Сұрағы жоқ сұхбат. Герольд Бельгер
Герольд Бельгер (1934-2015) - жеті жасында Қазақстанға жер аударылған Поволжье немісі. Аудармашы, әдебиеттанушы, публицист, жазушы. Қазақ қаламгерлерінің шығармаларын орыс, неміс тілдеріне тәржімалаған.
Аймауытовтың заманындағы қазақ тілі мен қазіргі қазақ тілінің арасы жер мен көктей. Қазіргі қазақ тілі өте жұпыны. Бұрынғы ұшқырлы ой жоқ. Баяғы жан жоқ. Жетпіске келген жазушыға атақ пен орденнің неге керегі бар екеніне керемет қайран қаламын. Бұл енді қазақ жазушыларының бір психологиялық ерекшелігі болуы керек. Мен тіпті оларға кешіріммен қараймын. Ешқайсысын сөкпеймін. Түсінігі солай болса, оларға не істей аласың? Адамның жақсы қасиеттерін көтермелеу керек. Әйтпесе өзің азғындайсың. Әуезов сөйлегенде: «Е, халқым, менің басымның қасқалығы болмаса, көңілімнің басқалығы жоқ қой», – деп бастайтын әңгімесін. ҚазПИ-дегі бір кездесуінде Әуезов сөйлеп тұр: «Ақсақалды аңқаулықтан аулағырақ болу үшін…» деп бастады. Көрдіңіз бе, қандай ассоциацизм. Бәрі а-дан басталады, төгіліп жүре берді. Мен дәл бүгінгі көп нәрселерден түңіліп жүрмін. Сол себептен көп мәселеге мен араласпаймын. Пікірімді айтпаймын. Өйткені мен – диванда жатқан зейнеткердің бірімін. Ойымның ешкімге керегі болмаса, сөзімді шығындап, босқа сөйлегенімнің кімге керегі бар. Кезекті бір сапар кезінде менің құрметіме дастархан жайылды. Ас-ауқат ішілген соң ақсақалдардың бірі «Гереке, бата бер» деді. Қысылып қалдым да, бата айтатындай деңгейге жеткен қазақ бола қойған жоқ едім деп жауап бердім. Сонда біреу тұрып: «Әй, Гереке, сенен басқа қазақ қалды ма?» деді. Қазақтардың немістерді қабылдауында және олардың бұл халыққа оңай сіңісіп кетуінде диалектикалық заңдылық бар. Мүмкін, олардың бірін-бірі жақсы түсінуінің басты себебі бұл екі ұлттың езілген халықтың қатарына жататындығынан да шығар. Менің әкем – «енді мен Еділге қайтпаймын, өз Отаныма оралмаймын, қазақтың арасында қаламын» деген үлкен қағидаға бой ұрып, ақыр аяғында қазақ ауылында үлкен ағаш үй салған азамат. Еуропадағы зиялы қауым өздерін өте биік санайды, асқақ ұстайды. Ешуақытта да олар билік басындағылардың алдында басын иіп, құлдық ұрып, қолын сүюге бармайды. Себебі, бұл – ұят нәрсе. Әсіресе қазақтың күйін ұнатамын. Анау Құрманғазының, Динаның, Тәтімбеттің күйлерін қызыға тыңдаймын. Төкпе күйлер менің темпераментіме көбірек келіңкірейді. Мен неміспін ғой. Бәлен жылдан бері қазақ тілі деп айқайлап келе жатырмыз, талай дөңгелек стөл де өткіздік. Үлкен мінбелерде де сөйледік. Қатты-қатты сөздер де айттық. Нақты мысалдар да келтіргенбіз. Бұл іске қарайған қаржы да жұмсалды. Үкімет тарапынан қолдау да бар. Бірақ нәтижесін көре алмай отырмыз. Шынымды айтсам кейбірде осы мәселеден түңіліп кетемін. Сол себептен бұл тақырыпта аса бір сөйлегім де келмейді. Ал енді қазақтың арасында жүріп, менің түсінбейтінім – ру мәселесі. Аздап хабарым бар, әрине. Бірақ рушылдық басыма қонбайды. 42 ру бар дейді екен. Соны білем деп, әжептәуір талпынып, зерттеген болдым. Түкке түсінбедім. Біз адамдарды таңдай алмаймыз, оларды дұрыс орынға қоя білмейміз. Адамдардың кәсіби қасиетімен, талантымен санаспаймыз. Кездейсоқ адамдар бастық болып шыға келеді. Мұндай ауру соңғы жылдары тіпті дендеп кетті. Кеше мен күнделігіме «Я независим, независим потому что от меня ничего не зависит», яғни «мен тәуелсізбін, тәуелсіз болатын себебім, менің ешкімге керегім жоқ» деп жазып қойдым. Менің достарымның, араласып жүрген жазушыларымның көбісі осы Бельгер сөйлесін, оған ештеңе бола қоймас, неміс қой деп бәрін маған ысыра салады. Өздері үндемей қалады. Күнделікті тұрмыста пайдаланудан шығып қалған сөздерді есептесек қазір он миллион қазақ сөзі бар екен. Ондай сөздік қор немістерде де, орыстарда да, ағылшындарда да жоқ. Соны бірақ қазақтардың өздері де біле бермейді. Біз ауылда тұрдық. Есілдің жағасында. Түмен, Орынбордан қазақтар келетін. Өздерін «іш жақтан» келдік дейтін. Кейін Омбы, Орынбор, Астраханда қазақтар тұратынын білдім. Өзім Саратовта тудым ғой. Сол жақтағы неміс ауылдарында да қазақтар бар еді. Орден, медаль беру – даңғойлықтың, даңғазалықтың бiр көрiнiсi. Ел неғұрлым надан болса, неғұрлым артта қалған болса, соғұрлым оның сөлкебайлары көп болады. Жалпы, ерте ме кеш пе латын шрифтісіне көшу керек болады. Мұны бізге өмірдің өзі жүктеп отыр. Бүкіл әлем осы шрифте жазып-оқиды. Тек бір ескеретін жәй, латын тіліне көшкен соң болашақ ұрпақтар осы алпыс-жетпіс жылдың тарихынан бейхабар болып шығады. Олар бұл кезде жазылған дүниелерді оқи алмайды. Сонау жиырмасыншы-отызыншы жылдарда жазылған небір құнды дүниелерді оқи алмай отыр емеспіз бе? Ауылда мені «Белекеңнің баласы», «Сары бала», «Біздің Гера» деді. Ойын баласы күнімде ақсақалдар еттің тәуірін асатты, жіліктің жақсысын ұстатты. Сол ауыл ақсақалдарының кеңдігі жұққан болар, менде ыза, кек жоқ. Ел болмаса, бір жүрген құм қиыршығысың, қаңбақсың, үйсіз-күйсіз қаңғыбассың. Мәселен, біздің депутаттар кейде қазақша сөйлеген болып, сөзін: «Мен ойлаймын», – деп бастайды. «Я думаю» дегені ғой. «Мен ойлаймын, біздің халық каленнен тұрады деп»… Қотыр-қожалақ, бір сөзі – орысша, бір сөзі – қазақша. Дос қазақтарыммен салыстырғанда менде бәрі жалғыз-жалғыздан ғана бар: қанша жерден біртүрлі көрінсе де, әйелім жалғыз (күледі). Жалғыз қыз, жалғыз немере, жалғыз шөбере. Мен неміс тілінде сөйлесу үшін кейде адам таппай, немісше кітаптарды дауыстап оқитыным бар. Әсіресе Гётені. Ішімнен әрбір сөздің немісше аудармасын қайталап жүремін. Кейде бір сөздер есіме қазақша түседі де, оның немісшесін есіме түсіре алмасам, ол сөзді жазып алып, сөздіктен қарап, немісше аудармасын есіме сақтаймын. Осы күні кез келген адам ақын болып жүр. Өздерінше сөзді құбылтқан, ойнатқан болады да, сөздің қадірін тіптен кетіріп алды. Жаңа сөз ойлап табамын деп, қазақшаның өзін түсініксіз қылып жіберді. Менің жынымды келтіретіні, бәрі – шетінен ақын. Достарымның әлі де көп екенін сексен жасқа толғанымда тағы байқадым. Бәрін қағазға түртіп отыратын адаммын ғой, мінекей, мені 386 адам құттықтапты… Қазақ мен сияқты кімді қадірлеп, кімді көтерді? Осы қазақ тілі байларға қажет емес сияқты. Қазақ тілі тек қана кедейлерге керек сияқты болып көрінеді. Қазақтардың менi мақтан тұтатыны өзiме де ұнайды. Менiң тiрегiм де – сол қазақтар. Немiстер маған сенiмсiздiкпен «осы қазаққа сатылып кеткен жоқ па, қазақ боп кетпедi ме?» деп қарайды. «Как нам обустроить Россию?» дегендi Солженицын бастады. Қалғандары да осы тақырыпта көп жазады. Қазақта аздау жазады. Неге? Менiңше, өздерi сол Қазақстанның келешегiне онша сене қоймайтын сияқты. Менiң әкем атеист болды. Туған-туыстарым да, мен де атеист болдым. Бiрақ атеистiң түр-түрi бар. Бiрiншiсi – Құдайға қарсы, ашынған атеистер. Екiншiсi – мен сияқты жұмсақтау атеистер. Тағдырым Гётенікі ұқсаса деймін. Гёте «Фаустты» бітірсем» деп армандады. 82-ге келгенде аяқтады. Сонда ол: «Алғыс айтамын саған, Құдай, бәрін аяқтадым, бәрін бітірдім. Енді көрген күнім сыйым болмақ» депті. Алты айдан кейін одүниелік болды. Дәл осылай мен де ойымдағыны жазып бітіріп, «Бәрін бітірдім, рахмет!» десем, шіркін-ай. baribar.kz
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз