Нұр-Сұлтанда Дулат Ағаділдің 17 жастағы ұлын пышақтап кетті. Жас жігіт алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды астаналық полиция департаменті.
"10 қараша күні сағат 22:56-да "102"-ге Нұр-Сұлтан қаласының Көктал шағын ауданындағы Болашақ көшесінде жаппай төбелес басталғаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері жас жігіттердің арасында жанжалдың туындағанын, арты төбелеске ұласқанын анықтады", - дейді полицейлер.
Төбелес кезінде екі адам жарақат алды. Біреуі қоғам белсендісі болған Дулат Ағаділдің 17 жастағы ұлы – Жанболат Ағаділ болып шықты. Оны пышақтап кеткен. Жас жігіт жедел жәрдем келгенше алған жарақатынан көз жұмды.
"Осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі ("екі және одан да көп адамды өлтіру") және 293-бабының 3-бөлігі (қару қолдану арқылы адамдар тобы жасаған бұзақылық) бойынша қылмыстық істер қозғалды. Қазіргі кезде төбелеске қатысқан барлық адамдарды анықтау бойынша тергеу шаралары атқарылып, ұсталғандардан жауап алынып жатыр. Тергеу жалғасуда", - деп атап көрсетті құқық қорғаушылар.
Адам өлтіру бабы бойынша 15-20 жыл немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал бұзақылық бойынша 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Sputnik Қазақстанjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз