жұма, 27 желтоқсан, 2024 9:51

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ежелгінің елесі, бес ғасырдың белесі

Ежелгінің елесі, бес ғасырдың белесі
ашық дереккөзі
Ежелгінің елесі, бес ғасырдың белесі

Қазынасын қатпар-қатпар қалың қасірет жасырған қасиетті қарт байтақ, мәрт дала. Бабаларды бауырына басқан, ұрпақты алақанында аялаған ардақты Ұмай ананың ұлы бесігі. Осынау Алтай мен Атыраудай тау ұлдары тыныштығын күзеткен, топырағын боз жусандай аналардың ізі өпкен қастерлі далада халқымыздың түгел тарихы қанмен жазылып, термен сіңді. Тасқа да қашалды, қағазға да қонды, көңілге кестеленіп, жүрекке бедерленді. Осы текті топырақта елдігіміздің тұңғыш тамшысы теңізге, ұлттығымыздың бастау бұлағы дарияға айналды. Марлан далаға мың жебедей шашылған шежіреміз бірігіп, найзадай берік ел болдық. Үмітіміз сол найзаға үкідей байланды. Осы кең далада күллі адамзат тарихында алғаш рет күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді міндік. Ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алдық. Осы далада тұңғыш рет бекзада бабаларымыз 555 жыл бұрын Қазақ хандығының туын тікті, қазығын қағып, іргесін қалады. Тамыр тарихы мыңдаған жылға созылған елдігіміздің ақиқаты айшықталды.

Мәуелі мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін Көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Қазақ хандығы аяқ астынан пайда болған жоқ, оның әкесі, атасы, бабалары бар. Қазақ хандығының әкесі – әйгілі Алтын Орда. Ал бабалары Шыңғыс ханға, ары кетсек, көк түріктер қағанатына барып тіреледі», деп Ұлытауда ұлағатты ойымен бөліскен еді. Расында халқымыздың түп тарихы тұңғиықта жатқаны анық. Ал оны аршып алу келешек ұрпақтың олжа-еншісінде. Тарғындарға жүкті болып анамыз, Туған жерде айтылады көп аңыз. Түмен-түмен тұяқтардан кейін де, Қызғалдаққа толып кеткен даламыз. Жүз қырылдық, Мың қырылдық, Тіріміз. Тірлікті сол мадақтайды жырымыз. Жұттан соң да Дүбірлетіп даланы, Төрт түлікке толған қайта қырымыз, – деп қазақтың қабырғалы ақыны Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, талай нәубетті өткерген өміршең жұртымыз, өшпес рухымыз өз егемендігін ерлікпен пара-пар істерімен дәлелдеп-ақ келе жатыр. Осыдан тура бес жыл бұрын ұлттығымызды ұлықтап, жиырма ғасырдың жауһарына айналған тарихтың темірқазығы Тараз шаһарында хандығымыздың бес жарым ғасырлық белесін жоғары деңгейде атап өткен едік. Қас пен көздің арасында тағы бес жыл алдымыздан өте шығыпты. Әрине хандықтың тойы мемлекеттігіміздің мәртебесін биіктеткен мереке болатын. Тәуелсіз ел тарихында ол сонысымен де алтыннан қымбат азат күннің нұрымен жазылды. Жеті қырымызды жонып, рухымызды қайта жаңғырттық. «Ұлы далада жеті түгілі жетпіс қыр болуы мүмкін. Бірақ Елбасы ең негізгі деген жеті қырын алып отыр. Шынтуайтына келгенде Ұлы далада орын алған дүниежүзі білетін мемлекеттердің, мәселен Үйсін мемлекеті, Қаңлы мемлекеті, Сақ пен Ғұн мемлекеттері, Түрік қағанаты, Дешті Қыпшақ, Алтын Орда және Қазақ хандығының бәрі Ұлы далада орнаған мемлекеттер. Ол хандықтарды шеттен келіп ешкім орнатып берген жоқ. Қазақ даласындағы қасиетті ескерткіштердің бәрін де орнатқан біздің бабаларымыз. Біздің бабаларымыз ешкімнен кем болмаған. Алтын тақта, алтын сарайда отырған, алтыннан киінген. Мұндай тарих дүниежүзінде жоқ... Түрік қағанаты заманында біздің бабаларымыз тасқа қашап тұрып жазу жазған. Күлтегін, Тоныкөк жырлары – соның айғағы. «Жоғарыда Көк Тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласының үстінен менің үлкен бабам Бумын, Естеміс қаған отырған. Бұлар қаған отырып, дүниенің төрт бұрышын алған. Дүниенің төрт бұрышы соларға қараған», дейді. Не деген сұмдық! Дүниенің төрт бұрышы деген әлемді билеген деген сөз. Міне біз осы империялардың жалғасы, ұрпағымыз. Алғаш Түрік қағанаты «Мәңгілік Ел» орнатамыз деп ұран тастады. Бірақ үш-ақ ғасыр өмір сүрді. Одан кейін Шыңғыс хан шапқыншылығының әсерінен Алтын Орда мемлекеті пайда болды. Оның негізін құрған халық – қазақтар. Бұл, міне, Қазақ хандығына жалғасты. Сонау Түрік қағанаты тұсында Батыс және Шығыс түрік қағанаттары құрылды. Кейін Қарлұқ қағанаты, Қарахан мемлекеті өмірге келді. Хандықтың тойы өткен Тараз қаласы Қарахан мемлекетінің астанасы болған. Қарахан баба осында жатыр. Өркениет дамыған, мәдениет өркендеп, әлемдегі ең ілгері мәдениет қалыптасқан. Енді орнында бар оңалар дейді ғой. Әр заман өзінің таңбасын салады. Бір кездері сана күйреді. Дала күйреді. Әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүр күйреді. Тарих күйреді. Енді міне, тәуелсіздік заманы туып, енді-енді тарих түгенделіп, оңалып келеді», дейді белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков. Жалпы «Мемлекет» дегеніміз не? Әдебиетте оның жүзден астам анықтамасы бар. «Қазақтарда бұрын мемлекет болмады», деп жүргендер оның батыстық моделін ғана мойындайды және ол «классикалық анықтама» деп аталады-мыс. Ал оған сәйкес келмейтін мемлекеттік құрылымдар ерте феодалдық, мемлекеттік функциялары шектеулі саяси ұйымдасу формасына жатқызылады. Бұлардың қатарында далалық империялар да бар тұғын. Тарихи толқыныстардың толағай тұстарында бабаларымыз осы Әулиеата топырағында мемлекеттігіміздің риясыз ресми іргесін қалауының өзі данышпандық пен саяси сұңғылалықтың, кемеңгерліктің нышаны екені айтпасақ та ұғынықты. «Ұлттық тарихқа байланысты әлі күнге зерттеу қажет дүниелер өте көп. Кеңес Одағындағы 15 республиканың ішінде ең орыстанып кеткен ел біз едік. Шын мәнісінде біздің тарихымыз б.э.д. VII ғасырдан басталуы керек. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтар үшке бөлінді. Батыстағы қазақтар, Қоқан хандығына қараған қазақтар, оңтүстіктегі қазақтар. ХХ ғасырдағы зар заман ағымында 140 ақын сол кезеңнің шынайы көрінісін баяндайды. Ал бұлар әлі күнге толыққанды зерттеліп біткен жоқ. Ең бастысы Абайды толық таныдық деп айта алмаймын. Шәкәрім мен Абай жан мәңгілік деген. Яғни адамның өмірі біткен соң, біздің жанымыз аспан кеңістігінде болады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясының негізі осында жатыр. Бұрын да айтқанмын, әлі де айтамын, Болгар тарихшысы Киев Русін басқарып тұрған Сұңқар деген қазақ болыпты деген мәліметті тапқан. Оған Соколов, Станислав деген ат қойған. Ол сол елде тұрып, орыс қызына үйленген. Ресейдің мемлекеттік жүйесін құрып, жасаған осы қазақ болған. Кейін осыны жасырып қалу үшін Киевтің ұлы князі Владимир Мономах жазбалардың бәрін өшіріп, көзін жойып, орнына жалған құжат жасаған екен. Біз осыған 1860 жылдан бері сеніп келдік. Сөйтсек бұл өтірік екен. Бұны болгар тарихшылары айтып берді. Мәскеуді 1088 жылы Асат Мосқау деген жігіт билеген. Мәскеудің халқы оны жақсы көргеннен оның атын Мәскеу дегенге айналдырып жіберген екен. Сонда орыстың астанасының аты Мәскеу қазақтың есімінің құрметіне қойылған және орыстың мемлекеттік жүйесін Сұңқар деген қазақ құрған. Көп уақыт өтпей-ақ бұл шындық та айтылатын болады. Ресейдің мұрағаттарында бізге қатысты құжаттарды жойып тастауында үлкен мән бар. Кеңестік билік қазақтың басын көтертпей, бақылауында ұстап отырды. Шын мәнісінде біз қанымыз таза, ойымыз сергек, дүниетанымы өте терең халықпыз», дейді белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы. Қазақта қазына мол қазылмаған, Қағазға қасиеті жазылмаған. Қарусыз қазынасын қазған бар ма? Құр қолмен, құр даурықпен бажылдаған. Сан сыр бар айналада айтылмаған, Сарыннан аулақ жатыр тасырлаған. ...Миллион үн әлі естілмей жатыр жырақ, Иесі есітерлік күйін бірақ, Ол үннің есітетін иесі сол, Елегі елдікінен ерек құлақ, - деп Ілияс Жансүгіров жырлағандай ізгі жолда ізі қалған бабалар інжу маржанының шетін осылай қазып алдық. Енді түбегейлі бойлау ғана қалды. Тарих үшін бес жыл қас қағым сәт, ал бес ғасыр дегеніңіз сүт пісірім уақыт болуы мүмкін. Алайда оның ақиқатына жетсек, мыңжылдықтағы жауһар тарихымызға жол ашылар еді. Бұл жөнінде хандықтың қатпарларын қаламмен қопарып жүрген ғалымдардың да айтары аз емес. Мәселен солардың бірі шығыстанушы ғалым Ислам Жеменей парсы тілінде жазылған тарихи еңбектерді қазақ тіліне аударған. Ол қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына демеу болған Қазақ хандығының нақты құрылған уақыты келтірілетін «Тарих-и Рашиди» еңбегін қазақша сөйлеткен ғалым. «Дулати еңбегі Қазақ хандығының нақты құрылған уақытын келтіргені үшін құнды. Дегенмен ол: «Қазақ хандығы 1465 жылы Шу алабында құрылды. Дұрысын бір Алла біледі» деп жазады. Мұхамед Хайдар Дулати барлық тарихи деректерден кейін осылай жазып отырған. Тарихи кітаптардың барлығы жаратылыстың бастауын әңгімелейді. Бұл өте маңызды. Мысалы «Зафарнама» еңбегі (1424-1425 ж.ж.) парсы тілінде жазылған орта ғасырдағы еңбек болса да, біз оны өзімізге жақын тұтамыз. Себебі «қазақ» сөзі осы тарихи туындыда алғаш рет кездеседі. Ал оны ғылыми айналымға енгізген, жоғарыда аталған туындының авторы – Шараф ад-Дин әли Йазди есімді парсы ақыны әрі тарихшысы. «Қазақ» сөзі түркі тілдес тайпалар арасында жаппай қолданысқа сол кезден бастап ене бастағанын осыдан білуге болады. Дәл осы кезеңде қазақ халқының ұлт формасына ауысу үдерісі жүреді. Қазақ тарихына қатысты құнды мәліметтер беретін «Тарих-и Рашидиден» де ертеректе жазылған еңбектер көп. Егер оларды да аударып, халыққа жеткізер болсақ, тарихымыздың белгісіз қырлары ашылады, маңызы арта түседі. Мысалы «Тарих-и Рашиди» 1542-1546 жылдары жазылған. Ал одан бір ғасырдан көп уақыт бұрын «Зафарнама» (1424-1425 ж.ж.) еңбегі жазылды. 1365 жылы Әмір Темір мен қазақ жұрты арасындағы қарым-қатынастар, оқиғалар жазылған. Айтқанымыздай дәл осы еңбекте «қазақ» этнонимі алғаш рет кездеседі. Демек Дулати еңбегіне дейін 120 жыл бұрын қазақ халқы туралы нақты жазылған деректер бар. Бір сөзбен айтқанда, Қазақ хандығының құрылуына дейін де «қазақ» біріккен халық болған. Тек ұлт формасына жетіп үлгермеген еді. Ал олардың Қазақ хандығының құрылуына дейінгі жағдайы туралы бізде ақпарат жоқтың қасы. Дегенмен олар бірден бірнеше ондаған жылда қалыптасып қойған жоқ. Олардың даму үдерісі, дәстүрі, салты уақыт бірлігімен ғасырлар тұңғиығында дамыды. Яғни қазақ атауы, қазақ жұрты аяқ астынан пайда бола қалған жоқ. Керей мен Жәнібек Қазақ хандығын аяқ астынан құра салған жоқ. Бұған дейін үлкен қалыптасу, даму кезеңдері, алғышарттары болған», дейді белгілі әдебиетші, тарихшы ғалым Ислам Жеменей. Ал осы секілді тарихшы ғалымдар арасында хандықтың бастау алу тарихының ақиқатын басқа қырынан ашып жүргендердің пікірін де айта кету керек шығар. «Керей мен Жәнібек хандардың бір жыл кеш емес, дәл 1457 жылы Шу бойына келіп, екі хан иеліктерінің ортасында хандық құруы Исан-Бұға ханды күшейтіп, ал Жүніс ханға тосқауыл болған дейміз. Керей мен Жәнібек хандардың 1457 жылы келгенін, тіпті жылдың қай мезгілде болғанын тарихи аңыз да растайды. Тышқан жылы қара күзде Керей мен Жәнібек сұлтандардың Мойынқұмға келгені туралы мәлімет бар. XV ғасырдағы тышқан жылы ол қай жыл? XIV ғасырдың 40-50 жылдары жазылған Масут ибн Осман Кухистанидың «Тарих-и Абулхайырхани» атты еңбегінде Әбілхайыр ханның қай жылы өлгендігі туралы: «57 жасында тышқан жылына сай келетін 874 жылы оның жаны о дүниеге ұшты» делінеді. 1469 жыл – тышқан жылы болса, оның алдында өтіп кеткен тышқан жылға 1457 жыл сай келіп тұр. Ал қара күзіміз қараша айы. Сонда Керей мен Жәнібек хандар 1457 жылы қараша айында Шу бойына келіп, қыстап шыққан және келесі жылы көктемде, яғни 1458 жылы наурыз-көкек айлары ішінде Керейді хан сайлаған болады. Алғашқы ханы Керей хан болған Қазақ хандығы осылайша дүниеге келген. Осылайша, қазіргі кезде кейбір тарихи әдебиеттерде жиі айтылып жүрген Қазақ хандығы 1456 немесе 1465-66 жылдары құрылды деген даталар шындыққа сай келмейді. Ал хандықтың 1458 жылы құрылғандығы жөнінде біз бұған дейін де айтып өткенбіз. Бұл жерде де сол жылды ұсынамыз. Ол – 1458 жыл», дейді белгілі тарихшы ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Берекет Кәрібаев. Қалай десек те Қазақстан жерінен табылған төрт бірдей «Алтын адамның» ұшырасуы ежелгі сақ, сармат тайпалары өздерінің даму дәрежесі тұрғысынан көптеген халықтардан көш ілгері болғандығын көрсетеді. Мұны грек авторларының еңбектері, парсылық, ассириялық дереккөздері, Қытайдың «Ханьшу» жылнамасы растайды. Оларда Арал, Каспий өңірлерінде, Сырдария өзенінің бассейнінде, Таласта және Қаратау маңында, бүгінгі Қазақстанның оңтүстік-шығысында өмір сүрген мемлекеттер сөз болады. Ал осынау тарихи алтын сабақтастық осы киелі Әулиеата жеріндегі Қазақ хандығымен біте-қайнаса байланысып, терең ұштасып жатыр. Таразды тарихымыздың темірқазығы деп Елбасының айтуына да осы хандықтың іргесі толыққанды сеп болғаны анық. Биыл 555 жылдығы тарихқа уақыт алдаспанымен бедерленіп отырған мемлекеттілігіміздің іргетасы қаланған кезең қайткен күнде де ұрпаққа мақтаныш қана емес, зор аманат һәм алдағы ақиқатын аршу жолындағы үлкен жауапкершілік. Ойымызды әңгімеге тұтқа еткен Қадір Мырза Әлінің жырымен қорытындыласақ: Қайсар қазақ қашанда төзер мұңға, Көзін күннің екі есе сезер кұмда. Сөзі орнында қалғанның Қай кезде де Қалатыны белгілі өз орнында!

  Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар