жұма, 22 қараша, 2024 16:42

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Мен ол кісіні ұмытпаймын, ұмыта алмаймын»

«Мен ол кісіні ұмытпаймын, ұмыта алмаймын»
ашық дереккөзі
«Мен ол кісіні ұмытпаймын, ұмыта алмаймын»
– Сұрағың бар ма? – Бар. Ұстаздарыңыздың ішінде кім­нің орны ерекше? – Генерал Иван Васильевич Панфи­ловтың орны өзгеше. Ол кісі менің ойымда, пікірімде, естелігімде, творчествомда өзгеше орын алады.
Мен ол кісіні осы уақытқа дейін ұс­тазым деп санаймын.Әлдеқашан өліп кеткен Иван Васильевичті ұмытпаймын, ұмыта алмаймын. Басқалармен жылдап бірге жүрдім. Қалдырған іздері шамалы. Панфилов бар-жоғы бес-алты ай ішінде терең, тіпті бүкіл өміріме ұмытылмас із қалдырды. Сол себепті творчествомда шама-шар­қым жеткенше ол кісінің образын жасау­ға тырыстым. Иван Васильевич өзінің ақылдылығымен, даналығымен өз образын жасады. Баукең бір қауым уақыт үнсіз қалып: – Е, «Жазушы» баспасының директоры Әбілмәжін Жұмабаевқа барғаным есіме түсті, – деді қабағын жазып. – Ол: «Бауке, бізге ашуланғаныңыз орынсыз. Екі томдық таңдамалы шығармалар жинағыңызды биыл, ал «Генерал Пан­филов» туралы кітапты келесі жылы шы­ғарайық», – десе бола ма? – Жоқ! Менің таңдамалы шығарма­ларымның екі томдығын шығармай-ақ қойыңдар, «Генерал Панфиловты» шығарыңдар. – Бауке, «буынсыз жерге пышақ ұрға­ныңыз» қалай? Біздің де хал-ахуалымызды түсініңіз. Сіздің таңдамалы шығармалар жинағыңыздың екі томдығы тез сатылып кетеді. Баспамызға көмегі үлкен. «Генерал Панфилов» көп автордың естелігі, ол кітаптың өтуі қиын. – Сенімен мен Алматының Көкбаза­рында сөйлесіп отырғаным жоқ. Биыл Панфилов дивизиясының құрылғанына 40 жыл толады. Осы айтулы күні Панфиловты құрметтемесек, біз кімбіз?! Мұны түсінбейтін сен қалай «Жазушы» баспасының директоры болып жүрсің?! Бүгіннен бастап директор емессің! – деп айқайладым. – Бауке, түсіндім, кешіріңіз. – Қорықпа! «Генерал Панфилов» та сендерге табыс әкеледі. – Жақсы, Бауке. – Директорлықта қалу, қалмауың әлі күн тәртібінен түскен жоқ. – Қазақтың бір қатыны жүз жылда сіздей бір Бауыржан туып берсе, ба­қыт­тымыз, – деді Әбілмәжін әзілімді түсі­ніп, көңілдене күліп. – Менің оған ашу­ланғанымның астарынан сен не түсіндің? – Ұстазыңызды шынайы сыйлайты­ныңызды түсіндім.   «Жауынгер әміршісі – ар-ұят, борыш» – Соғыс деген не? Ол той, әлде би ме? – Екеуі де емес. – Дұрыс. Соғыс – қанды қасап. Алғы шепте жауынгер ойын тек бір-ақ нәрсе билейді. Ол – жеңіс. Соғыста бұдан артық қымбат та, жақын сөз болмайды. Соғыс барлық нәрсені өмір таразысына салады. Өлім мен өмір бетпе-бет келеді. Сонда өзің ойлағын, нағыз қырғын нақ осы жерден басталады. Майдандағы адам оны өз көзімен көреді. Енді сен айтшы, оны көзімен көрген адам жұмсақ бола ала ма? Биязы бола ала ма? Біле білсең, соғыс қандай қиын болса, соғысушы адамға одан да қиын. Себебі мейлі сен, мейлі мен, не басқа біреу болсын, өмірін қиып өле қоюға бармайды. Айталық, екеуіміз жауынгерміз. Со­ғысқанда кім үшін соғысамыз? Отан үшін, ел, жер үшін соғысамыз. Жау толымызды төгіп, ортамызды шайқап, бізді тізе бүктіріп, қол қусыртса, бүкіл еліміздің намысын аяққа баспай ма? Ендеше, ойлап көр, бұл жерде адамның жеке басының ғана намысы емес, ел намысы сенің көз алдыңда тұрады. Ондай адам, сөз жоқ, өзіне де, өзгеге де қатал болады. Сондықтан командир қаталдығы табиғи заңды. Бұл қаталдық емес, қамқорлық, талап қоюшылық. Мұны сен дұрыс түсін. Әркім әртүрлі ойлайды, оған ерікті де. Соғыста жұмсақ болу – өзіңді өзің тірідей көрге көмумен бірдей. Мысалы, сен командирсің. Командир болғанда жай емес, алдыңғы шептегі соғыс тағдырын шешуге, Отан бұйрығын орындауға міндеттісің. Сонда қалай, ол бұйрықты кіммен, орындайсың? Олар – адам. Олардың тағдыры көп жағдайда саған, сенің ақылың мен қайрат-жігеріңе тікелей байланысты. Егер қайрат-жігерің жеткілікті, ақыл-ойың ұшқыр, айла-әдісің мол болса, онда жауынгерлерің бақытты. Неге олай? Секунд сайын деп асыра айтып, минут сайын деп әсірелеуге бармай-ақ қояйын, ажал сағат сайын аранын ашып қарсы алдыңда тұр. Жекпе-жек ұрыста тәуекел, батырлық шығады. Алдымен солдат өзін-өзі жеңеді. Қобалжу, қорқу, тағы басқа сезімдерді төмен басып тастайды. Оған бір дәлел – Төлеген Тоқтаров ерлігі. Мен оған жаудың бүйірінен қарсы шабуылға шық деп бұйрық бергем жоқ. Он екі жауынгер айқасқа енген. Міне, инициатива! – Біздің әскерді жоятын болды. Ең болмаса екпінін басамыз, бүйірінен тиісейік, – дегем. Қандай мөлдір азаматтық сана?! Қан­­­­дай азаматтық биік борыш?! Менің Төлегенге риза болатыным – осы! Мыса­лы, Гастелло өлімге өзін жақсы жағдай­дан қи­ған жоқ. Оның оғы таусылып қалды. Бұрылып қашса, жау қуып жетіп, тұт­қынға алады. Көмектесер ешкім жоқ. Былай қараса, үлкен бензин колонкалар тұр екен. «Мейлі, енді осылардың бәрін жағып жіберейін. Пәлен жүз са­молеті бензинсіз қалсын, біздің пәлен адамымызды өлтірмесін» деп шешеді. Мен оның қанша фашисті өлтіргенін білмеймін. Жоғарыдағы әрекетімен-ақ көп жаудың көзін жойды, бізге көп пайда келтірді. Біз үшін ол көп нәрсе істеді. Баймағамбетов жетіскенінен жау блиндажын кеудесімен жапқан жоқ. «Мен өлсем өлейін, жолдастарым тірі қалсын» деді. 28 панфиловшылар да бастарын құрбандық­қа тікті. Бұл – совет жауынгерлерінің жап­пай ерлігі еді! Гастелло, Баймағамбетовтер­дікі жеке ерлік. Оны сол кезгі жағдай талап етті. Бұл тұстағы жауынгер әміршісі – ар-ұят, борыш.   «Жау болса да» – Адъютантым Николай Синченко екеуіміз шоқ тоғай ішімен алғы шепке бара жатып, неміс солдаты өлігінің үстінен шықтық. Етпетінен құлапты, жалаңбас. Шашы сап-сары, төңірегіндегі қар қып-қызыл, – деп Баукең шамырқана сөйледі. – Жүзін көрейін, – деп етігімнің тұмсығымен түртіп, өлікті аудардым. Етігіммен аударған себебім, сүйікті генералым Иван Васильевич Панфиловтың, қандыкөйлек серіктерімнің қазасынан туған ыза-кек еді. Жау солдатының моп-момақан, бей­күнә жүзін, жаңа тебіндеген мұртын көріп, аядым. Синченко қалталарын қарап, бір де құжат таппады. «Бұл сорлы енді аң-құсқа жем болады-ау. Белгісіз солдат дегеніміз осылай тоғай ішінде, қар құрсауында қалғандар ғой», – деп ойлап, адъютанты­ма штабқа барып, күрек алып келуін бұ­йырдым. Ол жүгіріп кетіп, біраздан кейін қайта оралды. Екеулеп көр қазып, әлгі солдатты жерледік. Жау болса да, жүзін жасырмай кеткенді өзіме ар санадым... Өліктің жүзін жасыру адамзат баласы­ның ежелгі асыл борышы десек, Баукеңнің жау өлігін құрметтеп, аң-құсқа жем етпеуі – адамгершіліктің биік шыңы емес пе? Мұндай оқиға адамзат баласы тарихында кездесті ме, кездеспеді ме деген сұрақ төңірегінде ұзақ ойға баттым. Шындыққа жүгінсек, жау біздің өлі­гімізді табанымен таптағаны өз алдына, адамдарымызды тірідей өртеді, дарға асты. Осы қанқұйлы, жауызды бар жан-тәнімен жек көрсе де, өлігін жерлемей кетуді бойына ар санаған Баукеңнің «соғысқа халық кінәлі емес, ешбір халық соғысты қаламайды, бұл тіл табыса алмаған басшылардың кінәсінен» деп түсініп, жау өлігін жерлеп кетуі оның қандай ортада, қандай тәрбиеде өскенін әйгілеп тұрған жоқ па?   Израиль тарихшысының лебізі Интернеттен Ресей президенті Вла­димир Путинге Израиль тарихшысы «Яд Вашем» ұлттық институтының қыз­меткері Арон Шнеер қарсы қарап отырып айтқан мына сөздерін оқып, шексіз мақтаныш сезіміне бөлендім. – Маған өзіндік ерекшелігі бар өкілдік бұйырды. Себебі мен басқа елдің азаматымын, Иерусалимнен келдім. Сол себепті, бір жағынан, Ресейдің ішкі мә­се­­лесіне араласқым келмейді, екінші жа­ғынан, Кеңес Одағында болған оқиғаға тоқ­талмай өте алмаймын. Халық тарихын, мемлекет тарихын ұмыттырмау – тарихи жадымыздың ең басты және аса маңызды міндеті. Мысалы, 1946 жылы жаңа мемлекет – Израиль мемлекеті дүниеге келді. Сол жылы Алек­сандр Бектің «Волоколамское шоссе» кітабы еврей тіліне аударылды. Әскери басшылық тек оқу құралы ғана емес, іске басшылық етсін деп ол кітапты Израиль армиясының әр офицеріне қарумен бірге берді. Израиль армиясының болашақ бас штабының бастығы Мотогур өзінің есте­лік кітабында рота командирі кезінде ба­тальон командирі, кейіннен Кеңес Ода­ғының Батыры атанған, тамаша адам Бауыржан Момышұлының сөзімен жа­уынгерлерін қалай рухтандырғанын жаз­ды. Сарбаздарын сапқа тұрғызып әйгілі кітаптың «Қорқыныш» тарауын оқып, сөзін: «Сен ұрыс даласын тастап кет­тім деп ойлайсың ба, сен Москваны жау­ға қалдырып кеттің», – деген сөзімен аяқ­тап: «Әскери тәртіппен қолымды ше­ке­ме апардым да, бұрылып кеттім. Сол­дат­тарымның мені түсінгеніне сенімді болдым», – дейді. Міне, басқа соғыстағы, басқа армия­дағы ерліктің, қаһармандықтың өнегесін жас Израиль армиясына үлгі еткен тарих сабағы. Мұны жастарымыз оқып, кімдердің ұрпағы екенін мақтан етсін деген оймен қазақшаладым.   Мамытбек Қалдыбай, бауыржантанушы
egemen.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар