Ежелгі Тараз ескерткіштерімен танысты

54

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдас­тырған «Ясауи ізімен» ғылыми экспедиция мүшелері Жамбыл облысына арнайы іссапармен барды.

Киелі Түркістаннан тасын түртсе тарихы сөйлейтін Тараз қаласына ат басын бұрған экспедиция тобы XI-XII ғасырлардағы сәулет өнері ескерткіштерінің жауһары, аңыздарға сүйенсек Қожа Ахмет Ясауидің жаназасын оқыған қасиетті Қарабураның ұрпағы Айша бибі және оның сенімді серігі Бабаджа хатун кесенелеріне барып, тарихымен танысты.

Сапар барысында ғалымдар мен зерттеушілердің назарын өзіне аударған сыры мен жұмбағы көп Ақыртас сарай кешенін аралаған экспедиция мүшелері тәжірибе алмасу мақсатында «Ежелгі Тараз ес­керткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, мамандармен пікір алмасты.

1

Осы орайда, ұжым қызметкерлері Жамбыл облысы аумағында арнайы кездесулер ұйымдастырып, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің Жамбыл облысына бағытталған сапарының мақсаты мен қорық-музейдің рухани жаңғыру жолындағы тарихи ізденістері мен атқарған жұмыстары жайлы мәлімдеді.

Жиын аясында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Н.Ахметжанов пен «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Н.Бықыбаев ұжымаралық байланысты нығайту, тәжірибе алмасуды жандандыру туралы бірқатар мәселелерді бірлесіп шешуге уағ­даласты.

Жоғарыдағы сапар «Көне Тараз» қалашығы мен ежелгі Тараз қаласының батыс аумағында орналасқан діни мемориалдық кешендер – орта­ғасырлық Қарахан және Дәуітбек кесенелері жайлы тарихи деректермен танысуға ұласты.

«Айта кетсек, түркі әлемінің тұл­ғасы Қожа Ахмет Ясауидің тарихын түгендеу, балалық шағынан бастап шәкірттері мен замандастарына дейінгі толыққанды мәліметтерді топтастыру, тың деректер іздеу мақсатында ұйымдастырылған экспедиция алдағы уақытта Ясауидің ұстаздары мен Қа­зақстандағы және 100-ге жуық елге таралған шәкірттері жайлы зерттеу жұмыстары әрі қарай жалғасын табады» дейді «Әзірет Сұлтан» мем­лекеттік тарихи-мәдени қорық-му­зейінің баспасөз қызметі.

egemen.kz