сенбі, 23 қараша, 2024 4:45

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Шәкәрімнің бес сауалына жауап

Шәкәрімнің бес сауалына жауап
ашық дереккөзі
Шәкәрімнің бес сауалына жауап
Бес сауал мынау: 1. Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не? 2. Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін? 3. Адамға өлген соң, мейлі, не жөнмен болсын, рахат-бейнет, сауап-азап бар ма? 4. Ең жақсы адам не қылған кісі? 5. Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма? Қай түрлі жауап берсеңіз де, дәлеліңіз не? Көріп отырсыздар, бұл сауалдар бүкіл өмірдің негізгі мән-мәнісін қамтиды. Олардың дұрыс жауабын табу әрбір адамды, тіпті бүкіл адамзаттың өміріне дұрыс бағыт береді. Шәкәрім осындай жолмен адам ойын тербетіп, ұйқыдан оятуға ұмтылған. Адамдардың сана деңгейлері әртүрлі болғандықтан, бүкіл болмыстың негізгі сырларын қамтитын бұл бес сауалға да түрлі жауап болады. Олар бір-бірімен сәйкес келмейді, тіпті қарама-қарсы болуы да мүмкін. Шәкәрімнің өзі «Үш анық» шығармасында жазғандай, болмыс үш деңгейден құралады. Адамды оның санасына байланысты осы үш әлем құндылықтары басқарады. Біріншісі, заттық көрнеу әлем. Бұларды барлық жан иелеріне ортақ -- ұйқы, тамақ, қорғаныс және ұрпақ қалдыру қажеттіліктері басқарады. Бұларсыз заттық әлем өмір сүре алмайды. Екіншісі, заттық көрінбейтін нәзік әлем. Бұл деңгейдегілерді ой-өріс басқарып, олар ғарыштық санаға көтеріле алады. Үшіншісі, рухани әлем. Бұлар рухани болмысты сезініп, Абай көрсеткен өмірдің түпкі мақсатына жете алады. Толық адамға осылар жатады. Шәкәрім әулие қатарындағы адам, сондықтан ол қарапайым сауалдар қоймайды. Осы тұрғыдан алғанда, бұл сауалдар бүкіл адамзатты ойландыру үшін болғанымен, негізгі мақсат -- болмыстың түпкі мәні болса керек. Сондай оймен, теолог болғандықтан, Абай ілімі бойынша мен де бұл сауалдарға рухани тұрғыдан жауап іздедім. Енді сол сауалдарға келейік. 1-сауал. Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не? Алла мақсұтсыз ештеңе жаратпайды. Ендеше адамды жаратқанда да мақсұт болу керек. Жан иелері эволюция жолымен жетіліп, түбінде Алла тағалаға қайтады. Бұл ақиқат қасиетті Құранда «Түбінде барлығы Маған қайтады» [Құран, 21-93] деген аятпен бекітілген. Хакім Абай «Малда да бар жан мен тән, Ақыл, сезім болмаса» деп, немесе  38-сөзінде басқа жан иелеріне қарағанда адамға өзгеше артықшылықтар берілгенін жазады. Ол артықшылықтар: ерекше ақыл мен ерік. Басқа жан иелерінде бұлар жоқ, оларды табиғи инстинкт басқарады. Адамды ақылы мен еркі басқарады. Адам ғана осы ерекшеліктерімен өз еркімен Түп Иеге қайта алады. Сондықтан, әлемнің эволюциялық жолында адамның ерекше рөлі бар. Сопы ілімінде бүкіл болмыс өмірінің нәтижесі -- Адам деп көрсетіледі. Түп Ие аса мейрімді және қамқорлы болғандықтан, Ол ешкімді ештеңеге зорламайды. Егер адам баласы өмірдің негізгі мақсатын дұрыс түсіне алса, ол өз еркімен Түп Иеге қайтуға бет алады, ал түсіне алмаса (өз еркімен) тән құмарына беріліп, заттық әлемде эволциялық жолмен төмен құлдырайды. Адамдар қоғамда осылай бірі жоғары өрлеп, ал екіншілері төмен құлдырап бара жатады. Осылай өмірде бірі төмен, екіншісі жоғары бағытталған екі ағым пайда болады. Бірақ көбі бұл құбылысты білмейді де, байқамайды да. Жоғары бағытталғандар өз еріктерімен Түп Иеге қайтуға ұмтылып, бүкіл болмысты алға тартады. Міне, Алланың адамды жаратқандағы мақсұты осы &ndash барлық жан иелеріне Түп Иеге қайтуға мүмкіндік тудыру. 2-сауал. Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін? Адамға тіршіліктің ең керегі - Түп Иеге қайтуға үйрену үшін. «Алланың Өзі де рас, сөзі де рас» өлеңдегі Абай көрсеткен Түп Иеге қайту жолын адам баласы рухани кемелдену барысында сезініп, түсіне алады. Бұл үшін әуелі рухани білім алу керек, сонан соң ол білімді тіршілікте пайдалана отырып, өзінің болмысына айналдыру керек. Сол кезден бастап адамға Түп Иеге жол ашылады. Яғни, адамға тіршіліктің ең керегі -- өмірді құрал ретінде пайдалана отырып, рухани жаңғыру арқылы Абай көрсеткен Түп Иеге қайту үшін. 3-сауал. Адамға өлген соң, мейлі, не жөнмен болсын, рахат-бейнет, сауап-азап бар ма? Болмыс өмірін әділет заңдылығы басқарады. Бұл заңдылық қарапайым сөзбен «Не ексең, соны орасың» дегенге саяды. Жақсылық үшін - жақсылық, жамандық үшін -- жамандық аласың. Немесе, оған физикалық әлемдегі «затқа қандай күшпен әсер етсе, оған сондай қарсы күш әсер етеді» деген И.Ньютонның заңдылығы дәлел. Сондықтан өлгеннен кейін әркімнің өзінің қарымын, яғни іс-әрекетінің нәтижесін алу әділет заңдылығы. Бұл заңдылықты дұрыс түсініп, қабылдай білудің бүгінгі заманда қандай маңызы барын, әрине, әркім түсіне алады. Исламда бұл қағида «жұмақ» және «тозақ» деген ұғымдармен түсіндірілетіні белгілі. Яғни, әділет заңдылығы болғандықтан, адамға өлген соң, мейлі, не жөнмен болсын, рахат-бейнет, сауап-азап бар. 4-сауал. Ең жақсы адам не қылған кісі? Жақсы адамның деңгейлері көп. Кедей-кепшіктерге дүние-мүлікпен жәрдем, ауру-сырқауды емдеу, кәрі адамдарға қамқорлық, өмірден түңілген адамдарға көмек, бұлардың барлығы да, әрине, керек -- жақсы адам қасиеттері. Қарапайым тіршілікте бұлар адамның тән саулығына және ой саулығына көмек болып табылады. Бірақ бұлардан да жоғары жақсылық бар. Ол &ndash жан саулығы. Жаны сау адам ғана Құдай жолына толық түсе алады. Сондықтан, ең жақсы адам басқаларға рухани білім беріп, оларды Құдай жолына салу болса керек. Абайдың өзі бұл тұжырымды «Ғылым &ndash Алланың бір сипаты, ол &ndash Хақиқат, оған ғашықтық өзі де Хақлық һәм адамдық дүр» (38-сөз) деп бергені белгілі. Бұл арада «ғылым» сөзі рухани білімді білдіріп тұр. Рухани білім алған адам Алланың сипатын танып, өмірдің түпкі мақсатына жете алады. Яғни, негізгі құндылық &ndash рухани білім. Ол Алла тағалаға жол ашады. Яғни, ең жақсы адам &ndash рухани білім тарату арқылы өмірдің түпкі мақсатына жол ашқан кісі. 5-сауал. Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?   Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы бұзылып бара жатыр. Абай өзінің қырық үшінші сөзінде «Адам ұғылы екі нәрседен: бірі &ndash тән, бірі &ndash жан» деп адам рухани және заттық болмыстан құралатынын жазады. Адамның адамшылығы рухани болмыспен байланысты. Рухани болмыс көрінісі -- мәңгілік, жоғары сана және ләззат болса, ал заттық әлем көріністері, керісінше, -- уақытша (жалған), надандық және қорлық. Қарапайым адам заттық болмыс ықпалынан шыға алмайды. Тек толық адам ғана бұл заңдылықтан тысқары. Сөйтіп, заттық әлем ықпалымен заман өткен сайын адамдардың адамшылығы бұзылып бара жатыр. Досым Омаров, абайтанушы, теолог. Abai.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар