар ма едім.  Қандас-бауырларымның қасына келдім, жаугершілікте жоғалтып алған қатын, бала-шағамды Бұхара әмірлігінен алып беріңіздер. Мен Шымкент төңірегіне барып тұрақтаймын. Түркістанда бабам жатыр. Оның үстіне уезд бастығының кіші көмекшісі Ахмет сұлтан Кенесариннің қасында қалам. Ісім дұрыс болды ма, бұрыс болды ма, бір Аллаға ғана аян. Шымкенттің Арыс жағына, Қарабұлақ жеріне келіп қоныстанған кезде ол бар болғаны елу бес жаста еді. Бабасы Абылайханның ордасы болған хан қорған оған тыныштық әкелді. Ұлы жүз бен орта жүздің халқы оған бес жүздей қой, түйе мен сиыр, жылқы жинап берді. Садық сұлтан Аллаға құлшылық етіп, басын сәждеге иді. Егін салдырып, мал өсірді. Қатын, бала-шағасы әкелінді. Ол ақсүйек десе ақсүйек еді. Сырдария облыстық статистика комитетінің өкілетті мүшесі Е.Т. Смирнов жазыпты: «Әңгімелескен кезде оның өңі өзгеріп кететін. Тез әрі көркем сөйлейді. Ойлы, момын адамдай көрінетін. Садық сұлтан сол кезде сергек, сері, өте талантты адам екенін көрсететін, «құдай сүйген» адам екенін байқайсың. Көңілі жас, нағыз дала арыстаны». Хан Абылай әулетінің қазақ даласы үшін соғысқан соңғы тұяғы осы Садық сұлтан болатын. Уәлихан Қалижан abai.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар