Қажымұқанға қастандық жасаған кімдер?
1938 жылы жазға салым Тәжікстандағы бүкіл қазаққа Қажымұқан палуан келе жатыр деген хабар тарады. Қазақ атаулы түгел құлақтанып, тәжіктерге өздерінің кім екенін білдіретін мүмкіндік туғанына қуанды.
Жалпы, Тәжікстан кеңес өкіметі кеш орнаған республика болатын. Алыс таулы аудандарда кеңестік тәртіпті мойындамау, бағынбау, басмашылық, қарақшылық қырқыншы жылдарға дейін созылды. Сондықтан ба екен, айналада кімнің дос, кімнің жау екенін ажырату оңай емес-тін. Бірақ тәжіктердің көбі кіммен болса да ортақ тіл табысып, қазақтарға жақсы қарады. Өз басым әке-шешемді қалтқысыз құрметтеген талай тәжікті білемін.
Көп кешікпей зарыға күткен цирк те келіп, (біздің үйге жақын жердегі) базар алаңына шатыр тікті. Шағын вагондар қатарласа тізіліп, үйретілген жануарларға (ат, түйе, аю, ешкі, ит) ашық қоралар жасалды. Тәжіктер музыкаға бейім, өнерлі, би десе кәрі демей, жас демей «жанып» кетеді. Цирк келді дегенде, ойын болатын күнге дейін ертелі-кеш кернейлетіп, сырнайлатып, ән шырқап, би билеген тәжігі, қазағы, өзбегі аралас халық қуанышында шек болмады.
Цирк ашылатын күні де солай болды. Бір кезде «ойын басталады» деген дауыс естілді. Жұрт тынышталды, ойын өтетін алаң мұқият тазартылды. Музыка ойнап, цирк алаңына оң қолын жоғары көтерген Қажымұқан шықты. Үстінде спорт кәстөмі. Ары-бері асықпай жүріп, жұртқа тағзым етті. Жаршы оның кім екенін, атақ-дәрежесін жариялап болысымен: «Ал іштеріңізде дүниежүзіне белгілі палуанмен күш сынасам дейтіндер бар ма, бар болса, ортаға шықсын!» – деп хабарлады. Сәлден соң ұлты белгісіз, бірақ, мұсылманша киінген біреу, одан кейін нақ сондай тағы біреу, тағы, тағылар шығып жатты. Қажымұқанға шақ келген ешқайсысы жоқ, әрине. Бәрінің жауырыны жер иіскеді (олардың алдын ала дайындалған цирктің өз адамдары екенін кейін білдік).
Палуандар күресінен кейін алаңға өзге әртістер шықты: гимнастикашылар, жонглерлер, үйретілген жануарлар дегендей. Әсіресе, масқарапаздардың (клоун) өнеріне тәнті боп, төбелері көкке жеткендердің екі езулері құлағында. Үзілістен кейін алаңға қайта шыққан Қажымұқан біресе білектей темірді доғадай иіп, біресе екі пұттық тасты басынан айналдыра оңды-солды үйіріп, бұлшық еттерін ойнатып, талай тамашаға кенелтті. Онан соң бірнеше әртіс – бірі Қажымұқанның арқасына, бірі төсіне, бірі иығына жабыла мініп, аяғы ғана көрінген батыр алаңды айнала жүріп өтті.
Ең соңында алаңға қалың етіп ағаш үгіндісі төгілді. Оған Қажымұқан арқасымен жатып, тұла бойын көмкере тақтайлар мен тіреуіштер қойылды. Бұл батырдың бүгінгі соңғы «өнері». Қазір кузовына адам толы полуторка машина палуанның үстімен жүріп өтеді. Жұрт у-шу. Кейбіреулер көруге бата алмай, көздерін қолымен жабады. Кенет кернейдің даусы естілісімен, машина қас қаққанша палуанның үстімен өте шықты да, алаңның қарсы бетіне барып тоқтады. Демдерін ішінен алған көрермендер палуан аман ба, жоқ па, біле алмай дал.
О, ғажап! Төрт адам көтеріп әкелген тақтайлар мен тіреуіштерді жан-жаққа сарт-cұрт лақтырып, астынан Қажымұқан атып тұрды. Дін аман. Көрермендер ышқына айқайлап, көздеріне жас алғандар, теріс айналғандар қаншама. Керней-сырнайдың үні құлақты жарып барады. Қатты қорыққан мен бақырып жылап жібердім. Жанымда отырған Шынар әжем бетіме мұздай су бүркіп, есімді жиғызды.
Ойыннан кейін бүкіл қазақ цирк алаңына жақын жердегі біздің үйге жиналып, әне-міне дегенше бір баспақ, бір қойдың еті қазанға салынды. Үлкен бөлмеге мол дастарқан жайылды. Мені орталарына алған әкем, тағы бірнеше жасы үлкен ақсақал палуанды дәмге шақыруға бардық. Суға шайынып, киімін ауыстырған палуан иығына қазақы жібек шапанын жауып, басына тақиясын, аяғына жылы шұлық киіп, ағаш скамейкада демалып отыр екен. Бізді көріп жылы жымиды да, үлкендермен жеке-жеке қол беріп амандасты. Мені жерден іліп алып жоғары көтерді де, маңдайымнан бір сипап, төмен түсірді. «Үйлеріңнің жақындығы жақсы екен, машинадан жалықтым», – деп баруға келісім берді. «Барша әртісті ертпейсіз бе?» – деген әкеме: «Қажеті жоқ, олар ертеңге дайындалады», – деп жалғыз жүрді.
{
"@context": "https://schema.org",
"@type": "WebSite",
"@id": "https://jambylinfo.kz/#website",
"url": "https://jambylinfo.kz/",
"name": "Қажымұқанға қастандық жасаған кімдер?",
"potentialAction": {
"@type": "SearchAction",
"target": "https://jambylinfo.kz/search?query={search_term_string}",
"query-input": "required name=search_term_string"
}
}
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз