сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 4:20

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Тараз мұралары» - ұрпақ қазынасы

«Тараз мұралары» - ұрпақ қазынасы
ашық дереккөзі
«Тараз мұралары» - ұрпақ қазынасы

Тәуелсіздік - әрбір елдің аңсайтын басты арманы, негізгі мұраты. Армансыз ел, мақсатсыз халық болмайды. Сол армандаған ұлы мұратымызға жетіп, тәуелсіздіктің биік шыңында қалықтап келе жатқанымызға, міне,             30 жылдың жүзі болды. Еліміз еңсесін көтеріп, осы жылдардың ішінде экономикалық өрлеудің биік шыңдарында алға жылжып, өзінің абыройын әлем елдерінің алдында асқақтата білді. Осы жылдар ішінде жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Себебі, біз – атам заманнан еркіндік аңсаған елдің ұрпағымыз.

Ұланғайыр Қазақ даласы – сақ, үйсін, қаңлы, ғұн, ортағасырлық түркі тайпаларының қара шаңырағы әрі ұйытқысы болған жер. Осынау ұлы даланың көгінде ата-бабаларымыз мәңгілік іздерімен артындағы ұрпағына өшпес мұра тастап, сонау ғасырлар қойнауындағы мәдени мұраларымыз да бізге әртүрлі жолдармен қалдырғанына өткен тарихымыз куә. Осындай ежелгі ұлы тайпалар Қазақ даласын өздерінің отаны ете отырып, әлемдік адамзат баласының дамуында тарихи ірі мәдениеттерімен үлес қоса білді. Сол ғаламдық өркениеттің жетістігіне қосылған үлкен үлестің негізі - қазақ халқының ұрпағына берген саналы тәрбиесі мен рухани құндылықтары дер едім.

Тарих тереңінен таразылап қарасаңыз халықтың осындай әлеуметтік құлдырауынан қайта жоғары көтеріліп, серпін алуына негіз болатын себептің бірі – бай рухани мұрасы. Халқымыздың әрқашан «рухың сынбасын», «рухың биік болсын» дейтіні, салиқалы ойларының тәрбиелік мәні де осында жатса керек. Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Рухы биік ұлт қана ұлы істерді атқара алады» деп айтуы да бабалар айтқан оймен сабақтасып, елдік сананың жаңғырып, келер ұрпақ санасын, тәрбиесін өткенімізге ұлағат етуіне, бабалар құндылығын еске алуға жол көрсетуі екені сөсіз. Бұл ойды мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та күні кеше жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атта мақаласында тағы да қуаттады.

Бүгінгі заманның басты қаруы – ақпарат. Сол сан мыңдаған адам адастырар ақпарат ағынынан ақиқатын айшықтайтын – өткен тарих және оның дәйектері ғана. Сондықтан да аз ғана халқы бар қазақ елі «өркениеттер аласапыранында» жұтылып кетпес үшін дәуірлер қойнауынан тамыр тартқан тарихымызды елдің санасына, жастардың бойына сіңіре отырып, өз отанына деген махаббатын қайта оятудың қажеттілігі орасан зор. Тарихымызға, салт-дәстүрімізге, түп тамырымызға оралу арқылы ұлттық идеологиямызды бекіте түсетініміз анық.

Тәуелсіздік алған жылдарымыздың ішінде еліміздің қарқынды дамуы барысында қолға алынған игі жұмыстар аз емес. Мәселен, 2004 жылы қабылдаған «Мәдени мұра» бағдарламасының негізінде көптеген мәдени-тарихи мұраларымыз түгелденіп, дәйекті құжаттар жан-жақтан жинақталды. Әсіресе, ежелгі ескерткіштеріміз қайта қалпына келтіріліп, жаңғыртылды. Соның нәтижесінде бүгінде Жамбыл облысында көне дәуірден сыр шертетін тарихи-мәдени ескерткіштердің жалпы саны 3341-ге жетті. Оның ішінде жергілікті дәрежедегі мемлекеттік тізімге енгізілгені 713 болса, республикалық дәрежедегі мемлекеттік тізімге 25-і кіріп отыр. Онымен қоса Жамбыл облысы аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің кейбіреулерін ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік Мәдени Мұра» тізбесіне ұсыну бойынша да біршама жұмыстар атқарылды. Сол тізбеге облысымыздағы Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Шу ауданындағы Ақтөбе (Баласағұн), Т.Рұсқұлов ауданындағы Өрнек, Құлан, Байзақ ауданындағы Қостөбе қалашықтары мен Жамбыл ауданындағы Ақыртас-Сарай кешені де енгізілген болатын. «Қасиетті Қазақстан» жобасы аясында олардың ірілері «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» картасына да қосылды. Бұл – біздің бабаларымыздың тарихы терең өткелдерден келе жатқан мәдениетінің қайта жандануы еді.

Солардың бірегейі деп Талас ауданынан табылған ежелгі тас ғасырының заманына жататын «Бөріқазған», «Тәңірқазған» тұрақтарын айтуға болады. Алғашқы адамзат өркениетінің мекен еткен ошақтарының бірі, олардың пайдаланған құралдарының сан мың ғасырлар бойы сақталып, біздің облысымыздан табылуы тарихымыздың тереңнен сыр шертетінін тағы да дәлелдесе керек. Осылардың жалғасы іспетті қола дәуірі-ерте темір дәуіріне жататын, шамамен 5 мың жылдық тарихи бар Қарасай, Қамыстыбұлақ шатқалдарындағы петроглифтер, одан беріде мәдениеттің ірі орталығына айналған Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан - көне Тараз, Баласағұн, Құлан секілді қалаларымыз, сәулет өнерінің жетістіктері болған Ақыртас, Қарахан, Тектұрмас, Айша бибі сияқты архитектуралық ескерткіштеріміздің өзі әлемдік сәулет өнерлерінің озық үлгісі болып есептеледі.

2015 жылы Қазақ хандағының республикалық дәрежеде Тараз өңірінде тойлануының өзі өлкеміздің өз уақытында бабаларымыздың қасиетті де киелі мекеніне айналғанына көзімізді жеткізді. Дүркіреп өткен ұлы тойдың қарсаңында қаламызда қаншама мәдени-тарихи нысан ашылап, еліміздің пайдалануына берілді. Көне Тараз қаласының орнында археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған құрылыс нысандары мен жәдігерлер қайта қалпына келтіріліп, «Ежелгі Тараз» аспан асты археологиялық паркі ашылды. Мұның барлығы да Тәуелсіздік жылдарының жемісі екені шындық.

Соның жалғасы ретінде 2019 жылы Жамбыл облысының 80 жылдық мерейлі датасына орайластырылып Тараз қаласында ашылған «Көне Тараз» тарихи этно-мәдени кешені өлке дамуының жаңа белесіне жол бастады.

Осы мерейлі той қарасаңында Жамбыл облысының тарихы мен рухани мұраларын жинақтау, талдау-сараптау, ғылыми негіздеу, салыстыру, басылымға дайындау, жариялау бағытында жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында 2019 жылы мәдениет басқармасына қарасты «Тараз мұралары» көптомдық жинақтарын дайындау жұмысшы тобы құрылды. Ол топ тарих және әдебиет бағытында ғылыми-ізденіс жұмыстарын жүргізіп, облыстың 80 жылдық мерейтойы қарсаңына орайластырып алғашқы 80 том кітапты баспадан шығарды. Бұл - ғасырлардан ғасырларға, ұрпақтан ұрпаққа ұласып келе жатқан бай мұраларымыздың игі жалғасы болатыны сөзсіз.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер», «Архив-2025» арнайы жобалары аясында бастау алған танымдық кітаптарды басуға дайындайытын, ғылыми-жұмыстарды жүргізіп, саралайтын, оған бағам беретін бірнеше арнайы жұмысшы топтар мен ақылдастар алқалары бірлесе жұмыс атқарды. Олардың қатарында елімізге белгілі тарихшы, филолог, түрколог ғалымдар, ақын-жазушылар, тәжірибелі өлкетанушылар бар.

Алғашқы шығарылған 80 том кітап тақырыбы бойынша 9 кезеңге бөлініп (Қазақ хандығына дейінгі әдебиет, Қазақ хандығы дәуірі, «Елім-ай» кезеңі («Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама»), XIX ғасыр, XX ғасыр, Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін жылдары, Ұлы Отан соғысы жылдары, Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейінгі және 80-90 жылдардағы әдебиет, Тәуелсіздік дәуірі), Жамбыл облысының тарихи, рухани мұраларына арналған әдеби, тарихи зерттеу шығармалары баспадан шығарылды. Оның ішінде:

"Талас-Шу фольклоры" (аңыздар, батырлар, айтыстар, аңыз әңгімелер, жер, су аттарына қатысты аңыздар, салт-дәстүр жырлары, мифтер және т.б. қамтылады.), "Қазақ хандығына дейінгі әдебиет" (Баласағұн, М.Х.Дулати, Жамал Қаршы және т.б.тұлғалардың еңбектері қамтылады.), "Тараз жауһарлары" (өңірге белгілі ақын, жырау, жыршылар, би-шешендер, термешілер. Мысалы, Майкөт ақын, Сауытбек ақын, Жамбыл, Кенен және т.б.), "Жамбыл жерінің киелі, қасиетті жерлері" (Тектұрмас, Айша бибі, Қарахан, Ақыртас және т.б. киелі жерлердің тарихы, сәулет өнерінің ерекшеліктері қамтылады.), "Өңірдің ұлы тұлғалары" (Төле би, Бөлтірік шешен, Б.Момышұлы, Ш.Мұртазалар туралы ғылыми-танымдық әдеби, көпшілік материалдар беріледі), "Конфискация. Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы жылдары" (осы кезеңдегі Жамбыл өңірінен шыққан тарихи тұлғалардың ерлік істері және қазақ халқының басына түскен нәубет кезеңінің шындықтары қамтылады.), "Кеңес Одағының Батырлары мен Халық Қаһармандары" (Жамбыл өңірінен шыққан Кеңес Одағының батыры және Халық Қаһарманы атақтарына ие болған тұлғалардың өмірі мен ерліктері және кейінгі ұрпаққа тағылымдары жөніндегі материалдар беріледі), "Тәуелсіздік жылдарының тарихы" (Жамбыл облысының тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдері, экономикалық, мәдени даму кезеңдері жазылады.), жекелеген ақын-жазушылардың шығармалары енді.

«Тараз мұралары» - өлке тарихы мен әдебиетінің бай мұрасының бір арнаға тоғыстырылған жинағы. Яғни, келер ұрпаққа жинақтаған қазынамыз.

Үш мың жылдық тарихы бар халқымыздың атадан балаға қалып келе жатқан қасиетті тәрбиесі мен киелі рухани білімдерін осы көптомдық жинақ арқылы еліміздің жаһандану заманындағы жаңа ғасырдың жаңшылдық тәрбиесіне бейімдей отырып, өзіміздің түпкі тарихымызда сараланған салт-дәстүр мен қазақи тәрбиені, дала философиясы мен тек қазақта ғана кездесетін тапқырлық, шешендік секілді рухты көтеретін рухани ғылымымызды жаңғырта дамыта алатынымыз болмақ.

Мұндай халқымыздың түп тамырынан рухани азық алатын адами-мәдени қазыналар халқымызда жетерлік. Әрине, 80 том еліміз жүріп өткен тарихтың шегі емес. Сондықтан да «Тараз мұраларын» жинақтау жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын табатыны, жаңа бағытта жұмыс жүргізу жоспарланғанын да айта кеткен жөн.

 

Сауран ҚАЛИЕВ

Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану

орталығының директоры

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар