дүйсенбі, 20 мамыр, 2024 0:10

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыныз

Байланыс

Шындықтың жебесі – Шераға!

Шындықтың жебесі – Шераға!
ашық дереккөзі
Шындықтың жебесі – Шераға!

28 қыркүйек – Ұлт руханиятының алтын діңгегі, Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның туған күні. Қаранар қаламгер һәм қайраткер көзі тірі болғанда биыл 88 жасқа толар еді. Қазақ әдебиеті мен баспасөзінде өшпес қолтаңбасы қалған тарпаң тұлғаның тағылым тұңғиығында да, шындықтың шың биігінде де ізі сайрап жатыр. Оның есімі мен есіл еңбегі жер жаннаты Жуалы немесе тарихымыздың темірқазығына баланған тараздықтарға ғана емес, күллі алаш баласына мәңгілік мақтаныш десек, асып айтқандық болмас.

«Дүниеде не жаман? Бүлінген жаман. Іргеңді сөгіп, қабырғаңды қақыратып, шаңырағыңды ортаңа түсіретін сол. Ауызбірлік кеткенде солай болады. Бүтінделе аласың ба, содан кейін. Жағаласқан қол, жыртылған жаға, қалған көңіл қашан келеді орнына. Ұмытылмас азабы мен шері бар ғой оның. Бір-бірімізге кекті көзбен қарап, сумаңдатып сұқ саусақты кезесек, қараулық жасап, қарадай қауып тастасақ өзіміз өксіп, артымызда келе жатқан ұрпақ опынбай ма, күні ертең. Қасіретін әдебиет шегеді. Осыны ойламаудан емес пе, Жүсіпбек, Мағжан, Ілияс, Бейімбет, Сәкендердің опат болғаны. Олардың обалы кімде? Жалғыз Қызыл өкіметтің қанды қолы ма? Қанды қол қазақ ақын-жазушыларының қайсысы қандай екенін қайдан білетін еді, егер қазақ ақын-жазушылары қатар жүрген қандасына қалың етіп қара күйе жағып, қаздай тізіп бермесе. Сол арыстар ең құрығанда 60 жасқа аман жетсе, қазақ әдебиетінің қазынасына қанша шығарма қалдырар еді», дейді Шераға. Расында ел үшін ауызбіршілік, ынтымақтың қадірі ауадай қымбат. Қашаннан да солай. Көзі тірісінде Шерағаның өзі қаншама мінберден жұдырықтай жұмылған жұрттың алар асуы көп боларын айтқаны ел есінде. Жер қозғалса да қозғалмай, көкті көкірегінен итерген замана дауылына төтеп берген сонау бабалар дәуірінен бері ұлттың бойтұмарына айналған бірлік Шерағаның да жүрек ұраны еді. Сартта-сұрт шайқастарда сан атылған, Көп жұрттан көш ілгері дара туған. Мен білсем, иір бұтақ осы кісі Қазақтың намысынан жаратылған.

Қосылмай топ-тобырдың ағысына, Қол берген алыбына, арысына. Намыстан жаратылып, сосын өзі Қазақтың айналған ғой намысына! – деп ақын Темірхан Медетбек жырлаған Шерағаның болмыс-бітімі, тағылым табиғатына біз білетін кемшілігі көп осы заман айтарлықтай мұқтаж. Себебі Шераға ұрпақтың ұстазы, ұлт ұстыны еді. Жазушылығы бір төбе, журналистігі өз алдына дара заңғар. Қылышына қан сіңген заманда шындықты ақ туына айналдырған қазақ газеттерінің мұрағатын парақтап отырып, ол секілді алдаспан редактордың да аз екенін аңғару қиын емес. Турасын айтып, туғанына жақпаған Шерхан секілді халық қалаулысы да некен-саяқ. Қай салада еңбек етсе де ақтық демі қалғанша халықтың сөзін сөйледі. Ұлт мүддесі, алаштың абыройы жолында жан аямай еңбек етті. Осылайша, қазақтың құзар шыңына айналды. Заманалардың ала-құла қалың бұлттары осындай шыңдарға үйір-ақ. Соның салдарынан көптеген шыңдарымызды көрмей келеміз. Десек те Шерағаның орны бөлек. Шераға өзекті де өткір сөзінің бірінде «Қырық жыл қырғын болса да, қиыспайды туысқан» деген ғой. Нарық қанша нәһан болса да, ақылды басшы рухани дүниені аздырмас болар. Рухы азған ел – тозған ел. Ондай елді қарға-құзғын шоқып кетеді» десе, енді бірде «…Бұл – отансыздық идеологиясы. Бұл таптың анасы – ақша, атасы – сауда. «Коммерсанттар үшін өз туған елі болмайды» деп Америка демократиясының атасы Томас Джефферсон айтқан. Демек бұлардан ұлттық руханият дәметіп береке, қайыр таппайсың. Бұлар ұлттық руханият талықсып жатса, аузына су тамызбайды. Оның есесіне шеттен келген «жұлдызсымақтарға» миллиондарды аямай төлеп, жатып төсек, жайылып жастық бола қалады» деп ащы шындықты ашына жеткізеді. «41-ші жылғы келіншек», «Бір нәзік сәуле», «Сол бір күз», «Алтын тікен», «Ақсай мен Көксай», «Интернат наны», «Шекшек шырылдайды», «Жаңбырлы той», «Сусамыр», «Соғыстың соңғы жесірі», «Тарпаң» сынды әңгімелері ақиқатты әспеттесе, «Табылған теңіз», «Белгісіз солдаттың баласы», «Бұлтсыз найзағай», «Мылтықсыз майдан» сынды хикаяттары ғаламға нұрын төккен һәм таудан да биік күннің ғана қолы жететін көркем әдебиеттің көкжиегіне айналды. Тахауи Ахтанов айтпақшы: «Қара маржан» романы «кеңестік кестелемек» кеселіне шалдықпай, шалығына шалынып қалмай, тақырыптық шылауға шырмалмай, өндіріс проблемаларын қуып кетпей, кісілікті, «адамгершілікті алға шығара алғандығымен айрықшаланады». Одан бөлек, хәкім Абайша тағдырдан тізіп-терген «Бір кем дүниесі» әрбір адамзат баласы үшін сарқылмас ақыл сандығы іспетті. «Газет жұмысы – бір жағынан жазушының досы. Ел көресің, жер көресің, сан түрлі адамдармен кездесесің. Шығармаға жем табылады. Газет – бір жағынан жазушының жауы. Ойыңда жүрген, көкірегіңді кернеген дүниені алаңсыз отырып жаза алмайсың. Ұдайы оттың ішінде жүресің. Түнде де тыным жоқ» деп өзі айтқандай қазақ баспасөзін де биік белеске көтеріп кетті. Ел мұңын, ұрпақтың қамын арқалап өтті. Артында өшпес тау мұрасын қалдырып, сол ұлттың ар-намысындай биікті барыстай күзетіп көкейімізде қалды. «Жан-жақтан торыған ажалды жолатпай Қорқыт ата қобызын күндіз-түні тебірентіп-ақ келіп еді… Әттең-ай, бір сәтке қалғып кетіп, қобыздың үні өшіп қалғанда, қасиетті бабаны жылан шағып өлтірді. Сол қобыздың шын аты – Руханият» деп өзі айтқандай, қазақ руханиятының шырақшысына айналды. Шын мәнінде өз заманының запыранын айта алған, жаза алған нағыз Халық жазушысы адалдық пен әділдіктің ақ жебесі, алтын найзасы десек һәм тұлға рухына қандай құрмет көрсетілсе де әбден лайық. Себебі ол алаш баласы үшін ешқашан да аласармайтын асқар тау. Халқыңның жүрегіндесің, қазақтың Шерағасы!

Нұржан Қадірәлі
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар